Ш. Ш. Уәлихановтың география ғылымына қосқан үлесі



жүктеу 118.97 Kb.
Дата29.06.2016
өлшемі118.97 Kb.
Ш.Ш.Уәлихановтың география ғылымына қосқан үлесі

Қожабекова З.Е.,

география ғылымдарының кандидаты,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты

Аққан жұлдыздай болып өткен қысқа ғана ғұмырында өз тұсындағы ғылымның түрлі саласынан артына өшпес мұра қалдырған сан қырлы талант иесі Шоқан Уәлихановтың туғанына биыл 180 жыл толып отыр. Шоқан Уәлиханов – қазақ халқының тарихында өз елінің болашағын дұрыс болжап, сеніммен алға қараған, шығыстану саласындағы аса көрнекті ғалым. Шоқан ғұмыры бар жоғы отыз жыл ғана болса да, оның бейнесі біздің жүрегімізден еш уақытта да өшпек емес. Ол жазып қалдырған толағай туындылар мен көкейкесті мәселелерге толы еңбектер, зерттеулер қазір де өз мән -мағынасын жоғалтпай, жаңа өмірмен үндестік тапқан сайын ғұлама ғалым жөніндегі әсерлі естеліктер де біздің жадымыздан берік орын ала бермек. Әйгілі ғалымның тарих, этнография, география, фольклор сияқты ғылымның салаларын сіңірген еңбегі қыруар. Жас ғалымның ғылыми зерттеу еңбектерінің тарихи маңызы зор.

Шоқан (Мұхаммед Қанафия) Уәлиханов Шыңғысұлы (1835 – 1865) – қазақтың ұлы ғалымы: шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы, демократ. Әжесі бала күнінде «Шоқаным» деп еркелетіп айтуымен, «Шоқан» аталып кеткен. Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде туған. Әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы сол жерде аға сұлтан болған. Өз атасы Уәли де хан болған. Арғы атасы қазақтың ұлы ханы Абылай, Шоқан оның шөбересі. Шоқанның балалық шағы Сырымбет тауының баурайында өткен. «Жеті жұрттың тілін білуге тиісті» хан тұқымы болғандықтан, ауыл мектебінде оқып, арабша хат таныған Шоқан араб, шағатай тілдерін меңгереді. Бұдан кейін 1847-1853 жылдары оны әкесі сол кезде Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны деп есептелінетін Омбы кадет корпусына береді. Онда әскери сабақтарға қоса жалпы және Ресей жағрафиясы мен тарихы, батыс, орыс әдебиеттері, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері жүрген. Кадет корпусына алғаш оқуға түскен кезде Шоқан орыс тілін білмесе де өзінің зеректігімен тілді тез үйренді. Шоқанның корпуста бірге оқыған Г.Н.Потанин: « Өзінің орыс жолдастарын басып озып, Шоқан тез жетілді... Оған талайлар - ақ назар аударды. Ол сондай қабілетті еді және оқу орнына түспей тұрып - ақ сурет сала білетін», дейді. Оған әсіресе орыс тілі мен әдебиеті оқытушысы Костылецкий мен тарих пәнінің оқытушысы Гонсевский күшті ықпал етті. Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Герцен, Белинский т.б. орыс классиктерін және батыс әдебиетінен Диккенс, Теккерей, Руссо шығармаларын, «Современник» журналын үзбей оқып, әлеуметтік өмірдің және әдебиет ағымының қай бағытта, қалай дамып бара жатқандығын аңғара алатын, өз кезінің саналы азаматының бірі болған.



1852 жылы Костылецкийдің көмегімен Шоқан көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры И.Н.Березинмен танысады. Березин Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын алған, ал өз тарапынан Шоқанды ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан. Березиннің тапсырмасы бойынша Тоқтамыс ханның «Жарлығына» талдау жасайды, бұл оның алғашқы ғылыми еңбегі еді. Жастығына қарамай, оның білімдарлығын, әсіресе шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білетіндігін сол кездегі орыс ғалымдары да жоғары бағалап, мойындай бастаған болатын. Кадет корпусын он сегіз жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік шығыс аудандарын басқаратын генерал - губернатор Гасфорттың адъютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуге белсене араласады. 1855 жылы Ұлы жүзді Қоқан хандығының ықпалынан шығарып, Ресейге қосу бағытында жұмыс істеу үшін ұйымдастырылған экспедицияға қатысып, Семей, Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін келеді. Жоңғар қақпасына, Алакөл, Тарбағатайға саяхат жасайды. Осы сапарында қазақ, қырғыз, ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинап алады. Қазақ халқының тарихы мен әдет ғұрып, діни ұғымдары жайында материал жинап қайтады. Бұл материалдар негізінде кейін ол «Тәңірі (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектер жазады. Бұл еңбегін жоғары бағалаған генерал Г.Х. Гасфорт оны наградаға ұсынады, әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик атағын алады. 1856 жылы М.М.Хоментовский басқарған әскери ғылыми экспедицияға қатысып, қырғыз елін жете зерттеп, Ыстықкөл аймағының картасын жасасады. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Жазуы жоқ елдердің өткен тарихы мен салтын тануымыз үшін мұндай ұзақ желіге құрылған, күрделі эпостардың үлкен мәні барын түсінген Шоқан «Манас» үлгісінде көрсетті. «Манас», дейді Шоқан, қырғыздардың ескі мифтерінен, аңыздарынан ертегілерінен жиналып, бір адам Манастың төңірегіне топталған энциклопедия. Бұл жағынан, ол даланың «Илиадасы» тәрізді. Бұл аса зор эпопеяда қырғыз халқының өмірі, әдет ғұрпы, жағрафиясы, діни дәрігерлік ұғымдары, шетелдермен қарым қатынасы түгел қамтылған... Екінші эпос «Семетей» «Манастың» жалғасы. Бұл қырғыздың «Одиссеясы». Іле өзенінің басындағы Манас жорық жасады деген жерлерді барып көреді. Сібір мен Тянь Шань аралығында көшіп жүрген қырғыздар Алатаудың автохонды ежелгі тұрғындары екені тарихта тұңғыш рет анықтап береді. Бұдан кейін Құлжа қаласында болып, Жоңғария тарихымен шұғылданады. 1857 жылы тағы да қырғыз елінде болады. Осы сапарларда жинаған материалдарды ол «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстықкөл сапарының күнделіктері», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы» атты еңбектерін жазуға пайдаланады. Табиғатты және ел тұрмысын Шоқан жазушылық шеберлікпен суреттеген. Осыдан барып оны орыс достары «Қазақ тақырыбына жазатын орыс жазушысы» деп атаған. Тарих, география саласындаы даңқы Петербург ғалымдарына да жетіп, жиырмадан жаңа асқан жас Шоқанды Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды. [1,2,3]

1858 – 1859 жылдары Шоқанның Қашғарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Қашқария ол кезде Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Қоқан хандығының Қашқардағы консулы әрі саяси резидентінің көмегімен Қашқардың экономикалық саяси құрылымын зерттеп, бұл халықтың тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинайды. Қашқар сапарынан «Алты шаһардың, яғни Қытайдың Нан лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы» атты еңбегі дүниеге келді. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді. Ұзамай ол Германияда, Англияда жарияланады. Шоқаннан қалған мұраның бірі бейнелеу өнеріндегі зерттеулері. Бұл еңбектер оның өнердің осы саласындағы қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі болғанын дәлелдейді. Ол негізінен портрет, пейжаз және халықтың тұрмыс салтын бейнелеумен айналысқан. Одан 150 – дей сурет қалған. Науқасы меңдегендіктен Петербургтен елге оралған Шоқан туған халқының екі жақты қанауда езілгенін көріп, 1862 жылғы сайлауда Атбасар округының аға сұлтаны болуға талпынады. «Елдестеріме пайдамды тигізу үшін аға сұлтан болғым келді. Оларды чиновниктен, қазақ байларынан қорғамақ болдым. Сондағы ең алдымен көздегенім өз басымның мысалы арқылы жерлестеріме оқыған аға сұлтанның пайдалы екенін көрсету еді» деп жазады ол бұл туралы досы Достоевскийге. Бірақ ол бұл мақсатын орындай алмай, аға сұлтандыққа өте алмай қалады. 1864 жылы наурыз айында Шоқан генерал Черняевтің шақыруымен Әулиеатаға (қазіргі Тараз қаласы) келеді. Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресейге қосуды жақтаған ол Черняев отрядында біраз уақыт қызмет істейді. Бірақ патша генералының жергілікті халыққа жасаған зорлық зомбылығын көріп, тез бөлініп кетеді. Содан Верный (қазіргі Алматы) қаласына келіп, одан әрі Тезек төренің аулына барып (бұрынғы Талдықорған облысы, Шоқан атындағы шаруашылық) тоқтайды. Сонда үйленіп, тұрып қалады. Сөйтіп жүргенде ескі өкпе ауруы қайта қозып, Шоқан 1865 жылдың сәуірінде қайтыс болады. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Көшен тоған деген жерге қойылады. Шоқанның шығармаларын жинап бастыруда орыс ғалымдарының еңбегі аса зор. Орыстың жағрафиялық қоғамы басып шығарған Шоқан шығармаларына жазған алғы сөзінде академик Н.И.Веселовский: «Шоқан Уәлиханов Шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай жарық етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы онан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті!» деп жазды. Бірақ ол сол аз ғұмырында адам қабілетінің ғажайып мүмкіндіктерін, гуманизмнің биік өресін, ұлтжандылықтың жалтақсыз үлгісін, ғылыми қабілет пен алғырлықтың қайран қаларлық өнегесін барша болмысымен, нақтылы іс әрекетімен дәлелдеп үлгерді. Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы - демократ Ш.Ш.Уәлиханов отандық ғылым мен география саласында үлкен орын алады.Оның қысқа да жарқын өмірі мен ғылыми қызметі қазақ халқының көпғасырғы дамуының, рухани ізденіністерінің тамаша қорытындысы, биік жалғасы болды, қоғамдық ой -сана, пікір - тұжырым биіктей өркендеуіне ыкпал етті.[4,5,6,]

1854 - 1857 жылдары Ұлы жүз қазақтары мен кейбір қырғыз руларын Қоқан хандығының ықпалынан шығарып, Ресейге бейбіт қосылуын Ш.Ш.Уәлиханов оны жан - жақты зерттеуі, географиялық сипаты, саяси құрылысы, мәдениеті мен тұрмыс - салт ерешеліктері туралы мағлұмат -деректерді әлемге, ғылымға ашып беруге тиіс болды. Ержүрек саяхатшы бұл сапарда талай - талай қиындықтар мен кедергілерден өтеді, жалған атпен Әлімбай болып керуен басының туысы ретінде аттанады. Тянь - Шань биіктерінің бірі Сырт деп аталатын хауіпті әрі адам қадам баспаған биік асуларында түтекке тұншығып, суыққа тоңып, қарлы жаңбырда тайғанақтаған ат - түйелері де біраз шырынданып, кейде алыс ауыл тұрғындарының қауесет - сенімсіздіктеріне де кездесіп, талай бөгеттерді өткеріп, керуен 1858 жылдың 27 сентябрінде Қытай шекарасынан өткен. Қашғарияда Шоқан 1858 жылдың 1 октябрінен 1859 жылдың март айының ортасына дейін болған кезде бұл аймақты — Қашғар қаласы мен Алты шаһар елін терең зерттейді. Ол кезде Алты шаһар деп солтүстіктен Тянь - Шань, оңтүстіктен Күн - Лунь тауы қоршап тұрған Қашғар, Ақсу, Учтурфан, Янысар, Жаркент, Хотан қалаларын айтады екен. Қоқан ханының Қашғардағы сауда консулы, әрі саяси резиденті, егде тартқан ресми адаммен Шоқанның сыйлас, құрметтес болуы сапар нәтижелерінің өнімді де пайдалы болуына едәуір жәрдемдескен. Ш. Уәлиханов Қашғарияның экономикалық -саяси құрылысын, тарихын, этнографиясын рухани өмірін зерттеген, бұл аймақтың өткені мен сол кездің қалпын жақсы білетін адамдармен, ғалымдарымен, ақындарымен де кездесіп, мағлұматтар жинаған, шығыс қолжазбаларының бірсыпырасын қолға түсіріп алған, нумизматикалық және тау жыныстарының коллекциясын, гербарий жасаған. Солардың бірінде Мирджай тауы мен Қарақаш өзені аңғарынан шығатын нефрит асыл тасының текшелері болған. Зерттеуге қажет деп саналған талай бұйымдар да жиналған. Сөйтіп, бейтаныс елді жан - жақты сипаттайтын, әскери, саяси, экономикалық, сауда - саттық жағынан үкіметке де ғылымға да пайдалы бай материал мен сирек деректерді жинап, қиыншылықтар мен қауіп - қатерді көп көріп Шоқан керуені 1859 жылдың апрелінде елге оралған. Қауіп - қатері мен қиыншылығы мол сапардан ауырып қайтқан Шоқан Петербургке үсті -үстіне шақыртып жатса да, Омбыда экспедиция материалдарын жүйелеп, қорыту ісімен біраз айналысады да, Петербургке келеді. Ш. Уәлихановтың Петербургке келу кезі әртүрлі жазылып жүр, 1860 жылғы ақпанда, енді бір мәлімет бойынша 1859 жылдың аяғында. Ол 1860 жыл бойы астанада болған. Қашғария сапарының нәтижелі жемісі — Ш.Ш.Уәлихановтың «Алты шаһардың яғни Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қаланың жайы» атты еңбегі Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, географиясына, әлеуметтік құрылысына арналып жазылған ғылымның биік деңгейіндегі тұңғыш зерттеу жұмысы болды. Сондықтан орыс ғалымдары мен саяси қайраткерлері оны шығыстың тарихы мен географиясы туралы Еуропа ғылымын толықтырған шын мәнісіндегі географиялық жаңалық, ал Қашғарияға сапар нағыз ерлік деп таныды. Қашғария сапарының ғылыми нәтижелері туралы Ш.Ш.Уәлиханов Орыс География қоғамында мәлімдеме жасағаннан кейін-ақ, оның материалын Германияда неміс тілінде басып шығарды. 1865 жылы Лондонда ағылшын тілінде жарияланды. Бұл Ш. Ш.Уәлиханов енбектері Батыс Европада жоғары бағаланушының айғағы еді. Қашғария экспедициясының қорытындылары нәтижелері ресми үкімет тарапынан да аталып өтті. Оған дәлел 1860 жылғы 8 апрельдегі Үкімет указы бойынша «..поручик сұлтан Шоқан Уәлихановқа штабсротмистр әскери атағы, 4 - дәрежелі Ізгі Владимир ордені және бір жолғы көмек ретінде 500 сом күміс ақша берілсін» — делінген. Шоқанның ұсынысы бойынша, осы экспедицияның жұмысына қатысы бар 22 адам қоса наградталған, оның ішінде керуен басы Мұсабай, Семей көпесі Бұқаш, К. К. Гутковский т. б. бар. 1860 жылы астанада болғанда, Бас штабтың әскери -ғылыми комитетінде қызмет істеген, Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментінде, Орыс География қоғамында қызметте болған, талай ресми қайраткерлермен, шығыстанушылармен, әдебиетшілер тобымен кездескен. Ш.Ш.Уәлиханов Петербургте болғанда өнімді ғылыми жұмыс жүргізеді. Бас штабтың әскери - ғылыми комитетінің тапсыруы бойынша ол Орта және Орталық Азия мен Қазақстанның карталарын жасайды. Оның редакциясымен «Балқаш көлі мен Алатау жотасы аралығының картасы", "Іле сырты өлкесі бөлігінің рекогноссировкасы», "Құлжа қаласының жобасы», «Ыстықкөл экспедициясының қорытындысына қосымша карта», «Қытай империясының батыс өлкесінің картасы" т.б. дайындалды, Ш.Ш.Уәлихановтың география, картография салаларына қосқан үлесі зор. Ол География қоғамында белгілі неміс ғалымы Карл Риттердің еңбектерін баспаға әзірлеседі, неміс, ағылшын, француз тілдеріндегі еңбектерді зерттейді. Шоқан Петербургте Сыртқы Істер министрлігінің Азия департаменті жанындағы Жоғары мектепте, География қоғамында Шығыс Түркістан, Тянь - Шань, Қырғызстан туралы лекция оқиды, университеттің тарих - философия факультетінде лекцияларға қатысады. 1860 жылдары Петербургте Шоқанның «Жоңғария очерктері», «Алты шаһардың месе Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қаласының жағдайы туралы», «Адольф Шлагинтвейттің өліміне әкелген жағдайлар туралы мәліметтер» еңбектері жарияланды. 1861 жылдың көктемінде денсаулығы тым нашарлап кетуіне байланысты Шоқан Уәлиханов Петербургтен туған жеріне оралды.

Ш.Ш.Уәлихановтың жарқын есімі Көкшетау облысындағы бір ауданға, бір совхозға, Талдықорған облысында колхоз бен совхозға, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының тарих, археология және этнография институтына берілді. 1958 жылы Ш. Ш. Уәлихановтың Алтын емелдегі қабірі басына, бұрын қойылған мәрмәр тас қабырғасына өріліп жымдасқан биік обелиск орнатылды, «Алтынемел» архитектуралық комплексі салынды. [7,8]

1904 жылы Петербургте шыққан Орыс география қоғамының 29-томы түгелдей Шоқан шығармаларына арналды. Ғалым дүниеден өткен соң 39 жылдан кейін жарық көрген бұл еңбек Шоқанның орыс достары мен көзі көрген замандастарының ғалымға деген ыстық сүйіспеншілігінің жарқын белгісіндей болды. Шықты деп айтуға оңай, ал шығару жеңілге түскен жоқ.

Шоқан еңбектерінің бас аяғын жинақтап, басып шығару туралы мәселені 1864 жылы 24 сәуірде өткен Орыс География қоғамының мәжілісінде көтеріледі. Бірақ бұл ой қаржы тапшылығынан, әрі бел буып кірісетін тәуекелші редактордың болмауынан жуық арада іске аса қоймады. Баспаға дайындау үшін таратылған қолжазбалар әр адамның қолында кетеді.

1887 жылы Г.Н.Потанин көпке созылған осы мәселені қайта көтереді. Шоқанның тарап кеткен қолжазбаларын, болмаған күнде көшірмелерін жинайды, біраз адамдарға естелік жазғызады, өзі де, осы жөніндегі есте қалғандарын, ойларын қағаз бетіне түсіруге отырады. [10,11]

Сол арада Шоқан еңбектерін басып шығаруға бел байлаған редактор да табылады. Ол кейін Петербург археология институтының профессоры болған көрнекті шығыстанушы Н.И.Веселовский еді. Шоқанның ғалымдық тұлғасын шығыс аспанындағы құйрықты жұлдызға теңеген Николай Ивановичтің алғыр ойы, шығыстану саласындағы терең білімі ұлы қазақ ғалымының еңбектерін басып шығару ісіне жұмсалды. Н.И.Веселовский қаншалықты тер төгіп, ізденгенін оның Г.И.Потанинге, Г.А.Колпаковскийге, Г.Е.Катанаевқа, М.Ф.Достоевскийге жазған хаттарынан көруге болады.

Шоқан ұрпаққа құнды мұра қалдырды. Ғалым көтерген мәселелер бүгінгі күнге дейін өз үйлесімін тауып келеді, уақыт өткен сайын данышпанның бейнесі көз алдымызда жарқырай түсуде. Оның бойындағы тарихшы, географ, әдебиетші, тіл білімін зерттеуші және жауынгерлік таланты өз үйлесімін тапты. [8,9,10,11]

Шоқанның бейнесі жыл өткен сайын биіктеп, бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерінен өрімделе өріліп, туған халқының махаббатына бөлене бермек. Шоқан қазақ халқының рухани мұраларын зерттеген, мол жырлар, сан аңыз - әңгімелер тудырған халқымыздың ақынгер талантты, қазақ поэзиясының аса сұлулығы мен суреткерлгігі, өнердің бітім – болмысы жайында алғаш рет кесек ойлар айтқан аса көрнекті ғалым. Дүниежүзі мәдениеті ордаларының бірінен саналатын Петербургты дүр сілкіндіріп, «Ғажап ғалым», «Жас данышпан» атанған Шоқанға берілген бағалар биік, өте асқақ еді.

Егеменді Қазақстан Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығын зерттеу салиқалы ғылыми еңбектері арқылы өзінің шырқау биігіне көтеріліп отыр. Әлемдік ғылым сол кезден – ақ түлеп келе жатқан жарқын талант жас дана деп танып, Орта Азия мен Шығыс Түркістанның ғажайып зерттеушісі ретінде мүлтіксіз мойындаған болатын. Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектері география саласын зерттеуде ғылыми құнды еңбектер болып табылатыны сөзсіз, оның мұрасы – тотықпайтын, тозбайтын тарихтың қымбаты, асылы.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Бейсенова А.С., Карпеков К.Д. «Қазақстанның физикалық географиясы». Алматы, 2004.

2. Чупахин В.М. «Физическая география Казахстана». А., 1968.

3. Бейсенова А.С. «Исследование природы Казахской ССР». А., 1979.

4. «Очерки по географии Казахстана». Под. ред. И.П. Герасимова. А., 1952.

5. Бейсенова А.С. «Физико-географическое исследование Казахстана». А., 1982.

6. Е. Уәлиханов. «Шоқан және қазақтың тұлғатану ғылымы». // Қазақ әдебиеті. №20. мамыр. 2010ж.

7.О. Сүлейменов. Шоқан. // Ақиқат. 96, 4

8. М. Белгібаев, Ж. Әділбекқызы. Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне-105 жыл. // География және табиғат. 3. 2007.

9.Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинении в пяти томах. Алма-Ата: Издательство АН Каз ССР. 1961-1978.

10.Қ. Сүтеева. Шоқан еңбектеріндегі төл тарихқа қатысты дерекер. // Қазақ тарихы. 2002-4

11.Ғ. Қарасаев. «Ресей зерттеушілері Шоқан Уәлиханов туралы». // Қазақ тарихы. 2009-1



Резюме

Шокан Уалиханов известный казахский ученый, историк, этнограф, фольклорист, путешественник и просветитель. В статье рассматриваются основные моменты его жизни, этапы его становления как ученого – этнографа. Особо отмечено его влияние и вклад в развитие географии.



Summary

Shokan Ualikhanov was famous Kazakh scientist, historian, ethnographer, folklorist, traveler and educator. The article deals with the main points of his life, stages of its formation as a scientist - ethnographer. The article highlights his impact and contribution to the development of geography.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> А. Б. Салқынбай ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алматы, Қазақстан Сәкен өлеңіндегі сырбаз
publications -> Қазақ тіліндегі «АҚ», «Қара» СӨздеріне байланысты мақал-мәтелдер құрбанов А. Г., Қайырбекова Ұ. Ж., Үкібасова Ғ. А
publications -> Коммуникативтік қажеттілік – тіл үйренудің басты факторы Т. Н. Ермекова, Ф.ғ. д., профессор
publications -> ӘӨЖ 811. 512. 122 Субстантивтену процесінің НӨлдік тұЛҒада келіп басыңҚы сыңарда жұмсалуы
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к
publications -> Шерлілер сөзін сағынған Шернияз ақын
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> О. Сүлейменов өткен ғасырдың 1960 жылдары Қазақстанның ақындық және жалпы мәдени өміріндегі феноменальді құбылыс. Өлеңдерін орыс тілінде жазған қазақ ақыны Одақ көлемінде тез арада танымалдылыққа қол жеткізді
publications -> Жамбыл жырларындағы батырлар бейнесі Айтбаева Айман Ералықызы ф.ғ. к., доцент Шыңғысханқызы Аружан к-13-1 оқу тобы студенті Қорқыт ата атындағы ҚМУ




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет