Ш. шортанбаев, әл-Фараби атындағы



жүктеу 68.55 Kb.
Дата29.06.2016
өлшемі68.55 Kb.
Ш. ШОРТАНБАЕВ,

әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті
Рымғали Нұрғали және қазақ романының өзекті мәселелері
Ұлттық сөз өнерінің арғы-бергі тарихы, көркем әдебиеттің сан алуан мәселелері әр қырынан, түрлі межеден қарастырылып, қадау-қадау еңбектер жазылғаны мәлім. Академик Рымғали Нұрғалидың әдебиет төңірегіндегі еңбектері өз алдына бір төбе, біз ғалымның жүз жылдық тарихы бар көркем прозаның, оның ішінде роман жанрының мәселелерін де көркемдік-теориялық тұрғыдан, рухани-эстетикалық талап деңгейінен зерделеп жазғандарының мол екенін білеміз, оның бірқыдыруы «Толғауы тоқсан қызыл тіл» (2009) зерттеулер жинағына топтастырылыпты.

Ұлт әдебиетінің тарихында тұңғыш роман деген атауға ие болып, күрделі һәм көлемді прозалық туынды ретінде бағаланған шығарманың «Бақытсыз Жамал», ал авторы алаш ұранды поэзияның негізін қалаған, өршіл рухты, күрескерлік пафосты мақсат тұтқан Міржақып Дулатов екені белгілі. Роман туралы алғашқылардың бірі болып пікір білдірген Ахмет Байтұрсыновтан бастап әр кезең өкілі өзіндік пайым, таным тұрғысынан келіп, тиісінше зерделеп келеді. Өткен ғасыр басындағы әдебиеттің мәселелерін мейлінше қарастырған көрнекті ғалым, академик Рымғали Нұрғали азаттыққа ұмтылған елдің мұратын, қаламгердің қуатын шығармашылыық әлеуеті тұрғысынан жан-жақты саралағаны анық. Алаштың алғашқы романының адымын, қаламгердің жанр ретінде орнықтыруға қосқан зор еңбегін, төлбасы ретіндегі талпынысын, жетістігі мен кемшілігін зерттей келе, «шығармаға арқау болған оқиғалар ХХ ғасыр басында қазақтың кез келген атырабында, кез келген ауылында, кез келген шаңырағында өтуі мүмкін, әркімге таныс, түсінікті, ортақ, етене сипаттары бар, жалпылық мәнді жәйттер. Автор өз тұсындағы әлеуметтік-қоғамдық өмірдің маызды арналарын адам тағдыры, нақты әрекет, тартыс арқылы көрсетуді мақсат етіп, ой, идеяны ашық публицистикалық түрде емес, бейнелеп, образдар арқылы, көркемдік тәсілдермен береді. Бір сөзбен айтқанда, жазушы таза прозалық шығарма, жанр шарттарын толық қанағаттандыратын туынды жасау талабын ерекше ескерген», - деп тұжырымдайды.

Абай мен Ыбырайдың шағын прозадағы ізденісін өткен ғасыр басындағы кей басылымдар ілгерілетуге талпыныс жасағанымен, кең құлаш сермеуге, дамытып алып кетуге мүмкіндігі де, әлеуеті де жетпегені, ал Міржақыптың талабы өзін-өзі ақтаған, ұлт игілігі үшін жасалған өте маңызды қадам екені айтпаса да түсінікті жайт.

«Роман стилінде таза реалистік проза тіліне лайық, салмақтылық, орнықтылық бар» екенін ескерген зерттеуші «Жазушы ұйқасты, ырғақты, өлеңдетіп отыратын өрнектен бойын мүлде аулақ салған. Тіпті, кейінгі дәуірлердегі туындылардың өзінде кездесе беретін әсірелікке, сөйлемдегі сөздердің орнын ауыстырып жасайтын инверсияға да бармайды. Лексикалық тұрғыдан таза қазақ тілінің байлығы еркін қолданылған», - дей келе, тіл шұбарлауға саналы қарсы тұрғанын, сол кезеңде белең алып тұрған араб, парсы, татар сөздерінің үстемдігінен мақсатты түрде қашқанымен, аракідік орыс сөздерін алаластырып тұратынын да орынды байқайды. Бұл да замананың желі, уақыттың лебі қалай желпитінін ағартып тұрғандай.

Р.Нұрғали алаш әдебиетіндегі шынайы реалистік прозаға жататын, жанрдың еуропалық һәм әдеби-теориялық өлшем-талаптарына сай келетін көлемді «ұлы әңгімелердің»(А.Байтұрсынов) біріне «Қартқожаны» жатқызып, «Бұл қазіргі өлшеммен алғанда ұзақ шығарма емес, 7-8 баспа табақ көлеміндегі шымыр, ықшам, тығыз жазылған дүние. «Бақытсыз Жамал», «Қамар сұлу», «Қалың мал», «Қыз көрелік» қатарлас туындылардағыдай бірде қара сөз, бірде өлең сөз аралас жүретін стиль жоқ. Бастан-аяқ салиқалы, сабырлы, ұстамды проза үлгісі сақталған туынды» екенін саралайды. Алаш идеясын, ұстанымын қолдаған автордың кейіпкерінің өсу жолын, алдына қойған мұратына жету жолындағы табандылығын, күрескерлік рухын «психологиялық тұрғыда сенімді бейнелеуін» қаламгердің роман жолындағы шынайы табысына, суреткерлік шеберлігіне жатқызады. Роман жанрының талаптарын сәтті игерген Жүсіпбек Аймауытов «прозадағы ырғақ, стиль, композиция, көркемдік құрылғыларға ерекше көңіл бөлді. Әсіресе, халық тілінің сан алуан байлығын еркін қолдана отырып, Еуропа, орыс әдебиетіндегі бейне жасау, мінездерді даралау, сезім бұрқағын, ой толғауларды көрсету дәстүрлерін еркін пайдаланды».

Зерттеуші-ғалымның қазақ әдебиетіне тың серпіліс әкелген, сөз саптауы, бітімі бөлек, стилі ерек «Ақбілектің» қаламгердің шығармашылық әлеуетін, авторлық ұстанымын анық байқататын сүбелі шығармасы екендігін нақты мысалдарға, роман сюжетіне жүгіне отырып жүлгелейтініне куә боламыз, қаламгердің «әлеуметтік тартыстар, тарихи оқиғалар, тап-күрестерінің ерекше шиеленісіп соғысқан, ел мойнына салмақ түсіп, жеке адамдар тағдырының ширыққан буынын дәл басады: бұрын айтылған, сарыжұртқа айналған тақырып емес, соны, мүлде тың, тіпті сирек оқиғаларды романға («Ақбілекке») арқау еткенін» мойындаймыз.

Шығарма арқауы Ақбілек әлемін, оның көріп-білген, сезіп-түйген сырларын, сан қилы, талайлы тағдырын сөз еткенімен, жазушы кезең шындығын, аласапыран уақыттың алмағайып сәттерін терең сездіру орайында түрлі көркемдік амал-шарттарға жүгінетінін, әр буын, түрлі ортаның кескін-кейпін ұтымды суреттейтінін аңғарамыз. Алаш ұранды әдебиеттің білгірі Р.Нұрғалидың романдағы сан тағдырлы кейіпкерлердің сол тұстағы мінез-құлық ерекшеліктерін саралай келе, өз пайымын «кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы әлеуметтік ой-ағымы, зиялылар ортасындағы сан алуан дағды-салт – бұлардың баршасын, жеріне жеткізбей шолу, көркем түрінде атүсті бейнелегенмен, ықшам, дәлді суреттер, мағынасы терең монолог, диалогтар көп көмбені ашатын кең толғаулар көп сырдан хабардар етеді», - деп жеткізеді.

Қазақ әдебиетінің көркем, мағынасы терең, әлеуметтік мазмұны бай, жанрлық формасы күрделі, ұлт тарихының шерлі шежіресі сипатты туындыларының қатарында Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы да барын қайыра бір қаперімізге салып, автордың «ұлы өзгерістердің өзім көрген, өзім білген оқиғаларын қағазға түсірсем» деген түпкі ой-арманының, қаламгер ретіндегі міндет-мақсатының мүлтіксіз орындалғанын тілге тиек етіп, одан ары қарай романның өткен күндер шындығын көркемдік тұрғыдан бейнелеуде өзіндік ұстаным-ерекшелігі барын, ел өмірінің айнасы, көркем шежіресі іспетті мәніне, деректік, тағлымдық жақтарына, тақырыптық-идеялық ерекшеліктеріне көңіл бөлген. «Бұл туындыда саяси-роман қасиеттері мол. Әр түрлі партиялар бағдарламаларын, түрлі қоғам қайраткерлері дүниетанымын, мақсат-міндеттерін, заман шындығын дәл беру үшін жазушы тарихи деректерді, газет-журнал материалдарын өзгеріссіз қалпында, цитата түрінде алып отырады. Ондай көркемдік тәсілдер шығармаға публицистика, журналистика элементтерін енгізген. Осындай жәйттер «Тар жол, тайғақ кешуді» тарихи-мемуарлық роман деуден гөрі, құжатты-саяси роман қатарына қосуға көбірек негіз береді», - деп романның жанрлық ерекшеліктері туралы ой қозғап, әлі де зерттеле беретін туынды ретінде бағалаған. «Тар жол, тайғақ кешудің» бастан кешкен қилы тағдыры, әр жыылдардағы басылымдарындағы қолдан жасалған киянаттарды, елеулі өзгерістерді жан-жақты зерттеп, кітап жазған Т.Кәкішұлы, К.Ахмет еңбектерін де ескеріп отыруды жөн санайды. Зерттеу мақалада әр кезеңдегі зерделеулердегі ұрпақ танымына сәйкес түрлі сипатта парықталатын романның ұлт әдебиеті тарихындағы өзіндік үлесі сараланып, әлеуметтік мән-маңызына тоқталады.

Алғашқы туындыларымен-ақ көркем әдебиттегі өз орнын белгілеп берген, суреткер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы жарияланған шақтан бергі уақытта талай мақтау мен даттауға іліккені, сан қилы зерттеу мен зерделеулерді бастан кешіргені, бүгінгі ұрпақтың да өз пікірі, өз айтары бар екені ақиқат. Шығарманы бүгінгі күн тұрғысынан жаңаша бажайлап, қайта парықтаудан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Р.Нұрғали «Алаштың бас шығармасы» деп аталатын зерттеуінде қазақтың бас жазушысы М.Әуезовтің қаламгерлік шеберлігінің бар болмыс-бітімімен көрінуінде «Абай жолының» маңызы орасан екеніне айрықша тоқталып, әлемдік әдебиет деңгейіне көтерілуінің себептерін таразылап көрсете келе, «Романда қаламгердің бұрыңғы шығармаларындағы әуен-сарындар жалғасып, тереңдеп, байып, жаңа сападағы көркемдік ойлар, кемел бейнелер туған, қазақ тілінің адам психологиясын әлеуметтік қайшылықтарды ашып берудегі орасан зор байлығы көрініп, жанрдың ең жоғары талаптарына жауап беретін мол мүмкіндіктер ашылған. Тарихи роман тудыру арқылы қазақ әдебиетінің деңгейін биік әлемдік дәрежеге көтеріп, жаңа эстетикалық игіліктерді дарытып, қаламгерлік ерлік жасады», - деп түйіндейді.

Жазушының алуан түрлі көркемдік тәсілдерді бар әлеуетімен пайдаланып, мүмкіндігін жарқырай көрсетіп, ерекше сипат дарытып, шығарма сюжетін қоюлатып берудегі автордың көп жылғы ізденісін, суреткерлік тереңдігін, авторлық ұстанымын, рухани әлемін терең барлап, «басты оқиғалар тізбекті сабақтастықта бірінен-бірі туып, өрістеп, тарамданып, асқынып, шорт сынып, тағы бастау алып, шығындап, қатарласа дамып, лаулап барып өшіп, қайта жанып, құбылып, өзгеріп, осы арнада ондаған, жүздеген, мыңдаған адамдар тағдыры шешіліп жатады: жас шынар гүл шашады, кәрі бәйтерек құлайды», - деп бағалайды.

Ұлтымыздың өткен өмірін, оның бойындағы сандаған мәнді қадір-қасиеттерін, адами құбылыстарын, өнери таланттарын, көшпелі мәдениетке тән сипат-белгілерін барынша бедерлеп, бар көркемдік бояуымен жарқырата бейнелеп берген бас кітапта «ерекше ықшамдылық, лаконизм, кемел көркемдік шарттар мен қаламгерлік қатал позицияның» бар екенін, мұқият сақталғанын аңғартып өтеді де, «негізінен, өмірде өткен адамдардың басында болған оқиғалардың жалпы сорабын сақтай отырып, жазушы көркемдік-логика, эстетикалық мұратты, реалистік шығарма жасау талап-шарттарын бірінші орынға қойған...», - деп қорытады өз ойын.

Зерттеулер жинағында автор роман жанрының кемелденуіне үлес қосқан С.Мұқановтың «Адасқандар», «Аққан жұлдыз», Ғ.Мүсреповтің «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», Ғ.Мұстафиннің «Қарағанды», «Көзкөрген», І.Есенберлиннің «Алтын құс», «Махаббат мейрамы» т.б. көлемді прозалық туындыларға кеңінен тоқталып, оларды идеялық-эстетикалық сапасына, поэтикалық-жанрлық қасиеттеріне, тақырыптық өрісіне, мінез сомдау даралығына, ой ағымына, бейнелер жүйесіне т.с.с. мәселелерге жете көңіл бөліп, қаламгерлердің шығармашылық лабораториясынан да мол хабардар етеді оқырманын.



Сондай-ақ, зерттеуші-ғалымның көптеген прозалық туындылардың, соның ішінде «Ай қанатты арғымақ» атты романның авторы екенін, жүз жылдық тарихы бар қазақ романының таңдаулы жүз туындысының басын қосып, жинақы түрде ұсынуға өзі мұрындық болып, құрастырып, алғы сөзін даярлап, «Қазақтың 100 романы» деген атпен жариялағанын да ұмытпауымыз керек.

Сонымен Академик, әдебиеттанушы ғалым, көрнекті қаламгер Рымғали Нұрғалидың алаш алыптары негізін қалаған, қазақтың қабырғалы қаламгерлері ұлт әдебиетінде жанр ретінде орнығып, кемелденуіне күш салған романның мәселелерін мейлінше терең игеріп-меңгергені, бұл тақырыпқа әрдайым оралып, өз пікір-пайымын білдіріп отырғаны шындық.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> А. Б. Салқынбай ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алматы, Қазақстан Сәкен өлеңіндегі сырбаз
publications -> Қазақ тіліндегі «АҚ», «Қара» СӨздеріне байланысты мақал-мәтелдер құрбанов А. Г., Қайырбекова Ұ. Ж., Үкібасова Ғ. А
publications -> Коммуникативтік қажеттілік – тіл үйренудің басты факторы Т. Н. Ермекова, Ф.ғ. д., профессор
publications -> ӘӨЖ 811. 512. 122 Субстантивтену процесінің НӨлдік тұЛҒада келіп басыңҚы сыңарда жұмсалуы
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к
publications -> Шерлілер сөзін сағынған Шернияз ақын
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> О. Сүлейменов өткен ғасырдың 1960 жылдары Қазақстанның ақындық және жалпы мәдени өміріндегі феноменальді құбылыс. Өлеңдерін орыс тілінде жазған қазақ ақыны Одақ көлемінде тез арада танымалдылыққа қол жеткізді
publications -> Жамбыл жырларындағы батырлар бейнесі Айтбаева Айман Ералықызы ф.ғ. к., доцент Шыңғысханқызы Аружан к-13-1 оқу тобы студенті Қорқыт ата атындағы ҚМУ




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет