Сәуле тапанова



жүктеу 80.28 Kb.
Дата07.07.2016
өлшемі80.28 Kb.
Сәуле ТАПАНОВА,

Эльмира ХАМИТОВА
АЛҒАШҚЫ ҰЛТТЫҚ БАСПАСӨЗДЕРДЕ ӘЙЕЛ ТЕҢДІГІ ТАҚЫРЫБЫНЫҢ КӨТЕРІЛУІ
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ескі өміріндегі жағымсыз әдеттердің құрбаны болған әйелдердің аянышты тағдырына жоқшы болып, бұл кесапаттың тамырына балта шабар кездің таяу қалғанын халқымыздың сол кездегі ақындары батыл жырлап, махаббат еркіндігін, әйел теңдігін тілге тиек етті.

Қазақтың тұңғыш ғалымы, ағартушы Шоқан Уәлиханов қазақ қыздарының теңсіздігін үлкен әлеуметтік мәселе деп танып, ол туралы батыл түрде өзінің пікірін білдірді. «Қазақта қыздарын тым жас кезінде және олардың ықтиярынсыз күйеуге беру сияқты жаман әдет бар»[1.143-б.] екендігін айта отырып, осы іске ел басқарушылар, патша әкімдері араласып, белгілі бір заң шығарса, жасы жетпеген ұлдар мен қыздарды дін жолымен зорлап қосуға тиым салынса деген пікірлерін білдіреді. Бұл – сол кездегі қоғамдық құбылыстың сырын түсінген батыл ой.

Шоқан пікірін Ыбырай Алтынсарин жаңғырта, жаңарта түсті. Ол қазақ топырағында қазақ қыздары үшін арнаулы оқу орнын ашып, игі істің бастамасын жасады. Олар өнер-білімге жетелесе, өз бас бостандығын өзі қамтамасыз етеді деген ағартушы-демократтың идеясын басым ұстады.

Әйел теңдігі тақырыбы Абай өлеңдерінде кең қамтылып, жалпы адамгершілік идеясымен қабысты. Ол қазақ қызының теңсіздікті басынан кешіріп, теңіне қосыла алмай келген ауыр халіне күйінішін білдіріп, осыған наразылық белгісі ретінде аянышты сезімге толы өлеңдерін арнады. «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында»- деп басталатын өлеңінде ескі салт бойынша қалың малға қартаң жастағы ханға тоқалдыққа беріліп, жас өмірі қор болған қазақ қызының аянышты халін суреттейді. Қанша байлық пен сән-салтанатта жүрсе де, хан сыйлаған алтын-күміс алқаға алданбай, өз ары мен намысын жоғары ұстаған қыздың әділетсіздік пен зорлық атаулыға наразылығын жақтап, қорлықта жүргеннен гөрі өлгенді жөн көрген қыз шешімін қолдайды.

Абайдың ақын шәкірттері мен оның әдеби дәстүрін жалғастырушы ақын-жазушылар ұлы ақынның әйел теңдігі мәселесіндегі адамгершілік қағидаларын насихаттап, өз шығармаларында осы мәселені ілгері дамытты, жаңа әдебиет мұраттарымен сабақтастырды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ақындардың әйел тақырыбындағы өлеңдері ағартушылық сипатта болса, ХХ ғасыр басындағы әдебиеттегі әйел теңдігі үшін күрес әуені басты сарындардың біріне айналып, әйел образы прозалық шығармалардың негізгі кейіпкері болды.

ХХ ғасырдың бас кезі – қазақ әдебиеті тарихында жиырма жылға жетер жетпес мерзімді қамтитын қысқа да күрделі кезең. Бұл кезде қазақ даласында шаруашылық пен экономиканың біраз өсіп, теміржол мен сауданың дами түсуі, оқу-ағарту ісінің ілгері басуы, ұлттық баспасөздің көбейіп, баспа ісінің жандануы қоғам өміріне біршама қозғалыс әкелді де, мұның барлығы халықтың рухани өміріне игі ықпал етті.

Дәуірдің ұлт-азаттық қозғалысы ағартушылық-демократтық бағыттағы қазақ әдебиетіне бостандық идеясы мен ұранын әкелді. Бостандық мұраттары, біріншіден, қараңғылық пен надандық құрығынан бүкіл халық болып құтылу, азаттыққа қол жеткізу идеясы арқылы айқындалса, екіншіден, жеке адамның бас бостандығы үшін күресінен сезіледі. Ал жеке адам үшін күрес қоғамның осыған дейінгі бас еркі жоқ болып, теңсіздікте келген мүшесі – қазақ қызының тағдыры төңірегінде дамыды. Қазақ халқы өмірінде үлкен дертке айналып, шарықтау шегіне жеткен әйел теңдігі мәселесі сол кездегі ақын, жазушылардың шығармасының басты проблемасына айналды. Әйел образы, әйел теңдігі тақырыбы арқылы қазақ әдебиетіне адамдық ар үшін жеке адамның бас бостандығы үшін күресу тақырыбы келді.

Оянып, қозғалысқа келген бұратана ұлттар, олардың оқығандары өз тілдерінде түрлі кітаптар, газет, журналдар шығаруға, мәдени-ағарту мекемелерін, халық театрларын құруға кірісті. Олар мұның бәрін: ұйықтап қалыппыз, қатардан көп кейін қалыппыз. Енді ұмтылайық, ілгері кеткендерді тез қуып жетейік деген ниетпен, ұранмен асығып,тездетіп жасады.

Сөйтіп, ХХ ғасыр басында, 1905 жыл төңкерісінен кейін қазақ арасында көптеген мектеп, медреселер ашылып, қазақ тілінде кітаптар, газет-журналдар шыға бастады. Атап айтқанда: 1907 жылы Хажы Ыбрайымовтың редакторлығымен Петербургте татар тілінде шығып тұрған «Үлфат» газетінің қосымшасы болып «Серке» газетінің шығуы. Өмірі өте қысқа болған газеттің жабылу себебін былай түсіндіреді: «Серке» газетіндегі кейбір мақалаларда қазақ халқын орыс халқына қарсы үгіттеу бар. Содан ұсталды деп жауап берді»[2.16-б.] дейді. Газет либералдық-бурзуазиялық бағытта болды. Одан кейін сол жылы Тройцкі қаласында бір ғана саны шығып, тоқтап қалған «Қазақ ғазиты». Ресми мекемелердің адамдары шығарған (шығарушысы Хайм Шумлих Сосновский, бастырушылар Жетпісбай Андреев, Ешмухамбет Иманбаев) жартылай ресми газет еді.

1911 жылы 16 марттан бастап Ордада екі тілде, 6 бет болып «Қазақстан» газеті шықты. Алдындағы газеттермен салыстырғанда «Қазақстан» газеті осы жылы өзінің 4 санын шығарып, бұл да тоқтады. Араға екі жыл салып, Елеусін Бұйриннің редакторлығымен 1913 жылы, 28 қаңтардан бастап қайтадан жұмыс істеп, газеттің 13-14 санын шығарды. Газеттің басты мақсаты: кәсіп ету, ғылым үйрену турасында болды. Осы мақсатты айқындау барысында «Хал-жайымыз», «Еңбек етсең емерсің», «Тіршілік тартысы», «Әдебиет таңы» т.б. бірнеше мақалалар жарық көрді. Барлық мақаланың түйіні: «Дүние жүзінде қалғымыз келсе, адам баласын, ғайри жан иесін, бір адамды бір адамнан артық еткен ғылым, өнер үйреніп, өзімізден ілгері кеткен халықтармен қатарласуға талап етелік», - десе [2.17-б.], «Әдебиет таңы» атты мақалада қазақ әдебиетінің сол кездегі хал-жайын айта отырып, Абай шығармаларына тоқталады. Абайдың:

Әсемпаз болма әр неге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге

Кетігін тап та бар қалан. - [2.17-б.]

деген өлеңін келтіреді. Абайды әдебиетіміздің таңы деп бағалайды. Бұл газеттің басқа сандары да осы бағытта шығып отырған.

ХХ ғасыр басындағы газет, журналдардың ішіндегі ауыз толтырып айтатын, көптің көңілінен шыққан журнал – «Айқап».

«Айқап» журналы 1911-1915 жылдары Тройцк қаласында белгілі ақын, жазушы М.Сералиннің редакторлығымен шығып тұрды. Алғашқы жылы айына бір рет шықса, кейінгі жылдары айына екі рет шығуына мүмкіндігі болып, қазақ даласының барлық жеріне тарады.

«Айқап» қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-шаруашылық өмірінің көптеген түйінді, көкейтесті мәселелерін сөз етті. Соның бірі - қазақ әйелдерінің хал-жайы, бостандық, теңдік мәселесі. Сақыпжамал Тілеубайқызының «Қазақ қыздарының аталарына» (7-сан. 1911 жыл), атты мақаласында ата-анасына өкпелеген қыздардың назын былай береді: «Қымбатты аталарымыз! Біз-дағы сіздердің, ер балаларыңыз секілді балаларыңызбыз. Шариғат бұйрығынша ер бала мен қыз бала тең болуға тиіс. 13-14-тегі қыздарыңызды малға қызығып, елу-алпыстағы шалдарға шырылдатып, қолынан ұстатып бересіз, көз жасына қарамай. Осыларыңыз жөн бе?»[3.70-б.]-десе, Байбатыр Құлақбаевтың «Фелетонында»(бір қазақ қызы) «Тұзаққа түскен қаршығадай бір жаман құлға басын тең етіп, қызыл гүлдей болып ұзатылып кете барды. Ау,жұрт! Осы бейшара қызыл алмадай қызыл бетті, қолаң шашты, қара көзді, қиғаш қасты, бақшада сайрап жүрген тоты құсты таз, соқыр, саңырау, ақсақ, мәжнүн кісілермен қалайша тең қылып басып береміз...»[3.71-б]. Осы сияқты теңіне кетпеген жас қыздардың зарын «Қалың мал құрысын!», «Бауырлас қазақ әйелдеріне», «Аналарымызға», «Аталарымызға», «Қазақтың құдалықтарындағы кемшіліктер», «Түп-түгел кемшіліктің бәрі бізде» деген үндеулер және басқа да көптеген өлең, мақалалардан көруге болады.

«Айқап» журналының 1915 жылғы 4 санында жарияланған Шәйбай Аймановтың «Ана» деген мақаласында: «Ана» деген сөз адам баласының құлағына қандай жағымды сөз. Кірлі көйлек кигізбеген, дәмсіз тамақ жегізбеген, ыстыққа күйгізбеген, суыққа тоңғызбаған, қатты жерге жатқызбаған – сол сүйікті ана емес пе?-деп басталып... бала тәрбиелеудің бас тізгіні ана қолында болатын болған соң, сол аналардың өздерінің де тәрбиелі болғаны дұрыс»[3.27-б.] - деп тұжырымдайды.

Әйел теңдігі мәселесі туралы сөз еткенде мына жағдайларға ерекше назар аудару керектігін ескертеді. Әйелдердің саяси құқықта ерлермен тең болуын, қалың малдың жойылуын, он алтыға толмаған қызға құда түсупеуін, он алтыға толмаған қызға һәм он сегізге толмаған жігітке неке оқылмауын, молда неке оқыған кезде әйел мен еркекті қарама-қарсы қойып ризалықтарын біліп оқуын, екінші қатын аламын деген кісі бұрынғы қатынының ризалығымен алуын, жеті атаға келмеген жерден қазақтың қыз алмауын т.б. Осылардың қай-қайсысында болсын журнал қалың мал, қатын үсті, әмеңгерлік, қызды қаламаған, сүймеген адамға, шалға еріксіз берушілік сияқты ескі заң, зиянды салтқа қарсы күресті. Әйелдердің ерікті, ерлермен тең болуын, өз тағдырын өзі шешуін, теңіне, қалағанына қосылуын, қыз балалардың еркек балалармен қатар оқытылуын, әйелдердің еркек қатарлы қоғам жұмысына қатыстырылуын талап етті.

«Айқап» журналында әр кезде хатшы қызметкер, хабаршы болып Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жиһәнша Сейдалин, Әкірам Ғалимов істеді. Сонымен қатар қазақтың сол кездегі оқығандары, түрлі оқу орындарындағы оқытушылары мен оқушы жастары, хат білген адамдары тегіс қатынасты.

Қазақ әйелдері туралы қазақ тілінде алғаш – «Қалың мал» (С.Көбеев), «Қамар сұлу» (С.Торайғыров), «Бақытсыз сұлу», «Бейшара қыз» (Ә.Ғалимов) романдарын жазған авторлардың да бірқатары осы «Айқап» журналында қызмет істеді, шығармаларын жариялады.

Халықты аздырып-тоздырып бара жатқан әдет-ғұрыптың, ақсақалдық салт-сананың ойыншығына айналған әйелдердің тағдырын жырлаған С.Торайғыров, М.Сералин, С.Көбеев, С.Дөнентаев сияқты ақын-жазушылардың басты шығармаларында қоғамдағы осы әділетсіздік аса бір өткірлікпен айыпталды. Осы мәселе үлкен проза саласындағы қазақ әдебиетінің тыранақалды туындысы – «Бақытсыз Жамал» романында қозғалып, шығарманың негізгі идеясы - әйел теңдігі, қазақ болымысындағы қалың мал, әмеңгерлік сияқты кеселдерге үзілді-кесілді қарсылық білдірілді, романның өзі, оның бас кейіпкері – Жамал образы да қалың оқырман қауымы арасында үлкен пікір туғызып, қоғамдық санаға күшті ықпал етті. Жамалдың аянышты өмірінен қыз-келіншектер өз бастарынан кешкен қайғысын, мұң-зарын көрді. Әйелге бостандық әперіп, тең құқық беруді өздерінің шығармашылық мұраттарының басты идеясы қатарында қойып, баспасөз бетінде жарияланған мақалаларында да бұл мәселені батыл айтты.

«Айқап» қазақ әдебиетінің түйінді мәселелерін, өркендеу жолдарын сөз етті. Қазақтың Абай, Ыбырай негізін салған жаңа әдебиеттің, ұлы орыс халқының классик әдебиетіне, оның озат, демократияшыл идеясына бой ұрған, сонымен ауыл-үй қонып, аралас болған әдебиетінің өркендей түсуіне жетекші болды.

«Қазақ» газетінің өзі «Айқап» журналының тәжірибесінде туған, оның негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов та «Айқап» редакциясында қалам ұштаған жандар.

«Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің беттерінде өлеңдер мен көркем әңгіме, повестердің жиі жарияланып отыруы тұңғыш қазақ романдары мен пьесаларының жазылуы оқырман санын көбейтуге ықпал етті де, кітап оқитын адамның көркемдік талап талғамын өсіріп тәрбиеледі, оқушының жеке бір кітап не шығарма немесе мақала туралы пікірі баспасөзде, жұртшылық арасында кең тарап, қоғамдық ой-пікірлердің туып қалыптасуына жағдай жасады. Осының өзі, сайып келгенде, әдебиеттің оқушыны, оқушының әдебиетті өсіруге тигізген әсері ретінде өзара байланыса отырып, нақты нәтижелерін бере бастады.



Сонымен ойымызды қорытындылай келе, көкірегінде мың көктем бүрін жарған әйел-аналардың жүрек жылуы, парасат-пайымы, қайрат-қажыры миллиондаған ер-азаматтардың жанын жайдары шуаққа, жақсы мұратқа бөлейтін аса құдіретті күш. Дүниедегі барша іс-қимылдар ең алдымен Аналардың ақ адал пейілінен, әз-махаббатынан бастау алады. Ана қуанышы, әйел бақыты – үйдің, отбасының, Отанның мерейі. Қазақ әйелі - әуелі от анасы: шаңырақтың иесін, ошақтың киесін қашырмай ұстап отыратын құт дарытушы: сосын ұрпағын ұлы іске баулитын ұстаздық тағылымы бар жан – бесік жырымен емізіп, ертегісімен еліктірген, аңызымен уыздандырған, батырлар жырымен ерлік рухын ұрпағының бойына сіңірген: одан кейін ері жоқта елін қорғайтын батыл да жүректі, жауға намысын таптатпаған, ошағының отын өшірмеу үшін күрескендер. Міне, осындай бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін аналардың теңдік алуына бар күштерін салып, арашашы болған, теңдікке қолын жеткізген Алаш азаматтарының еңбегін бір ғана мақала көлемінде айтып бітіру мүмкін де емес екендігі түсінікті. Ендігі жерде осындай қиындықпен келген теңдіктің қадірін білу - әйел- аналардың ардақты атына дақ түсірмеу.
Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім. – А., 1991. – 207 б.

2 Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. – А., 1993. – 248 б.

3 Айқап. Құрастырушылар: Ұ.Сұбханбердина, С.Дәуітов. –А., 1995. 367 б.

4 Қазақ. Құрастырушылар: Ұ.Сұбханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – А., - 1998. – 560 б.
* * *
: repository -> repository2014
repository2014 -> Қазақ әдебиетіндегі Кенесары хан бейнесі Л. А. Серғазы
repository2014 -> «Қазақ» газеті 1916 жылғЫ Ұлт-азаттық КӨтерілісі кезінде
repository2014 -> Гүлназым Алғалиева ТӘуелсіздік: тіл туралы саясат және қазақ тілінің болашағЫ
repository2014 -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
repository2014 -> Томанова Марал Сериковна Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ
repository2014 -> Эльмира ибраева «АЙҚАП» журналы және ұлттық идея
repository2014 -> Салыстыру конструкцияларының семантикалық ҚҰрылымы күзекова З. С. – Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы
repository2014 -> Сұлтанмахмұт шығармашылығы академик З. Ахметов зерттеуінде
repository2014 -> Сақ Қайрат Өмірбайұлы
repository2014 -> «Зар заман» әдебиеті Зәки Ахметов зерттеулерінде С. М. Дүйсенғазин




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет