Сабақтың мақсаты: Білімділік мақсаты: Еңбек туралы түсініктерін кеңейту



жүктеу 59.3 Kb.
Дата08.07.2016
өлшемі59.3 Kb.
түріСабақ


Сабақтың тақырыбы:Мен еңбекқор баламын

Сабақтың мақсаты:

Білімділік мақсаты: Еңбек туралы түсініктерін кеңейту

Дамытушылық мақсаты: Еңбек ету дағдыларын дамытуға ықпал ету

Тәрбиелік мақсаты: өз сөзіне,ісіне деген жауапкершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу

Сабақтың түрі: аралас

Көрнекілігі: буклет,мазмұнды суреттер

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі.

Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

Шаттық шеңбері

Болайықшы осындай

Жақсы бала еңбекшіл

Ер азамат болады.

Қиындықты жеңіп кіл,

Құшағы гүлге толады.

Қайырмасы:

Еңбекшіл осындай,

Болайықшы досым-ай.

Таза бала мұнтаздай,

Сүйсінеді қараған,

Ұқыпты деп бұл қандай,

Жақсы көрер бар адам.

Тыныштық сәті
Көзімізді жұмамыз, көз алдарыңа өздеріңнің пойызбен саяхатқа шығатындықтарыңды елестетіңдер. Терезеден ағаш жапырақтары бізге қол бұлғап тұрғандай сыбдырлайды, күн сәулесі бізге шуағын төгіп тұр, жылы да, самал есіп тұр. Күн сәулесінің шуағы бізді аялы алақанымен сипап өткендей. Күн жоғарыдан төменге түсіп, сендерді өзінің жылы нұрына бөлейді.Қуаныш пен бақыт сендердің мейрімділікке, махаббатқа толы жүректеріңе күш берді. Ал, енді көзімізді жайменен ашамыз.

Әңгімелесу


  • Еңбек адамға не үшін қажет деп ойлайсыңдар?

  • Еңбекқор бала деп қандай баланы айта аламыз?

  • Өздерің еңбектің қай түрлерімен айналысқанды ұнатасыңдар?

  • Сендер үйде, топта үлкендерге қалай көмектесесіңдер?

Балалардың жауаптары тыңдалып төмендегідей қорытындылаймын.

Әр бала кішкентай болса да, ата-аналарына, отбасы мүшелеріне, топтағы апайларына көмектесіп, қолғабыс жасаулары керек.

Киімдерді реттеп қою, ертеңгі жаттығу жасау, тіс тазалау, ойыншықтарды жинау, гүлге су құю, ыдыстарды жинау, есіктің алдын сыпыру, т.б жұмыстар, жағымды іс-әрекеттер баланың еңбегіне жатады. Ал осының бәрін орындайтын баланы еңбекқор, тілалғыш, ұқыпты бала деп атаймыз. Адам жас кезінен еңбекқор, ұқыпты, тілалғыш болса, ондай балаларды бәрі жақсы көреді, сыйлайды, үлкендердің батасына ие болып, алғысқа бөленеді. Еңбекке адам жас кезінен ұмтылғаны абзал.

Тақтадағы суреттерге қарап, еңбектің түрлерін анықтаңдар.









Еңбексіз өмір – сүреңсіз

(Мысал әңгіме)

Қара пышақ дүкеннен шығып, ас үйге келген соң тыным таппады. Нан турады, пияз аршыды, әйтеуір тамақ дайындалып, ас қамдалса, қолдан түспейтін болды. Ол жалқау еді. Бала кезіндегі «шалқайып жатсам» деген арманы есіне түсіп, жылап та алатын.

Бір күні Қара пышақ ауыр еңбектен құтылудың оңай жолын тапты. Иесінің көзін ала беріп, еденнің жырығына қойды да кетті. «Болды, деді ол қуанып. Енді еңбекті желкемнің шұқыры көрсін! ...».

Ай өтті, жыл өтті. Қара пышақ орнынан қозғалған жоқ. Оның қайда жатқанын ешкім білмейтін еді.

Бір күні:


      • Әй, туысқан, – деген дауысқа елең етіп қараса, еденнің жарығынан жылтылдаған көз сығалап қарап тұр екен. Бірден таныды, баяғы өзімен бірге жасалған Сары пышақ. Өзі өте көңілді, жүзі жарқ-жұрқ етеді. Сұлуланып кетіпті.

– Төмен секір, – деді Қара пышақ, – бірге жатайық. Бізді ешкім білмейді.

      • Ол жерде не бар?

      • Жатамыз, ұйықтаймыз, демаламыз. Ой, қандай рақат!

      • Ал жұмысты кім істейді?

      • Жұмыс бізсіз де істеледі.

      • Рақмет! – деді Сары пышақ. – Еңбектен қашқанша, тер төгіп өлгенім артық. Еңбексіз өмір – сүреңсіз. Өзің-ақ жата бер, рақатыңа бата бер.

Қара пышақ орнынан тұрайын деп еді, тұра алмады. Өне бойын тот басқан. Барлық жері сынып бара жатқандай сезінді.

  • Мысал әңгімедегі Қара пышақ қандай адамға ұқсайды?

  • Сары пышақтың қандай ісі сендерге ұнады?

  • «Еңбексіз өмір – сүреңсіз» дегенді өздерің қалай түсінесіңдер

Ойын. «Мен еңбекқор баламын».

Балалар дөңгелене тұрып, ойын бастаушы допты бір балаға лақтырады. Допты қағып алған бала үйде не істейтіні жайлы айтып, допты басқа балаға лақтырады.

  • Мен ойыншықтарымды жинаймын.

  • Мен гүлдерге су құямын.

  • Мен киімдерімді реттеймін.

  • Мен есіктің алдын сыпырамын.

  • Мен ыдыстарды жуамын.

  • Мен үйді реттеймін.

  • Мен еден жуамын, т.б.

Шығармашылық жұмыс «Еңбек ер атандырады».

Балалармен үйлерінен әкелген заттарды қарап, ата-аналарының, отбасы мүшелерінің қандай және қайда жұмыс істейтіндіктері жайлы әңгімелесу.

Балалар алғыс хаттар, құрмет грамоталар, медальдар мен ордендер ата-аналарына не үшін берілгені туралы айтып, сол заттардан газет жасап, «Еңбек ер атандырады» атты көрме ұйымдастыру.

Дәйексөз

Балаларға «Еңбек ер атандырады» деген халық мақалын бүгінгі сабақтың дәйексөзі ретінде түсіндіру.

Адамды жақсы оқығаны, спорт жетістіктері, сіңірген еңбегіне қарай ел бағалайды. Еңбек-адамның атақ-даңқын шығарады. Бүкіл елге танымал етеді. Еңбек еткен адам елдің алғысына бөленеді. Еңбектенген адам жеңісті, қуанышты болады. Еңбектенген адамды бәрі жақсы көреді, сыйлайды, құрметтейді. Сондықтан халық «Еңбек ер атандырады» деп айтады.

Сергіту сәті

Өлең мазмұнына сәйкес қимыл-қозғалыстар жасалады.

Мынау – менің жүрегім,

Бәрі осыдан басталған.

Мынау – басым ақылды,

Бәрін осы атқарған.

Мынау – менің оң қолым,

Мынау – менің сол қолым,

Барлық істі атқарған.





Ғажайып сөздер

  • Жақсы бала еңбекқор, тілалғыш, ұқыпты.

  • Еңбек адамға қуаныш сыйлайды, жақсы еңбегі үшін ел бағалайды.

ҮІ. Қорытынды бөлім.

-Балалар, біз бүгінгі сабағымызда ата-анамыздың айтқанын тыңдап, бұлжытпай орындап, тілалғыш, ұқыпты, еңбексүйгіш бала болуды үйрендік. Еңбек етудің қуаныш екенін, еңбектің бізді бірлікке, достыққа, жақсылыққа жетелейтінін білдік.



Тыныштық сәті
Ыңғайланып отырыңыздар, көздеріңізді жұмыңыздар. 
Әрқайсымыз он қолымызбен жүрегімізді ұстап көрейік. Өз жүрегіміздің жылылығын сезініп, жүрек жылуымызды адамдарға, айналамызға жеткізу үшін іштей оларға жақсы тілектер тілейік. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық! Бүгінгі сабақтан алған әсерлеріңізді жүректеріңізге түйіп алыңыздар.Рахмет! Көздеріңді ашуға болады. Сабағымыз аяқталды.Сабаққа ынталарыңызбен қатысқандарыңызға рахмет!


Жүректен жүрекке

Балалар шеңбер бойына тұрып Н.Жанаевтың «Еңбек» өлеңін бірге қайталайды.

Гүл өсірсең терлеп,

Мұның аты – еңбек.

Кесте тіксең зерлеп,

Мұның аты – еңбек.

Қырға шықсаң өрлеп,

Мұның аты – еңбек.

Сабағыңа жөндеп

Әзірленсең – еңбек.

Қиындықтың бәрін

Еңбек қана жеңбе

Мариновка қазақ орта мектебі



Ашық сабақ

Пәні: Өзін-өзі тану
Тақырыбы: Мен еңбекқор баламын
Өткізген: Алпамыс Ұлболсын

(даярлық топ тәрбиешісі)




2015-2016 оқу жылы



©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет