Шығармашылық шеберлер мектебінің «Қазақ тілі және әдебиет пәні бойынша тест жазу» III кезеңінің тапсырмалары



жүктеу 184.43 Kb.
Дата03.07.2016
өлшемі184.43 Kb.
Шығармашылық шеберлер мектебінің

«Қазақ тілі және әдебиет пәні бойынша тест жазу»

III кезеңінің тапсырмалары
1. Қасым Аманжолов (1911-1955)
1. Өздерің туралы, өз ұлттарың туралы не ойлайсыңдар?

2. Қазақстан Халықтары Ассамблеясы туралы не білесіңдер?

3. Халықтың қай қасиетін мақтан тұтасыңдар?

Дүниеге жар

Ей, тәкаппар дүние!


Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен – қазақтың баласы!

«Тағы жұрт» деп тағы да


Танымассың, білмессің.
Өйткені мен қазақпын,
«Англичанин» емеспін.

Танисың ғой сен оның


Өзінен бұрын мылтығын.
Дәріптейсің қасиетін,
Адамы түгіл, итінің.

Мен де оны бір кезде


Етігінен танығам.
Қадай басып өкшесін
Далама кеп қаңғыған.

«Тағы» дейтін халқымды,


Дозақ дейтін даланы.
Кен қазам деп көр қазып,
Ақтаратын моланы.

Жылап жатса бір қазақ,


Күлуші еді-ау ол әлі!
Соның бәрі сұрқия
Сұм патшаның әлегі.

Екі аяқты аң патша


Көп батырды шеңгелін.
Сар далада сарғайдым,
Қасіретпен шөлдедім.

Мынау қара көзімнен


Сансыз дария жас ақты.
Өз етімді өзіме
Кесіп алып асатты.

Айтып, айтпай не керек,


Не көрмеді бұл қазақ!
Дүние бүгін ұялар,
Айтпа, ойбай, аузың жап.

Сорлы емес ем ежелден,


Қаралы едім, зарлы едім.
Ұялушы ем өзге елден,
Намысты едім, арлы едім,

Есе тиер, енші алар


Ел болсам деп ойлаушы ем.
Қазақпын деп айта алар
Мен болсам деп ойлаушы ем.

Тәкаппар дүние төріне


Емін-еркін шықсам-ау.
Айтқанымды тыңдатып,
Айтқандарын ұқсам-ау.

Деп ойлаушы ем, сол болды,


Арманыма жеттім мен.
Үдере жорттым, жол болды,
Тау төңкердім екпінмен.

Енді мені менсінбес


Европаның қай елі?
Қарсы келсем – құшақтар
Қаратпайтын әйелі.

Сорлы негр қара боп


Туғанына жазықты.
Тәкаппарсың дүние,
Көп қорладың аз ұлтты.

Қатарластың бірақ сен,


Аз дегенің көп екен.
Көміп кетер көпшілік,
Көп кешікпес күні ертең.

Бола бермес дүниеде


Күнде жанжал, күнде шу.
Жауып кетер жер бетін
Жалғыз ғана қызыл ту.

Сол қызыл ту астында


Күн келбетті қазақпын.
Оттар емес телмірген, Азаматпын, азатпын.

Енді сірә, дүние,


Танисың ғой мені сен.
«Танысамын соғысып»
Деп ойлама тегі сен.

Төрт құбылаң түгел сай


Қорқытпайды соғысың.
Жетпіс қабат қорғандай,
Батысымда – орысым.

Шымдай болат киінген


Шұғылалы шығысым.
Тас түлектей түйілген
Қырғыз, якут туысым.

Қазақ деген атымды.


Өшіре алмас ешбір жау!
Төбесінен, тиіссе,
Төңкерілер Алатау.

Аумағы мол алыппын,


Кеңіді менің құшағым.
Британия аралын
Қолтығыма қысамын.

«Тағы» емеспін тағы айтам,


Адаммын-ды бұрыннан.
Адаммын деп жылағам,
Адаммын деп қырылғам.

Тәкаппар ұлы дүние!


Қазақ деген – мен деймін.
Мылтығыңды ұсынба.
Қолыңды ұсын, кел деймін!

!? 1. Өлеңнің бірінші жолын қай фильмнен естідіңдер? 2. Өлеңнің идеясын, тақырыбын айтып көріңдер. 3. Не түсіндіңдер? Әңгімелеңдер.

1. Туған жер, өскен орта туралы не айтасыңдар? 2. Абайдың Жидебайы, Л.Н.Толстойдың Ясная Полянасы, С.Есениннің Рязані бар. Сендердің ше? 3. Туған жер, өлген жер туралы қазақ танымын түсіндіріп айтыңдар.

2. Ілияс Есенберлин (1915-1983)

1. Тарих пен әдебиет арасындағы байланыс туралы не айтуға болады?. 2. Қандай өз ел тарихына байланысты шығармаларды, ұнатып оқыған туындыларды естеріңе түсіріңдер. 3. «Менің тарихым» деп есептейтін бір туындыны атаңдар. Мысалы: «Көшпенділер» (Т.Теменов), «Сұлтан Бейбарыс» (Б.Мансұров)



(Мел Гибсон) «Апокалипсис», (М. Хотиненко) «1612» т.б.

Қаһар ( үзінді)

... Ертеңіне мәжіліс ашылды. Кенесары бар жағдайды ашып беріп, Шу мен Іле бойына көшуден бөтен жол жоқ деп сөзін бітіріп: «Ал енді қандай кеңестерің бар?» деп, отырғандарға көз тастады. Отырғандар еш жауап бере алмай жерге қарады. Осылай бірталай мезгіл өтті. Әлден уақытта барып Тәуке батыр: – Атта жал, адамда қом жоқ, – деді ауыр күрсініп, – біз қозғалып Шуға жеткенше қыс болады... Қыс та бір, жау да бір, босып барып қырылғанша, ажалды атамекен жерімізде тосып алған жөн. Ең болмаса, көмусіз қалмайық. Көшудің қажеті жоқ. Тағы да ешкім үндемеді. Тек от тісті, орақ ауызды қызу қанды Қыпшақ Иман батыр орнынан атып тұрып: – Не малтаңды езіп отырсың, Тәуке батыр? – деді даусы дала қыранындай шаңқ етіп, – жерінен, суынан айырылған халқына, Кенекең «әлі де болса жауыңа жеңгізбеймін, соңымнан ер» деп отырғанда, ел басына бүгінгі туған ауыртпалықтан қорқып, кейін шегінейін дедің бе? Атта жал, адамда қом жоқ, қыс көзі қырауда деп елдің қамын ойлаған боласың, Тәуке! Айдаһардай жұтайын деп келе жатқан жауынан соңынан ерген аз елін басқа жаққа әкетпек Қанекеңнің шешімі ел қамы емей, ненің қамы? Маған салсаң, қарамағымдағы елу ауылды ертіп Шуға қарай бүгін көшуге бармын. Туған жерім деп ақ патшаға кеткен қайырсыз қонысқа жабыса берер жайым жоқ. Бұл мәжіліс екі күнге созылды. Ақырында қарамағындағы елдің азғанасы ғана Кенесарыға еріп, қалғандары өздерінің тастап кеткен жеріне қайтпақ болды. Күздің қара суығында бір тайпалы ел екі бөлініп көшті. Қоштасқан найзагер достар, бірін-бірі қимай әзер айырылысқан сүйіскен жүректер, жылаған бала, жоқтау айтқан әйел, қайғы-қасіреттен адамның төбе шашы тік тұрарлық... Ең алдымен Арқаға қайтпақшы елдер көтерілді. Бұларды қыстың аязымен бірге ақ патша аға сұлтандарының қаһары қарсы алды. Әсіресе Қоңырқұлжа қарамағынан қоныс алған жұрт қатыгез қанды балақ аға сұлтаннан зар жылады. Ол Кенсарыда кеткен өшін қайтып келген елден алды. Бірақ оның да аға сұлтандық өмірі ұзаққа созылмады. Қиянаты тыстан асқан кезде бұның қылмысын тексеруге Омбыдан комиссия шықты. Сол комиссияның ішінде әділетті арман еткен жас офицер Есіркеген де бар болатын. Ол былтыр ғана Петербург кадет корпусын бітірген-ді. Және өткен жылы сол қалада Күміске үйленген. Қазақ елінің келешегі тек ұлы орыс халқымен ғана бірге болса көгеретініне әбден көзі жеткен жас офицер Қоңырқұлжалардан құтылу керек екенін де ұққан. Сондықтан өзінің демократшыл орыс офицерлері арасындағы қадірін пайдаланып, комиссияның сатылған өзге мүшелерінің пікірін аяқсыз тастатып, Қоңырқұлжаны орнынан түсіртті. Сөйтіп аз да болса елі-жұрты мен Күмістің өшін қайтарды, ал Кенесары соңынан қуғыншы түспесін деп отырған жерінен қыс түсе көшті. Кенесарының соңынан мың қаралы үй ерді. Қалған қалың бұқара қаны қарайған ханнан іргесін аулақ салып, өз қоныстарына тарады. Көш алды қара құрымданып ылдиға түсіп кеткенде, Кенесарымен бірге төбе басында тұрған Досқожа ақын шыдай алмай, домбырасын қағып-қағып жіберіп, көзіндегі жасын іркіп алды да, қарлыққан дауыспен жыр тоғытып қоя берді. Қалдың деп қайран елім, кең қонысым, Қамығып Кене тұрды жұртын ойлап. Кене хан енді көшті «я, құдайлап!» Тұрған соң хан қамығып, ел жабығып Досқожа толғай берді кегін қайрап... Көп ұзаған сайын, жыр да ұзай берді. Шыдай алмаған Кенесары алға қарай асыға шаба жөнелді. Ағыбай, Бұқарбай, Жеке батыр, Иман, Құдайменді, Наурызбай, Бопай, Таймас, Әбілғазы, тағы бір топ кісі аттарын борбайлай қайшылап соңынан ерді. Осыдан жеті жыл бұрын, көтеріліс басталған сәтте-ақ Кенесарыға қосылған бұл батырлардың ішінде, ел билігін қайтадан қолына алған Жоламан сұлтан ғана жоқ еді. Кенесарының бұл асыға көтерілуі ажалына асығуы болды. Екі жыл өтпей биылғы көрген түсі дәл өңіндегідей келіп, ол Кекілтауының бауырынан ажал тапты. Ал мынау көш Шыңғысхан шабуылынан бастап, алты жүз жылдан астам өзінің жері, суы, тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ атты көшпенді көкжалдардың ең соңғы ұлы көші еді.

Соңы



!?1. Мәтінді бүтіндей оқып шығып, түсінгендеріңді баяндаңдар. 2. Мәтін ішіндегі батырлардың аттарын атаңдар. 3. Мәжіліс екіге жарылады. Кімдер Кенесарыны қолдады, кімдер қарсы шықты? Неге? 4. Кенесары жолы – ауыр да қайғылы өлімге апаратын жол. Бірақ ел есінде қалды. Осыны түсіндіріңдер. 5. Кенесарыға ұқсайтын басқа тұлғаларды еске түсіріп, айтып көріңдер.
3. Жұбан Молдағалиев (1920-1988)
Мен – қазақпын

(үзінді)


Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.

Жөргегімді таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

Қуандағанда күлкімнен түн түрілген.


Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен,

Құрсағыма даланы сыйдырдым мен.

Пәк сәбимін бесікте уілдеген,

Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.


Мен – бұл кезде Шоқанмын, Абайлармын,

Оң-солымды туды енді абайлар күн.

Оятқандай даламда дауыстары

«Кім жазықты?» дегенде талайлардың.


Мен – қазақпын, бір биік белеспін мен

Европа да, Азия да емеспін мен.

Аралықпын, жетінші материктей,

Бірақ барша адаммен тел өстім мен.


Республика! Ерікті ел – Қазақстан!

Келді ақыры көп күткен жаз алыстан.

Келді алыстан аңсатып, армандатып,

Торды бұзған мен де бір мәз арыстан.


Мен – Жамбылмын, жаугер жыр ел тілеген,

Қазған ормын дұшпанға ентелеген.

Мен – Москва қорғаны, жиырма сегіз,

Мен – Әлия, мен – Мәншүк, мен – Төлеген.


Жеңімпаздар атына тост арналып,

Жатқан сәтте құшағын достар жайып,

Тұрды аспанда Егоров, Кантария,

Тұрды аспанда жас қазақ Қошқарбаев.


Сардаланың шөлдеткен сырдаң жазы,

Жапа-жалғыз сол көптен тұрған қазды

Алып келген өлтірмей – асқан өнер,

Найзагер күй сиқыры Құрманғазы.


Мен – қазақпын, жан Отан, бел балаңмын.

Махаббаты сенікі жер – даламның.

Ана сүйсе бір жүрек, менше сүйсін,

Кешір мені, аса айтсам – мен де адаммын.


Қандай дүние жетеді балауына!

Бәрі сенің, жан Отан, қалауыңа!

Өз бейнеңдей әлемге тұр танылып

Қазақстан гербі де, жалауы да.


Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске –

Айта бергім келеді, айта бергім!


1. «Мен – қазақпын» поэмасы қашан жазылды?

2. Шығарманың тақырыбы мен идеясын айтыңдар.

3. Ел тұлғаларынан кімдерді атайды? Олар туралы не білесіңдер?

4. «Мен – қазақпын» деген сөзді Жұбанға дейін қай ақын айтты? Шығарма қалай аталатын?

5. «Кім жазықты?» неге тырнақшаға алынып тұр? Қай қаламгердің шығармасы?

6. Шоқан, Абайлардың қандай еңбегі айтылады? «Оң-солымды туды енді абайлар күн» деген жолдардың мәні қандай?

7. Р.Қошқарбаев кім? Қандай ерліктерін білесіңдер.

8. Поэманы толық оқып шығыңдар

9. Ақынның «Мен – қазақпын» деген асқақ үні 60-жылдары айтылды. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан «Мен – қазақпын» дегенде қандай жетістіктерін қосады?

4. Мұқағали Мақатаев (1931-1976)
?! 1. М.Мақатаев өмірі туралы не білесіңдер?

2. Соғысты көрген немесе соғыстан кейінгі ұрпақтың жазған шығармаларындағы бейбітшілік туралы, соғысқа қарсылық жөніндегі туындыларды еске түсіріңдер. Осыны Мұқағалидан да қарап көріңдер. 3. Мұқағали Мақатаев өмір жолында әр түрлі қызметтер атқарды. Бұның себебі неде деп ойлайсыңдар? 3.1. Ешқандай қызмет ақын көңілінен шықпады; 3.2. Ақын өзі ешқандай қызмет қаламады; 3.3. Ақын мінезінің тұрақсыздығы; 3.4. Ақын қудалауға ұшырады; 3.5. Ақын өзін-өзі таба алмады. 4. Мұқағали Мақатаев алғашқы кітабын «Ильич» атауымен бастады. Неліктен? Сендер қалай ойлайсыңдар? 4.1. Бұл – саясат сұранысы; 4.2. Ақын билік қажетін табуға тырысты; 4.3. Ақын өзі сол кездегі саяси ақуалға сенді; 4.4. Осы кітабыменен әдебиет әлемінде танылғысы келді. 5. Ақын өмірін кейбір зерттеушілер С.Есенинмен салыстырады. Сендер кіммен салыстырған болар едіңдер?


# 1. «Бақыт» дегенді қалай ұғасыңдар? 2. Сендер танитын адам көшеде «бақыттымын» деп айғайлады. Сендер таңғалдыңдар, ыңғайсыздандыңдар. Ал сендер айғайлай аласыңдар ма? 3. Адамның жеке бақыты, отбасы бақыты, ел бақыты туралы не ойлайсыңдар?

Үш бақытым
Ең бірінші бақытым – Халқым менің, Соған берем ойымның алтын кенін. Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын, Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің.
Ал, екінші бақытым – Тілім менің, Тас жүректі тіліммен тілімдедім. Кей-кейде дүниеден түңілсем де, Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген, Құдай деген кім десе, Отан дер ем! ... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба? Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен.


Түтін түтет, Өс, өрбі, көгере бер, Немерелер көбейсін, шөберелер. Жадыңда ұста, Жақсылық күтпегейсің!

От емес, оқ сұрасаң маған егер!

Үш бірдей бақытым бар алақанда, (Мені мұндай бақытты жаратар ма!) Үш күн нұрын төгеді аспанымнан, Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!

?! 1. Ақынның әр бақытын жеке-жеке айтып, соған ой қосыңдар. 2. Ақын неге халқын, ұлтын жеке бөліп айтады? Тургенов бір сөзінде «Ресей – бізсіз өмір сүре алады, біз Ресейсіз өмір сүре алмаймыз » деген. Ал Мұқағали не дейді? 3. Тіл туралы афоризмдерді, мақал-мәтелдерді естеріңе түсіріңдер. 4. Ақын неге дүниеден «түңілсе де, тілінен түңілмейді»? 5. Мұқағали «Отаны» сенің «Отаныңа» ұқсай ма? Толғанып айтып көріңдер.



5. Қабдеш Жұмаділов (1936 жылы туған)

Соңғы көш

(үзінді)
… Қалаға қайтатын күні таңертең әке мен бала бір сәт оңаша қалған-ды. Көнетоз елтірі тымағын баса киіп, ішігін желбегей жамылып, төсегінің алдында жіпсіп-терлеп отырған Қанағат әлдебір сөз бастайтын ыңғай танытты. – Адамды заман билейді, Заманға жаман күйлейді. Жаманға билік берсеңіз, ардақ тұтар асылды табанға салып илейді, – деді баласының жүзіне көз тоқтата қарап. – Өмір бір орында байсал таппай, үдере тартып бара жатқан көш тәрізді. Ата-ұрпақ өмір көшін белгілі межеге дейін абстап әкеліп, түйенің бұйдасын бала-ұрпаққа ұстатады. Әлмисақтан бері өзгермей келе жатқан тірлік заңы осы. Ойлап тұрсам, әке мен бала бір-біріне қонақ екен. Өмір сапарында біраз дәмдес, жолдас болады да, күндердің күнінде қош-қош айтысып, айырылысатын кез де жетеді... Сен екеуіміз де сондай жол айырығына тақап тұрған сияқтымыз, балам! – деп аз-кем аялдады. Қанағаттың қоңыр үнінде адамды еріксіз баурап алатын бір құдірет бар еді. Басында алыстан жеткен сарындай саябырлау шықты да, бірте-бірте құлақ түбінде күмбірлеп, Естайдың жан-жүйесін ұйытып бара жатты. – Дүниеден көшетін кездің таянғанын денсаулыққа ілінген ақау ғана емес, «сен енді артық адамсың» дегенді уақыттың өзі де сездіреді екен, – деді әкесі сөзін жалғап, – сірә, мен де өзіме тиесілі өмір соқпағын әлдеқашан басып өтсем керек. Күн өткен сайын тіршілік аясы тарылып, қусырылып барады. Көзге шыққан сүйелдей боп, сүйретіліп жүре беруде енді қанша мән бар? ... Халыққа кәдірімнің барында, ел-жұрттың қайыр-дұғасы тиетін кезде, біздей кәрілер өз сиымен жолға түссе теріс болмайды. Қанағаттың солғын тартқан жанарында ұшқын пайда болып, жүдей жүзіне қызғылт бояу жүгіріп өтті. Әкесі өлім туралы айтқанда, Естайдың жүрегі дір ете қалды. – Сен енді маған алаңдамай, өз тірлігіңді ойла, балам! – деді. Қанағат қатайып. – Әкесін кім қанжығасына байланып жүр? Мен енді өлі болайын, тірі болайын, саған келтірер титтей пайдам жоқ. Зияным тисе тиер, бірақ пайдам тие қоймас. Заманыңның талқысына өзің түсесің сыбанып... Уақыт болса мынау – ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған. Аңдамасаң арандаласың. Уақып бол, балам! Жастық қызулықпен жанған оттың ортасына түсіп кетіп жүрме. «Ауылым көшті жотаға, шаңырақ салдым ботаға» дегендей біздің әулеттің ендігі үміті сенде қалып барады. Осыны есіңнен шығарма... Мен артыма қазына-байлық қалдырғам жоқ. Оның саған қажеті де болмас. Бізде атадан балаға жалғасып келе жатқан бір ғана мұра бар. Соған иелік етсең болғаны. Ол – адалдық, қайырымдылық, көпшілдік. Біздің тұқымда халыққа «әй, кәпір» атанған ешкім болған емес. Осы жолды ұстанып қалсаң, екі дүниеде разымын... Басқа не айтам?! Шешеңді ренжітпе! Қандай дауыл соқса да, осы үйдің отын өшірме, балам! Ал сапарың оң болсын! Енді аялдамай жүріп кетіңдер!

Осыдан бір сағат өткенде, Естай үйден шығып, есік алдында жегулі тұрған шанаға кеп отырды.

...Естай жүрерде әкесіне жалтақтап қарай берді. Соңғы рет анықтап көріп қалғысы келгендей, оның жүдеу жүзіне барқытпен тысталған сеңсең ішігі мен көнетоз тымағына көз жіберді. Қанағат оған «қош бол» дегендей басын изеп күлімсіреді. Шана орнынан сырғи жөнелгенде, Естайдың жүрегін әлдекім саумалап қысқандай, шымырлап, ауырып кетті. Біраздан соң артына бұрылып қарап еді, әкесі есік алдындағы ат байлайтын ақырдың қасында әлі қарап тұр екен. Естайдың жанарына жас толып, дүние бұлдырап шалынды.


1. «Әке мен бала да бір-біріне қонақ екен» деген сөйлемнен не ұқтыңдар? Әке мен бала мәселесі (И.С.Тургенов «Отцы и дети», Н.Гоголь «Тарас Бульба», М.Әуезов «Абай жолы» т.б.) неге әдебиетте өзекті тақырыптардың бірі болып қала береді деп ойлайсыңдар.

2. Қанағат өткен күннің, бала Естай болашақтың белгісіндей. Қанағат сөзінде Естай ұғымына сыймайтын сөздер, ойлар бар ма?

3. «...осы үйдің отын өшірме, балам!» деген сөз Естайға қандай міндеттер жүктейді?

3.1. Өз басың аман болсын.

3.2. Туған-туыстарыңды сақта.

3.3. Еліңмен бірге болуы.

3.4. Ұрпағыңды көбейту. Ойларыңды дәлелдеңдер.

4. Әкесі баласына қандай тілек, аманат қалдырды? Қалай деп ойлайсыңдар, әке аманаты орындала ма?

5. Тілек айтқан әке мен оны тыңдағын баланың қандай мінез сипаттары байқалады?

6. Оралхан Бөкей (1943-1991)

1. Сендер нені армандайсыңдар? 2. Арман және адам, арман және тағдыр деген тақырыпты талқылаңдар. 3. Кімді «армансыз» деп ойлайсыңдар?



Тортай мінер ақ боз ат

Біздің ауыл Салықсалғанның иығында отырған. Шілденің дәл ортасы болса да, бұл жерде қоңыр салқын, бұлтсыз күндері тамылжыған тамаша мезгіл басталушы еді. Не ыстық емес, не суық емес жайлаудың жайма-шуақ сәтінде, төбеңнен көкпеңбек болып төңкеріліп тұрар аспанға қарағайдың бүршігін лақтырып ойнайсың. Қанша құласаң ауырсынбайтын, канша құласаң жапырылмайтын күлтеленген күреңсе балапан табанымызға кілемдей жұмасқ тиюші еді-ау. Теңіз бетінен қаншама биік болғанмен, осы Салықсалғанның кез-келген жеріне жерошақ қазсаң, көлкілдеген су шыға келетін. Әсіресе, жаңбырлы күндері қырдан құлаған лайсаңға айналып, шошайтып-шошайтып қарағай бөренеден қиып салған үйлердің мазасын кетіретін. Ол кезде колхоз. Колхоздың сиыры күніне үш рет сауылады. Ал әр сауынның арасында шөп шауып, оны маялайтын. Кеште, тіпті түні бойы сеператорға сүт тартып, май шайқайтатын. Шаршау дегенді білмейтін


қыз-келіншектер соғыс жылынан кейінгі бейбіт күннің шуағына жылынып, сызылта ән салатын. Тау арасында жылтылдатып от жағып, ән шырқағанда, лаулаған жалын бақсыдай тілін жалаңдатып күй шертіп, тау-тасты күңірентіп тұрғандай әдемі сезілуші еді-ау. Біздер – балалар, күні бойы өгіз үйретіп, бұзау жаямыз, үш уақ сиыр сауғызамыз. Ымырт үйіріле, алтыбақан құрған азаматтардың маңайында арпалысып, тиіп-қашып ұлардай шулап ойнап жүргеніміз. Біздің ішімізде менен екі-үш жас үлкендігі бар Тортай атты бала болушы еді. Әке-шешеден тым ерте айырылып, алыстан қосылар аталастарының есігінде жүретін. Қой аузынан шөп алмас жуас, құлағының
сәл мүкісі бар, бала болып көп ойнамайтын жасқаншақ еді. Бәрімізден гөрі
ерекшелігі, таңертеңнен кешке дейін бас алмай кітап оқи беретін. Қолына не
тисе, соны талғамсыз оқитын Тортай ортамыздағы білгішіміз, аузымызды ашып тыңдар абызымыз сықылды. Тортай, әсіресе, мені жақсы көреді. Жанынан бір елі қалдырмайтын. Әкем ферма меңгерушісі, үйде ішім-жем мол, ит басына іркіт төгіліп жатушы еді. Шешемнің қолынан – бір, жолынан – екі алып, әр күн сайын Тортайға таситынмын. Ол мені алдап, тамақ үшін дос болмайтын, қайта:
«Мен аш жүргенім жоқ, әкеле берме», – деп ұрсатын-ды. Өз бейілі мен көңіл
хошы болмаса ләм деп аузын ашпайтын, әрі құлағы хақас еститін болған соң, әңгімеге зауқы бола бермейтін. Тек менімен ғана оңаша сәттерде ағыл-тегіл әңгіме құрушы еді. Бір күні мен Тортайды көп іздеп әрең таптым. Тұрған үйі аузына келгенін айтып, ұрсып қуып жіберіпті. Салықсалғанның ұшар басындағы қалың тас қорымның үңгіріне кіріп, от жағып отыр екен. Мені көрген соң, қуанып қалды. Орнынан атып тұрып: – Мені қалай таптың, ей? – деді. – Сенің үйің – осы тас күрке емес пе? Тортай тас күркені ұядай қылып жинап, тазалап қойыпты. Бұдан бұрын да осы жерге сан рет келіп, мекеніне айналдырған секілді. Қайран қалдым. Ағаштан қиып нар жасап, үстіне шөп төсеген. Өзіне тиесілі кітаптар әбден көп оқылғандықтан, жемтір-жемтір болып бір бұрышта жинаулы тұр. Төр алдына ешкінің терісі төселген. Қарағайдың жуан кеспелтек шәркесінен
стол жасап, май шам қойыпты. Тастан қаланған жерошақта маздап жанған от.
Сіркіреп жаңбыр жауды. Үңгірге су тимейді екен. Күн бұлтты болған соң ба, ымырт ерте үйіріліп, көз байлана бастады. Үйден ұрлап алып шыққан нан мен ірімшікті столдың үстіне қойдым. Нардың шетінде жалаң аяғын салбыратып үнсіз отырған Тортай: «Рақмет», – деді. Үні бір түрлі көңілсіз, қарлығыңқырап шықты. Ешкім жоқта жылаған секілді, оттың сәулесі тиген көзі қызарып, домбығып тұр еді. – Әке-шешең іздеп жүрер, үйіңе қайт, қорықсаң, мен шығарып салайын, – деді Тортай. «Әке-шешең» деген сөзді қырсығып айтқандай болды. Ал әке-шешемнің тірі, жер басып жүргеніне мен кінәлі емес едім. – Сенің жаныңа жата кетсем кайтеді, – дедім оттың шаласын ысырып. – Қайтасың! – деді ол міз бақпай. Мен бүгін оны мүлдем танымай
отырмын. - Қайтасың, әке-шешең менің басымды жарады. – Жармайды. Сен мені қума, дос емес пе едік? – «Ораза-намаз – тоқтықта ғана» деген. «Тоқ бала аш баламен ойнамайды» деген. Мен жауап бере алмадым, үндемеген қалпы, мыңқиып отыра бердім. Тортай мең-зең. Лаулаған отқа тесілген күйі күрсінді. Содан кейін нардан қарғып түсті де, тас үңгірдің тесігінен сыртқа үңілді. – Жауын ұзақ жауатын түрі бар. Төңірек тұтасып алыпты. Қонғың келсе, қона ғой, – деді маған. Өзі тізесіне салып қу бұтақты сындырды да, отқа тастады. Мен әкелген ірімшікті бір асап нарға қайта мінді. Содан соң «Аласталған Алитет» деген кітапты қолына алып әрі-бері аударыстырды да, ірге жаққа лақтырып жіберді. Жаңбыр төл астар емес, құлаққа тасқа тиіп тайғанап жатқан сыбдыр-сыбдыр үн естіледі. Күркіреп, сарқырамай ұрлана жауған нөсер, қайдағы-жайдағыны еске түсіріп, қиял дүниесіне жетелейді, немесе маужыратып ұйқыны келтіреді екен. – Босағада отырғаның не? – деді Тортай. Бағанадағыдай емес, көңілденейін депті. – Кел жаныма, мен сені тым жақсы көремін. Бастықтың баласымын деп мұрныңды көкке көтермейсің, қарапайымсың. Тас ошақтағы оттың сәулесі қабырғаларға түсіп, қоңырқай тартады. Төбеде тесік бар-ау деймін, тырс-тырс тамшы тамады бір жерден. Біз ертекті ескі дүниеде отырғандай едік. Менің кеңсірігім ашып, бір түрлі жылағым келді. – Тортай, – дедім. – Ау, – деді. – Әңгіме не ертек айтшы. – Баяғыда бір жетім бала болыпты, – деп бастады... – баяғыда бір жетім бала болыпты... ары қарай күңгір-күңгір, күбір-сыбыр ертекке айналды. Бүгінде менің есімде Тортай айтқан ертектің көбі қалмаған, тіпті сол арманшыл баланың өзін де ұмытқандай едім... Тек, «баяғыда бір жетім бала болыпты» деп басталушы еді, ал, қалай аяқталатынын білмеймін, мүлдем есімде жоқ, қалай аяқталушы еді?.. Менің жадымда тамаша сақталғаны, ол тас үңгірде шөп төселген нардың үстінде жатып, оқыған кітаптары мен өзінің арман-қиялы туралы түн ортасы ауғанша айтқан күбір-күбір әңгімесінің еміс-еміс елесі ғана. Мені жып-жылы қойнына алып, ағалық ақылын айтатын тым зеректігі еді. – Бұл дүниеде мен пір тұтар, сырласар жалғыз-ақ нәрсем бар, ол – кітап, – дейтін. – Әкем де, шешем де сол – кітап. Кейбірін екі-үш қайтара жалықпай оқып шықтым. Жалғыздығың, жетімдігің, бәрі-бәрі ұмытылып,
басқа бір жұмақты өмірге сапар шеккендей боламын. Әттең, жағдай келсе, оқуымды одан әрі жалғастырып, Алматыға аттанар едім. Шынымды айтайыншы, кітап жазып, жазушы болғым келеді. Ақжауын сіркіреп тұр. Тас ошақтағы от қоламталанып, үңгірдің ішіне қорқыныш ұялап, қараңғылана бастаған. Тортай әлі сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр... Арманы таусылар емес. Демі құлағымның түбіне жып-жылы болып сезіледі, ептеп қытықтайды. Мен үнсіз тындай беремін. Әлде тоңазығаннан, әлде қорқыныштан, Тортайдың бауырына тығыла түсемін. Жайлаудың жадыраған ашық күндерінің бірінде Тортайға еріп бұзаубағуға шықтым. Менікі еріккеннің ермегі сықылды еді. Тас шоқының ұшар басына дейін бұзауларды өргізіп бардық та, еркіне қоя бердік. Өйткені төрт аяқты мал бұл жерден ұзап ешқайда кете алмайтын. Биіктеген сайын қалың барағы орман таусылып, таудың таз төбесі басталатын. Заңғар таудың
төбесінде үнемі суық жел соғып тұратындықтан, ағаш болмайды және шөп те бойлап қалың өспейтін тақыр. Жазды күндері үнемі сезіміңді сергітер майда леп есіп тұрар еді. Ал шоқылар өркеш-өркеш болып, көк күмбезіне найзадай кіріп ұшпалана қол бұлғайтын. Қыздың жиған жүгіндей тай-тай, тең-тең жақпар тастың ара-арасына тас сарымсақ өседі. Тортай екеуміз тыртысып, қол-аяғымызды жаралай сол биікке шығып, сарымсақ жұлып жегенбіз. Бұл тұстан таудың балағы алақандағыдай көрінеді. Сонау шатқалда Алтайдың шолпысындай мың бұралып, ағараң қағып Бұқтырма өзені күмістене ағады. Ал біздің ауылымыз көкжалқақ мұнар пердесіне тұмшаланып, тек нобайы ғана сүлделенеді. Қына басқан тасқа құлап кетердей болып атша мініп отырған Тортай анау көк мұнар дүниеге бірдеңесін жоғалтып алғандай көзін сығырайтып ұзақ қарады-ай. Сосын шығыс жақты нұсқап, ереуілдеп
сөйлей жөнелетін. – Ей, – дейтін маған, танауы делдиіп, – егер осы тұрған жерімізден
тұп-тура шығысқа тартып кетсек, қайда барар едік? Білемісің, (мен иығымды кетеремін) ә, білмейсің. Монғолиядан бір-ақ шығар едік. Сен болмасаң, мен жүре беруден әсте шаршамас та, қорықпас та едім. Рас айтамын, Монғолияға барар едік. Бізді «о, қазақтар келді» деп құшақ жая қарсы алар еді. Аппақ киіз үйге кіргізіп, тай сойып қонақ қылар еді. Боз биенің сүтіне шомылдырып, алдымызға астау-астау қазы-қарта қояр еді. Ішеріміз – алдымызда, ішпесіміз – артымызда, қымызға қызыңқырап шәниіп жатқанда, ақ отаудың есігін ептеп ашып, ай мен күндей қос ару кірсе... әттең, дүние-ай, армансыз күліп-ойнасақ, содан соң... содан соң екеумізге екі ақ боз ат мінгізіп, әлгі екі сұлу қызды алдымызға өңгеріп елге қайтсақ. Алдымыздан ферманың бүкіл сиыры, бұзауы, түйесі, барлық адамдары қақ жарылып қарсы алып, шулап соңымыздан ерсе... әттең, дүние-ай, мұндай рақаттан кейін өліп-ақ кетсең, не арман... Тортай көзі жайнап, астындағы жақпар тасты тебініп-тебініп қалғанда, ар жағындағы шатқалға құлап кетеді екен деп, зәре-құтым қалмайды. – Ақ боз ат демекші, түнде түсімде көк өгізім арғымақ болып, жер тарпып кісінеп тұр. О несі екен? - деп, бұзауларымен бірге кәперсіз оттап жүрген өгізіне күн сап қарады. – Тортай, сен түбі сол ақ боз атқа мінесің,– дедім мен шын көңілімнен. – Қайдан, – деді ол тастан-тасқа секіріп, төменге түсіп бара
жатып. – Қайдан білейін... Әкем марқұмның тақымы қотыр тайға тимей кетіп еді, қайдан білейін. Күз жақындап, фермадағы барлық бала жайлаудан ауылға оқуға аттанғанда, тау басында бұзау бағып жападан-жалғыз Тортай ғана қалған. Әрине, мен оны қимадым, қиналдым. Өзіммен бірге ала кететін шаманың жоқтығына жыным келді. Кетерімде, ол маған ең сүйікті кітабын сыйлап тұрып айтты: «Мен үшін де оқы. Бәлкім, мен міне алмаған ақ боз атқа сен мінерсің». – Сенің өз ақ боз атың бар емес пе? – Жоқ, менің маңдайыма көк өгіз жазылған. – Онда мен ақ боз атымды саған сыйға тартамын.

* **


Содан бері көп жылдар өтті. Мен Тортайды да, ақ боз атты да әлдеқашан ұмытқанмын. Бір рет ауылға барғанымда, азаматтар сөз қылып отыр екен. Тортай үйленбек болып ішкері жақтан жуастау бір қызға сөйлеседі. Сонда қыз: «Жеке басыңды қорламаймын, мен көндім, бірақ жаман-жақсы болса да әке-шешем бар, солардың ықыласынсыз кете алмаймын, өзің алдарынан өтіп қайт», – деген екен. Содан Тортай атына міне шауып, қыздың үйіне барады. Сәлем алысқан соң, қалыңдықтың
әкесі: «Кімнің баласысың, шырақ?» – деп жөн сұрағанда, құлағының мүкісі бар Тортай ұқпай қалып: «Малдан келдім, ата», – деп қойып қалса керек. Ха-ха-ха... Шал: «Саңырауға қызымды бермеймін», – деп, ит қосып қуып салыпты. Елге енді бір рет барғанымда естідім. Тортай үйленген. Екі-үш баласы бар. Қой бағады екен. Былтыр жазда демалыс алып ауылға тағы бардым. Әкемнің төрт бөлмелі, бау-бақшалы үйінде еркін сайрандап, тойып жеп, тасыраңдап жүрмін. Шешем бәйек болып: «Не ішесің, не жейсің, құлыным», – дейді
зыр жүгіріп. Түске жақын жұп-жұмсақ диван үстінде шалқамнан түсіп серейіп, газет оқып жатыр едім. Алдыңғы бөлменің есігі әндетіп ашылды да, әлдекім кіргендей болды. Көрші-қолаңның бірі шығар деп, аса мән бере қойғаным жоқ. Әйтеуір, шешеммен сөйлесіп отырды. Әңгіме күңгірлеп еміс-еміс естіле берген соң, есіме баяғы бір қоңыр үн түсіп, еріксіз құлағымды
түрдім. Келген – Тортай екен... – Тәте, айып етпеңіз, әншейін. Орашқа амандасайын деп, өзімсініп келіп едім... – Ол ұйықтап жатыр, – деді шешем. – Оятпай-ақ қоялық. Төрге шық, отыр. – Жо-жоқ, о не дегеніңіз, тәте, маған осы босаға да жетеді, әншейін Ораш келді деген соң, амандасайын деп, баяғыда... бала кезде бірге өстік... талай рет бұзау жайып едік; енді, міне, ел таныған азамат
болды... айып етпеңіз, мен қазір кетемін, тәте... Ораш келді деген соң...
жалғыз ұлыңыз ғой, құдай қуат берсін... бізді қойшы... біз ондай үлкен кісілердің садағасымыз ғой... рақмет, тәте, тамақ ауыз тиейін; осы құрғырды жақпаса да баз-базында ішіп қоятыным бар... ал, тәте, Орашың
аман жүрсін... атағы аспандай берсін... қол қойдырып алайын деп, мына бір кітабын қойныма тыға келіп едім, тағы да соғармын... малдан қол тие бермейді... қыстай жемдеген торы атты управляющий алып қойған, тәте, мың салса баспайтын тағы бір тырақысын берді, «саған осы да жетеді, торы атты озат шопан мінеді» дейді... ал, кеттім, рақмет, тәте... келді-кетті деп сөге жамандамаңыз; әншейін Ораш келді деген соң, үлкен кісі ғой... бірге өскен, сәлем берейін деп... мен келді деп, тіпті айтпаңызшы, тәте, ұят
болар, ал сау болыңыз, рақмет... итіңдеп баяғы өзіңіз білетін Салықсалғанға жеткенше, түн ортасы болар... өзіңіз білесіз, Салықсалған алыс, өте алыс... Монғолияның бер жағында... Мен сұлап жатқан орнымнан белім кеткендей тұра алмадым. Шынымды айтсам, ұялдым – Тортайдан ұялдым. Батылым бармады. Бет-жүзім шыдамады. Сонда ғана менің есіме «баяғыда бір жетім бала болыпты...» деп басталатын ертектің қалай аяқталары оралды. Е-е, осылай аяқталады екен ғой, осылай...        Тортай мінер ақ боз ат... менің тақымымда кеткендей еді... иесіне қайтаруға кеш еді...

!?1. Неге Тортай жалғыз қалды? 2. Ол неге сүйікті кітабын Орашқа арнады? 3. Ауыл адамдары Тортай туралы қандай әңгіме айтты? 4. Тортай әңгімесінен не ұқтыңдар? 5. Ораш кімнен және неге ұялды? 6. Сендер де өз ақ боз аттарыңды міне аласыңдар ма?


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет