СамұРЫҚ бейнесі



жүктеу 118.1 Kb.
Дата01.07.2016
өлшемі118.1 Kb.
САМҰРЫҚ БЕЙНЕСІ
Түркі мифологиясындағы басты зооморфты кейіпкерлерінің бірі ретінде алып қарақұсты алуға болады. Қазақ фольклорында оны бірде алып қарақұс деп атаса, енді бірінде оны самұрық деп атайды.

Бұл мифтік бейненің атауының шығу тегі туралы ғалымдардың пікірі сан алуан. Зерттеуші П.Т.Әуесбаева «Ертегі поэтикасындағы Самұрық образы» атты мақаласында: «Зымырық құстың түркі халықтарындағы атауы да алуан түрлі: Самұрық, Симыр, Семір, Синамарка, Замурак, Зюмород, Зумрад, Алып-Қарақұс. Парсы тілінде «Семиург- отыз құс» деген мағына береді. Көне түркі тіліндегі [1; с. 295] «Semirgyr otti qys» деген сөздің мағынасы Авестадағы көк тәңір иесі әлемдік таңғажайып жақсылық образындағы мазмұнмен сәйкес. Ол кейінгі «бақыт құсы» деген ұғымдарға ауысқан, - дей келіп, «Бұл образдың дүниежүзілік фольклорда кездесетіндігіне, көне үнді мифологиясындағы қасиетті құс Гарудамен, шығыс славяндарындағы Ногай немесе Нағай атты құспен көп ұқсастықтарының бар екендігіне тоқталады.

Қазақ фольклорындағы қай шығарманы алмайық, алып қарақұс алып бәйтеректің басын мекендейді.

Ғалым С.Қондыбай бұл бейне туралы мынадай анықтама береді:

Жылан мен Қарақұс дуалистік образдар. Олар бәйтеректің екі бөлігінде тұратын мәңгі жауласушылар, олардың тепе-теңдігін қалпына келтіруші адам.

Дуалистік қарақұс пен жылан бір-біріне жау болғанымен бір дүниенің, бір образдың ажыратылған екі жағы болып табылады. Көне түркілік «кер ютпа» (Кер жұтпа немесе Қара жұтпа) мифтік образы екіге бөлініп, «кер илан» (кер кер жылан – қара жылан және кер құс – қара құс) деп көрсетілген. Яғни, олардың ежелгі мифтік образы құс пен жылан бейнесін ұштастырған құбыжық пішінді болған деп шамалаймыз.

Алып қарақұс – медиатор, үш дүниені жалғастырушы. Ол батырды жер астына, аспанға шығара алады. Үш дүниеге қатынайтын іс жүзіндегі «аспан көлігі» болып табылады.

Фольклорлық туындыларға көз сала отырып, осы самұрық немесе алып қара құстың бірнеше сипатын ашып беруге болады:

Бірінші сипаты – құстың екпінінде. Қай шығармада болмасын, самұрық ұясына қайтып келе жатқанда алдымен қатты дауыл тұрып, дауылдың артынан бұршақ аралас жаңбыр жауады, жаңбырмен қабат суылдаған дауыс естіледі. Ертегіде дауылды алып құстың қанатынан тұрған жел, жаңбыр – балапандарын жоқтап жылаған құстың көзінің жасы деп түсіндіреді.

Көз жасы нөсер жауынды, қанатының екпіні ұйтқыған желді елестеткен құстың денесі де, салмағы да оңай болмасы анық.

Осы жерде құстың екінші сипаты – оның салмағы байқалады. Дәу қара құс суылдаған бетімен бәйтереке келіп қонғанда, бәйтерек майысып, сынып қала жаздайды.

Самұрықтың сипатындағы үшінші ерекшелік – оның дене тұрпатының алыптығында. Ертегіде: Бұл дәу қара құс – самұрық екен. Самұрықтың үлкендігі сондай, жайып жібергенде бір қанатының өзі бір айлық жерді алып кетеді екен, - деп суреттеледі.

«Ер Төстік» ертегісінде: Самұрықтың екі басы бар екен: бір басы – адамдікіндей, бір басы – құстыкіндей екен. Самұрықтың адам басы Төстікке тіл қатады, - деген үзіндіден самұрық бейнесін анығырақ елестетуге болады.

Қазақ ертегілерінде самұрықтың бір басы адамдікіндей деп сипатталып, адам кейпіндегі басы ертегінің қаһарманымен сөйлеседі. Ертегі «самұрықтың бір басы адамдікіндей» деген сипаттамамен ғана шектелгенімен біз оны ана сипатында деп нақтылағымыз келеді. Бұл пікірге біз самұрық бейнесіне типологиялық талдау жасау арқылы келдік.

«Қисса Қаһарман» діни дастанында (1888, Қазан) дию, перілер, Самұрық құс, үлкен жайын балық, су астын мекен ететін жетпіс басты жалмауыз, айдаһар сияқты ертегілік кейіпкерлер бар. Батырлық жырлардың кейіпкері сияқты, Қаһарман жаумен жалғыз шайқасады. Ол үш әлемді еркін аралайды, үш әлемде жүріп ерлік көрсетеді: шамандық нанымдағы үш әлемді байланыстырып тұрған әлемдік ағаш – құрма ағашын мекендейтін Самұрық құсқа мініп, Қап тауынан асып ұшады. Самұрық туралы дінге кірген жеті диюден естіген Қаһарман құрма ағашындағы ұядағы Самұрықтың үш балапанын жыл сайын жеп кететін айдаһарды Қап тауына ұрып өлтіреді. Бірақ та ертегі мен батырлық жырларда Самұрық көбіне алып бәйтерекке ұя салатын болса, бұл дастанда ол мұсылман дүниесі үшін қасиетті саналатын құрма ағашын мекендейді.

– Бар,– деді, – мына жерде Самұрық құс,

Сіз барып Самұрықпенен болыңыз дос.

Самұрық өзі мықты, өзі ұшқыр,

Тау басынан келеді ертелі-кеш.

Сондай-ақ, «Бөген батыр» жырында Самұрық құсы былайша көрініс табады:

Жаңбырлатып, шықтатып,

Тау қабақтай домалап,

Тас бұршақтай жапалап,

Алыстан жерді қуырып

Самұрық құс келеді.

Келе салып самұрық

Баланы жұтпақ болады.

Үш бірдей балапан:

– Айналайын, анеке,

Ойбай жұтпа, – деп, – баланы,

Алқымынан алады.

Олай болса, балам – деп,

Көтінен саңқып тастайды.

Бұл саңқып тастағаннан кейін, Самұрық: – Неге жұтпа деп айттыңыз? – деп сұрайды. – Өлтірме деп айтқанымыз, бұл адам біздің дұшпанымыз – екі айдаһарды өлтірді, – дейді. Сондықтан өлтірме деп айтқанымыз, – дейді. Заты хайуан ғой, солай болса да адам қадірін біліп, өзінше сыйлық көрсетті» (Бабалар сөзі, 46-том). Самұрық құстың көмегі мотиві, сондай-ақ, «Шынтемірұлы Төрехан», «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай» ертегілерінде кездеседі.

«Шыңырау» күй аңызында: «Бұрын осы дүниеде бір үлкен көл болған екен. Оның ар жақ-бер жағы көз жеткісіз, әрі түпсіз шыңырау екен. Сондықтан жұрт оны «Шыңырау көлі» деп атасып кетеді екен.

Осы көлден күзде жылы үйекке қайтатын Самұрық деген алып құстың өзі әзер ұшып өткенде балапандарын алып өтуге дәрмені жоқ самұрықтың зары төрт әуенмен шертілетін күй болған» (Бабалар сөзі, 84-том).

Ықыластың «Шыңырау» күйінің шығуына ел ішінде айтылатын аңыз әңгіме себепші болса керек. Сол аңыз әңгіменің бір нұсқасы былай айтылады.

Ертеде қанаты туырлықтай Шыңырау деген самұрық құс болыпты. Шыңырау адам аяғы жете бермейтін жапан түзде өсіп тұрған алып бәйтерекке ұя салады екен. Сол ұясында жұмыртқа басып, екі жылда бір рет жалқы балапан шығарып жүреді. Балапаны қара қанат болып, жетіле бастағанда төңіректің аң-құсы жанынан безіп жоғалып кетеді екен де, самұрық құс қомағай балапанына айшылық алыс жерлерден шеңгелдеп жем тасиды екен. Бірақ, амал қанша, айшылық алыс жерлерден таңын созып, топшысын талдырып, өліп-өшіп жеткенде балапаны ылғи ұяда жоқ болып шығады. Сөйтсе, сол төңіректі мекен еткен бір әбжылан Шыңырау жем іздеп кетісімен бәйтерекке өрмелеп шығып, балапанды лебімен тартып, жұтып кетіп жүріпті.

Осы оқиға жыл сайын қайталана беріпті. Содан, Шыңырау әбден зәрезап болып, қасірет шегіп, қиян шеттен жем алып келе жатып, бауыр етіндей балапанын ойлағанда ағыл-тегіл жылайды екен. Сонда, Шыңыраудың көз жасы жерге нөсер жаңбыр болып құйылады дейді. Енді бірде, туырлықтай қос қанатын құшырлана серпіп, балапанына жетуге асығып ұшады екен. Ондайда, жер бетінде жойқын дауыл тұрып, жел екіленіп, екпіндей соғады дейді.

Күндердің күнінде Шыңыраудың топшысы ағарып қартаяды. Бұл өмірден енді ұрпақсыз өтем-ау деп, уайымдап жүргенде тағы да бір жұмыртқа көріп, балапан басып шығарады. Кешікпей-ақ, балапаны басы бақырдай қара қанат құс болып, өсіп жетіледі. Көзіне көрінгенді алмап-жалмап, қақшып жұтып, төңіректің ұсақ-түйек аң-құсына тоймайтын болады. Сол кезде Шыңырау жалғыз балапанына жем іздеп, қинала-қинала тағы да алыс сапарға ұшып кетеді.

Сол заманда елдің шетінде, желдің өтінде, жаудың бетінде жүріп, ел-жұртына қорған болған Айдос атты бір батыр болады екен. Бірде, Айдос батыр жол жүріп келе жатып, мидай далада елді торыған жаумен соғысып жүріп елсіз-күнсіз қиян шөлге шығып кетеді. Ай жүріп, апта жүріп, астындағы аты шөлге шыдамай ұшып өледі. Сонда Айдос батырдың өзегі талып, көзі қарауытып келе жатса мидай далада бір алып бәйтерек өсіп тұр дейді. Сол жерде батыр бәйтеректің көлеңкесін саялап, дем алуға тізе бүгеді. Дем алып отырса, бәйтеректің ұшар басынан шырылдаған балапан дауысы естіледі. «Бұл неғылған балапан?» деп қараса, бәйтеректі бірнеше сақина етіп ораған бір әбжылан ұядағы балапанды арбап, жұтуға оқталып тұрғанын көреді. Сол жерде, Айдос батыр селебесін қынынан суырып, әбжыланның басын шауып тастайды. Балапан болса, адамша сөйлеп, Айдос батырға алғысын айтады, жай-жапсарын түсіндіреді.

Осы кезде, аяқ астынан дауыл тұрып, алып бәйтеректі сықырлата ырғайды. Бұған балапан қуанып, Айдос батырға бұл дауыл шешесі Шыңыраудың қанатынан ескен желдің екпіні екенін айтады. Әлден уақытта шүмектеп жаңбыр жауады. Балапан одан сайын қуанып, мына жаңбыр жақындап қалған шешесінің көз жасы екенін айтады. Сонан соң Айдос батырға: «Менің шешем алыс жолдан шаршап, уайым шегіп, ашуланып келе жатыр ғой. Келген бетте көзіне түссең жазым етуі мүмкін. Ашуын басқанша менің қанатымның астына жасырына тұр», – дейді. Айдос батыр балапанның айтқанын істейді.

Айтқанындай, кешікпей-ақ самұрық құс та жетеді. Сықырлатып ағаш басына қонады. Балапанының амандығын көріп шексіз қуанышқа бөленеді. Бауырына қысып мауқын басады. Сол кезде ғана секем алып, балапанынан: «Адам иісі шығады ғой!» – деп сұрайды.

Балапан шындықты жасырмай, болған оқиғаны бастан-аяқ айтып береді. Сонда самұрық құс балапанының қанатын көтеріп: «Ей, адам баласы, аспан астында менен күшті жоқ қой деуші едім. Қателеседі екенмін. Жер бетінде сенен ақылды, сенен күшті, сенен бақытты тіршілік иесі жоқ екен. Құдіретіңе құлдық, қолымнан келген жақсылығымды аямайын, қалауыңды айт», – дейді. Айдос батыр шөл далаға ұрынып, еліне жете алмай келе жатқанын айтады. Содан, самұрық құс Айдос батырды қанатына отырғызып алып, әп-сәтте еліне жеткізіп салған екен дейді (Бабалар сөзі, 84-том).

Самұрықты кейде қазақтар зымырық деп те атаған. Сонымен бірге адамның қалағанын болдыратын мифтік сиқырлы тасты зымырық тас деп атаған. Ал қырғыздар мен түрікмендер де самұрықты зымырық деп атай береді.



Самұрық құс ирандық мифологияда көреген құс Симург түрінде сомдалса, Телеуіт аңызында оны тырнағы мыстан жасалған алып құс, ал «Ырық бітігте» қанаты алтын алып құс деп бейнеленеді. Иран мифологиясындағы Симург тағдырды басқарып, емдік қабілетке ие болады.

Қазақ фольклорындағы самұрық құстың атқаратын қызметі мен ерекше қасиеттері ежелгі мысыр елінің мифтік кейіпкері Феникс бейнесімен астасып жатыр. Ежелгі Египетте Феникс атты алтын қанатты құс өмір сүріпті деседі. Аңыздағы мәңгі өмір сүретін құс бес ғасыр жасайды екен. Және ұзақ өмірінің соңында Феникс Күн пірі Ра ғибадатханасына келіп қонады. Көпшілік құсқа сый-сыяпат жасап, құрмет көрсетеді. Рәсім соңында оны өртейді. Үш күннен кейін Феникс күлінен қайта түрленіп, тіріліп шығады.

Зороастралық мифологиядағы Самұрық - барлық құстардың патшасы. Ол әйел кеуделі алып бүркіт немесе арыстан басты жыртқыш құс кейпінде бейнеленген.

Ал қазақ фольклорындағы самұрық ұябасар, аналық құс. Оның ұясындағы шырылдаған балапандарын төменгі дүниенің айдаһар сипатындағы ажалынан ортаңғы дүниенің адам сипатты иесі аман алып қалады. Ал самұрық – аналық аспан әлемі-аруақтар мекенін, жер беті-пенделер мекенін, жер асты-қараңғы сиқыр әлемін еркін шарлап, мәңгілік өмір сүргенімен, балапандарын айдаһардан арашалап алуға дәрменсіз. Оның дәрменсіздігі жеке басына қатысты дәрменсіздік емес, уақыт алдындағы дәрменсіздік. Мәңгілік бейне бола тұра самұрық та кеңістік пен уақытқа тәуелді. Балапандарын басып шығарған аналық құс сол балапандарына тіршілік нәрін сыйлау үшін алыс сапарға аттануға мәжбүр. Сол сапардан қаншама асығып оралғанымен ажал-айдаһардың балапандарын жұтатын сәтіне дөп келе алмайды. Өйткені, қай әлемге болмасын еркін ұшып бара алатын самұрықтың таланына бұл уақыт аралығын қиып өтуді жазбаған. Балапандарына бөлінген өлшеулі уақыт таусылған сәтте басқа кеңістікте жүрген самұрық оларға жете алмайды. Бірақ, осы жерде самұрыққа жәрдемші ретінде адам сахна төріне шығады. Ол айдаһарды өлтіріп, балапандарды ажалдан аман сақтап қалады. Нәтижесінде самұрық құс адамның мақсатына жетуіне жәрдемдеседі. Бұл сюжеттен халқымыздың тіршілік туралы танымы көрінеді. Дөңгеленген тірлікте бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Жандының да, жансыздың да жүктелген қызметі, өзіндік қасиеті бар. Олар Жаратушы иенің әу бастағы жоспары бойынша әрекет етпек. Сөзіміз дәлелді болу үшін ертегі мәтініне үңілейік:

Үлкен жалғыз түп бәйтерекке келіп саясында демалып отыр еді: «Әй, адамзат, бізді өлімнен құтқар, құтқар!» - деп шырылдаған самұрық құстың балапандарының даусын естіді. Хасан: «Бұл мүсәпірлерге не болды?» - деп қарап еді, бір үлкен айдаһар жылан балапандарды жұтуға әзірленіп, бәйтеректің басына қарай жылжып өрмелеп бара жатыр екен. Хасан көп ойланбай, дереу қынаптағы қылышын суырып алып айдаһарды бірнеше жерден шауып өлтірді. Самұрық құстың балапандары өлімнен аман- есен құтылғанын біліп, Хасанға көп рақмет айтты, ашығып отырған балапандар айдаһардың етін жеп тойып алды. Дәл осы кезде қатты жел тұрып, нөсер жаңбыр жауды. Хасан балапандардан сұрады: «Бұл не қылған жел, не деген нөсер жаңбыр?» - деп. Балапандар айтты: «Бұл жел емес, біздің анамыздың қанатының лебі, ал жаңбыр дегеніміз - біздің анамыздың көз жасы. Біздің анамыз жылда осы бәйтеректің басына жұмыртқалып, балапан басып шығарады екен. Анамыз балапандарына тамақ іздеп кеткенде, жаңағы сіз өлтірген айдаһар інінен шығып, біздің анамыздың басып шығарған балапандарын жеп қояды екен, біздің анамыз келгенше қайтып ініне тығылып қалады екен. Қазір біздің анамыз аң аулап қайтып келе жатыр, біздерді тірі көремін бе, әлде айдаһар жеп қойды ма деп жылап келе жатыр. Міне, ол жаңбыр емес, біздің анамыздың көз жасы», - деді. - Біздің анамыз, - деді балапандар, - адамзаттың етіне сондай құмар. Сізді көрсе дереу жұтып жіберуі мүмкін, сондықтан сіз біздің қанатымыздың астына жасырына тұрыңыз, - деді. Хасан балапандардың қанатының астына жасырынды. Бір мезгілден кейін самұрық құс келіп бәйтеректің басына қонды. Самұрық құстың салмағынан бәйтерек иіліп жерге тиді. Балапандарының тамағына көп бұғы, киік, тағы басқа аңдарды алып келіп үйіп тастады. Балапандарының тірі екенін көріп көз жасы тыйылып, қуанып кетті. Дәл осы кезде жадырап күн де шығып, катты жел де тыйылды. Бір кезде самұрық құс тамсанып жан-жағына қарай берді: «Адамзаттың иісі шығады, сендер көрген жоқсыңдар ма?» - деді. Балапандар айтты: «Егер сіз бір касық қанын кешсеңіз, біз адамзатты көрсетелік», - деді. Самұрық «мақұл» дегендей бас изеді, балапандар қанатының астындағы Хасанды көрсетіп еді, самұрық Хасанды жұтып жібере жаздады. Балапандар шыр-шыр етіп, анасының тамағынан ұстай алды.

Қазақ фольклорында алып құс балапандарына көмектескен ертегі кейіпкерін жұтып жіберуге ұмтылады. Балапандары шырылдап, оның көмекейін тістелеп, жұтуына кедергі жасайды. Кейіпкерді қайта құсқанда бас қаһарманның бойына ерекше қуат бітіп, өмірге қайта келгендей болады. Мұның өзі самұрықтың жасампаздық қасиетін көрсетеді.

Алып қарақұс өзінің неліктен қаһарманды жұтпақ болуының себебін былайша түсіндіреді: Құйын батырға «сені жұтқанда, саған мың кісілік қасиет беретін еді» десе, Аюдәуге «адамзат баласының артығы етіп шығаратын едім» дейді, ал «Ханшентай» ертегісінде ол аяқ-қолынан айрылған үш батырды жұтып, бұрынғы дене мүшесі түгел болған қалыптарына түсіріп береді.

Көп ертегілерде самұрық қайта құсқанда қолы жоққа кол бітеді, көзі жоқтың шырағы жанады. Сөзіміз дәлелді болу үшін ертегі мәтініне үңілейік:



«Ханшентайға: «Маған сен көп жақсылық қылдың, қартаймасам, сені жер жүзіне шығарар едім. Маған осы үш баланы сен бердің. Сенің хақыңды бұл дүниеде өтей алман. Сен маған құлан менен бұланнан алпыс айғыр алып кел. Мені жемде. Сонымен мен сені алып ұшып көрейін. Ханшентай мылтығын мойнына салып, ертеменен жүгіріп кетті. Құлан мен бұланның алпыс айғырын алып келді. Қарақұс соның отызын жеді, отызын артып, Ханшентайды мінгізіп алып жүрді. Бағанағы қатынын тастаған жерге келді. Үстіне сол малын, жанын артады. Бәрін де артып алып, ұшады көкке қарап. «Былай қарағанымда, бір айғырдың етін сал аузыма, былай қарағанымда, екі айғырдың етін сал аузыма», – дейді. Ханшентай айтқанын қылды, былай қарағанда, бір айғырдың етін аузына салды, былай қарағанда, екі айғырдың етін аузына салды. Алып ұшып жүргенде, бір күншілік қалғанда, айғырдың еті таусылады. Ханшентай сасқанынан қоң етін кесіп алып, аузына тастай береді, адам етінің күшіменен Қара құс жер жүзіне жетіп келді. Алып келсе, бұрынғы тастап кеткен үш алып боғын жеп, сідігін ішіп, киімінің жамауын пісіріп, етігінің қонышын пісіріп жеген екен. Сол күнде жамбасы таусылған екен, сол күнде келмесе, үшеуі де өледі екен. Қарақұс айтты: «Бұл не қылған адам?» – деді. Ханшентай айтты: «Бұл үш кісі - менің жолдасым»,– деді. Қара құс айтты: «Жақсылыққа жақсылық», – деп үшеуін үш асап, үш тастады, үшеуі үйден шыққан қалыбына түседі. Қара құс айтты: «Е, Ханшентай, баяғы маған адам етін бердің, бұл өзіңнің қоң етің болған, ал»,– деп, етін қайтып құсып тастайды. «Бұл етті қоңыңа жапсыр», – дейді. Ханшентай жапсырды. Бұрынғы қалыбына түсті. Қара құс: «Енді қош, есен бол», – деп қайтып кетті» 7. 226-б.

«Уикипедия» ашық энциклопедиясында: «Самұрық - қазақ мифологиясындағы екі дүние арасындағы дәнекер болатын, қыран тәрізді алып құс. Самұрық құсы әлемдік ағаштың шыңында тұрады. Аңыз бойынша Самұрық өлгенімен, қайта тіріле алады.Өлгенде де, тірілгенде де от болып жанады. Самұрық құсы адамша сөйлесіп, аңыздың негізгі кейіпкеріне өз рахметін айтады. Ұшқанда күннің бетін көлегейлей ынтымаққа бастайтын алып құс; қуаныштан шаттанып күлгенде аузынан будақ-будақ төгіліп аппақ гүлдер түсетін ғажайып құс; мұңая тұрып жылағанда жасаураған көзінен мөлдіреп моншақ-моншақ маржан төгiлетін ғаламатқа бергісіз құс.

Қазақ даласында 80 миллион жыл бұрын өмір сүрген Самұрық құстың қаңқасы табылды. Ғалымдар алыптығымен ерекшеленген құсқа «Samrukia nessovi» деген атау берді. Әзірге Ұлыбританияның Портсмут университетінің профессоры, доктор Даррен биіктігі 2-3 метрлік, салмағы 50 келіден асатын, қанатының ұзындығы 8 метрге жететін айрықша құс деп өзіндік жорамал ұсынды. «Samrukia nessovi» қаңқасы Азияда бірінші рет табылып отыр, мұндай жағдай әлемде екінші екен, өйткені, 1995 жылы француз жерінен кездескен дәл осы Бор дәуіріне жататын құс омыртқасының сүйегі ғылыми-көпшілік басылымдарда талқыға түскен. Енді ұлы дала төсінен табылған Самұрық құстың жұмбақтау қаңқасы ғылым үшін берер өзгеше жаңалығымен ерекшеленеді дер едік, - деген мәлімет бар.

Әрине, бұл мәлімет жан-жақты зерттеуді, ғылыми негіздеуді талап етеді.



Қорыта айтқанда, самұрық – біріне аналық сипат тән, екіншісі құс сипатындағы екі басы бар, бір қанатын жайғанда бір айшылық жерге жететін, қанатының екпінінен жел соғып, көз жасы жерге жауын болып құйылатын, жауына сұсты, жүйрік, қайратты, сиқырлы алып құс.


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет