Синтаксистік бірліктерді тереңдете оқыту



жүктеу 131.81 Kb.
Дата08.07.2016
өлшемі131.81 Kb.
СИНТАКСИСТІК БІРЛІКТЕРДІ ТЕРЕҢДЕТЕ ОҚЫТУ
ҚАМЗАЕВА КҮЛШАТ САЛИКҚЫЗЫ
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

А.Байтұрсынұлының қазақ тілі синтаксисі туралы тұжырымдары мен оны оқыту жөніндегі пікірлері соны болып табылады. Тілші синтаксистің теориясын бір жүйеге түсірумен қатар, оны меңгертудің жолдарын ұсынды. «Ауыздан шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейді, айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық даражада түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болады» - деп, сөйлемнің қатысымдық қызметін айқындады [1.264]. Синтаксистің әр саласы туралы теориялық материалдардан кейін практикалық жұмыстарды «өлеңмен жазылған сөйлемдерді өлеңсіз түрге айналдыру; сөйлем ішіндегі мүшелерін айырту; сөйлемнің қажет болған түрлерін білім алушылардың өзіне тапқызу» түрінде беріп, сөйлем мүшелерінің қай сөз табынан болатынын нақты мысалдар арқылы дәлелдеді. «Ауызбен сөйлесу» және «жазумен сөйлесудің» ерекшеліктерін анықтап, сөйлем жүйесінің сөйлеу әрекеті түрлеріне қатысын айқындады.

Қ.Жұбанов сөйлеу сөйлемдер арқылы жүзеге асатынын дәлелдеп, «сөйлем бір сөзден де, бірнеше сөзден де құралады» дей келіп, жай сөйлемнің грамматикалық сипатының бірдей емес екенін анықтады. Ғалым синтаксистің нысаны семантика емес, тілдік тұлғалар мен солардың құрылысы екенін дәйектеп, «біздің қарайтынымыз – мағына жүйесі, семантика емес, грамматика. Сондықтан біздің мақсатымыз мағынаны баяндау емес, мағынаны қандай амалмен білдіреміз, осыны баяндау болу керек», – деп [2. 50] тұжырымдайды.

А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонанұлы еңбектеріндегі синтаксис туралы пікірлерге талдау жасап, сөйлем мүшелерін қазақ баласының танымына жақын дене мүшелерін мысалға ала отырып түсіндіреді. «Сөйлеу деген – біреудің екінші біреуге хабар беруі», – деп, ойды сөйлеу үдерісімен байланыста қарастырады [3. 5]. Ғалымның педагогика саласына қатысты зерттеулерінен оқу үдерісін білім алушының танымы мен қабілетін ескере отырып, ұйымдастыруға мән бергенін байқауға болады.

Білім алушының лингвистикалық дүниетанымы мен тілдік компоненттілігін қалыптастыру бағытындағы жаңа талаптардың жүзеге асуында бұл жол елеулі маңызға ие болады. Фактілер – ұғымдар – заңдар – жеке теориялар – тілдің жалпы адамзат дамуымен байланысы секілді тізбектің құрамына енген бөліктердің әр қайсысының өзіндік ерекшеліктерін айқындала дәлелденуі білім алушы логикасын дамыта түсумен қатар негізгі, қосалқы білімдердің ара қатынасын танытады. Осы мәселелердің барлығы білімнің тиянақтылығының кепілі бола алады. Білім алушылардың бойында білім қорының мол болуының пайдалылығына деген сенім қалыптаса бастайды.Ақпараттар ағымынан өзіне қажеттісін екшеу, саралау, жүйелеу, қорыту дағдыларын жетілдіреді. Бұрынғы кездері әдістемеші – ғалымдардың еңбектерінде оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру мәселесі көбірек орын алса, соңғы жылдары оның орнын білім беру ісін білім алушылар сол білімді түсінуі, меңгеруі тұрғысынан ұйымдастыру мәселесі кең өріс алуда[4.41].

Оқу үдерісін оқушының белсенді әрекеттерінің педагогикалық – психологиялық заңдылықтарын дәйектілікпен есепке ала отырып жүргізуге назар аударып қажеттілігі айқындалды.  Пәнді оқытуда эвристикалық тәсіл арқылы оқу материалын оқушының өздігінен түсінуі мен шешуі атап көрсетіледі. Грамматикалық ережелер мен анықтамаларды, оның заңдарын білім алушы өзіндік ой қорытулары арқылы түйіндейді. Мұндай сабақтарды мұғалім алдын ала жоспарлап, онда мынадай міндеттерді белгілейді: 
- грамматикалық материалдарды білім алушыға түсіндіру жолын ықшамдап, өнімді әрі баланың қабылдануына, ақыл – ойына қонымды болу жағын қарастыру. Атап айтсақ,білім алушыларға қатысым тәсілі арқылы синтаксистегі аталмыш жүйенің орнын анықтап алу қажеттілігін назарға алуымыз қажет. Тілдегі лебізді білдіру мен жариялау қызметін атқаратын жүйені синтаксистік жүйе дейміз. Тілдің басты коммуникативтік қызметі осы жүйе арқылы жүзеге асады. Айтылатын лебіздің мазмұны, соған байланысты ауқымы әр түрлі болып келеді. Лебіз жай пікірді, күрделі пікірді, тіпті концептуалды ойды хабарлай алады.

Қазақ тілінің синтаксистік жүйесінде лебіздің мазмұн түрлеріне сай қалыптасқан синтаксистік тұлғалар бар. Жай пікірді айтуға жай сөйлем қызмет етеді. Күрделі пікірді айтуға құрмалас сөйлем қызмет етеді. Мазмұны бұдан күрделі лебізді айтуға синтаксистік шалым, мәтін (текст) деп аталатын тұлғалар білдіреді. Білім алушыларға коммуникативтік сапасы бар синтаксистік тұлғалар, яғни жай сөйлем,құрмалас сөйлем,



синтаксистік шалым, текст екенін Блум таксономиясының «Білім және Тұжырым» деңгейінде меңгерткен жөн.

Меңгерілуге тиіс материалдардың түйінді мәселелерін оқушының өздері ашатындай жағдай тудыру, олардың түсіну дағдыларын қалыптастыру. Тіл білімінің, оның синтаксис бөлімінің зерттейтін нысаны - осы тұлғалар, тұлғалардың кұрылысын оқыта отырып, синтаксистік тұлға деп танылатындар - коммуникативтік жағынан немесе құрылымдық жағынан дербес көрінетін конструкциялардың барысына эвристикалық әдіс арқылы ұғындыру. Мысал келтірелік:Ерте шыққаны асығыс; ерте шықты, өйткені асығыс.Мағынасы жағынан бұл екі конструкция ұқсас болғанмен, бірі - жай сөйлем, екіншісі - құрмалас сөйлем ретінде танылады.Синтаксистік форманың статусын ашуда синтаксис саласы мен морфологияның байланысы анықталмақ.

Білім алушыларға дидактиканың ғылыми ұстанымын басшылыққа ала отырып, синтаксистің морфологиялық формаларымен байланысын, ерекшеленетін жағдайларын байқау жүргізу көзделеді. Морфологиялық форма мен синтаксистік форманың айырмашылығы: Морфологиялық форма синтаксис үшін қызмет етпей, тек сөздің мағынасын, түрін құбылту үшін жұмсалады. Қосымшалар- морфологиялық тұлғалар -тек синтаксистік конструкциялар құрау үшін ғана жұмсалып жүр: Жүргісі келді; Жүргім келді.

Тілдің синтаксистік саласында да өзіне тән қалыптасқан формасинтаксистік форма бар:сөйлем мүшелерінің түр-түрінің арнаулы көріну формасы бар; болымды, болымсыз сөйлемдер; сұраулы, лепті, хабарлы сөйлемдер де белгілі синтаксистік формалары арқылы өзара ажыратылады.



Синтаксистік форма- белгілі синтаксистік тұлғаларды қалыптастыратын,құрайтын амалдардың көрінісі.Мысалы,

-қалаға

} мекендік бағыт

-көлге

- кеттің - мезгілді, жақтық қатынас;

-Ол-инженер-субьект пен предикаттық заттың арасындағы қатынас;

-Бала жас- субьект пен предикаттық сапаның арасындағы байланыс.

Проблемалық сұрақтар білім алушылардың белсенді әрекеттерін туғызуға түрткі болып өздігінен ой түйіндеулеріне әкеледі. Мұнда баланың танымдық дербестігін, шығармашылық дағдыларын қалыптастыру үшін салыстыру, талдау, жинақтау, ой қорыту секілді ойлау операциялары жүзеге асырылады. Мысалы, синтаксис (тілдің синтаксистік құрылысы) – ойлау жұмысын білдірудің амалы, формасы.

Жалпы білім алушыларға әр пәннің зерттеу әдістері жайлы мағлұмат берілуін жөн деп санаймыз. Синтаксис пәнінің зерттеу әдісі болып табылатын тілдік фактілерді талдау, тану әдісі жайлы түсінік қалыптасқаны дұрыс. Олардың бастылары мыналар: 1)Тіл фактілерінің мағына, форма көрінісіне карай даралай, оларды басқа формаларға қарсы койып салыстыру, талдау арқылы ерекшелігін табу. Бұл - тіл білімінде ең жиі жұмсалатын әдіс.Ол егісті суғарды. - Ол егісті суғарды ма?2)Тіл фактілерін тарихи ескерткіштердің фактілерімен және туыс тілдердің фактілерімен салыстыру арқылы, оның құрылу, жұмсалу ерекшелігі ашылады.Келген жок, келмеген - есімшенің осы екі болымсыз формаларының жұмсалуындағы ерекшеліктер олардың тарихи калыптастыруын ескергенде ғана анықталады. 3)Типологиялык әдіс. Бұл - туыс емес тілдердің фактілерін салыстырып зерттеу. Әдістің тигізетін пайдасы - тіліміздің синтаксистік кұрылысындағы ерекшеліктерді анықтап тануға жәрдемдеседі, әсіресе, бір логикалык форманы білдіретін түрлі тілдегі синтаксистік формаларды жалғастыру арқылы тіл мен ойдың ара қатынасын ашуға көмегі көп. Көргенім кеше. Кеше көрдім.Ол жолдасын көргенін айтты. - Рассказал, что видел друга. Бұл мазмұңды білдіретін екі тілдегі сөйлемдерді салыстыру арқылы біз казақ тіліндегі субстантивтік амалдың орнын дұрыс танимыз. Типологиялық салыстыру тек ерекшелікті байқау үшін емес, тіл-тілдердің шығу тарихы бір болмаған күйде де ұқсас келетін жайларын байқатады, ондай ұқсастықтың себептерін білдіреді. 4)Статистикалык әдіс. Бұл әдіс аркылы синтаксистік тұлғалардың жұмсалу аясы, өрісі, тұлғалардың мөлшер көрінісі зерттеледі[5.34 ].

Синтаксистік бірліктерді меңгерту тақырыбынан кейін кесте, сызба жасату үстіндегі ойын дәлелді қорғауға үйретуге лингвистикалық әрі логикалық тұрғыдан дамужүзеге асады. Мұнда әр тақырыптан / «Синтаксистік тұлға», «Синтаксистік және морфологиялық тұлғаның айырмашылығы», «Тілдік фактілерді талдау әдістері»/ ішкі байланыстарын ашу арқылы қарапайым қорытындылар жасаудан бастап, саралау, оларды классификациялау жұмыстары үстінде ойлау операциялары дамытылуымен қатар, білім алушының зейін, ерік, шығармашылық қиял, тақырыптық ерекшелігі де өрістейді.

Тіл фактілерін тану әдісінде білім алушылардың өздік жұмыстарына бағыт беру жұмыс көзделуі тиіс.Әрқашан сабақтастық ұстанымын басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізген тиімді. Себебі білім алушы үшін синтаксис бұрын таныс тақырып болса, оған қатысты синтаксистік форма, тұлға, құрылыс тақырыптарын өз бетінше меңгеруі барысында терең білім алуға өз ықпалын тигізеді.


Синтаксистен білім алушының қызығушылығын оятып, оның қажеттілігіне көз жеткізетін дидактикалық талаптардың бірі – білім алушыға одан берілетін теориялық білімнің практикалық мәні екі жүйеде қатар, сабақтастырыла жүргізілуі тиіс. Атап айтсақ, сөз - синтаксистің де нысаны. Сөз синтаксистің қарауына түскенде, екі немесе бірнеше сөздің бағыныңқы-басыңқылық байланыс ыңғайынан зерттеледі» тұжырымыны білім беруші де білім алушы да ойлау операцияларының алдына мақсат етіп қойған абзал. Білім алушы бағыныңқы сыңар ман басыңқы сыңарға қатысты: актив тіркесімділік басыңқы сыңарға байланысты, пассив тіркесімділік бағыныңқы сыңарға катыстылығын байқау әдісі арқылы зерделеуі тиіс. Мысалы:білімді азамат, жігерлі азамат, ойлы азамат, ақылды бала, ақылды студент, ақылды шәкірт Сондай-ақ сөздің синтаксистік мағынасы лексикалык мағынасына карағанда шектеулі болады. Жеке тұрғанда немесе қолданыс жағдайында сөздің көп мағыналы болатындығы белгілі, бірақ синтаксистік сөз тіркесі жағдайында бір-ақ лексема қолданысқа түседі. Нақтырақ айтканда, көп мағыналы сөздің бір сөз тіркесінде бір мағынасы байқалады да, екінші сөз тіркесінде екінші мағынасы байқалады, тіпті үшінші сөз тіркесінде үшінші мағынасы ашылады. Білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында тілдік дәйектемелерді келтіріп отырған жөн. Мәселен, казақ тілінде «көз»сөзінің 9, ал нәзік реңктерін есептегенде, 215-тей мағынасы бар екен:


«Көз»сөзі

Мағынасы

Көзің жарық жұлдыздан, Шашың жібек құндыздан (Жамбыл)

көру мүшесі

Қазақстанның Орталық музейінде сақталган бір ғана әйел ерінің өзінде отыз бір көз орнатылган (Арғынбаев)

ою-өрнектегі әшекей

Нанбасаңдар, сұраңдар мына Омардың көзі тұр гой, айтсын, - деді Сәду даусын қаттырақ шыгарып (Тілегенов)

заттың, нәрсенің немесе адамнын өзі

Енді мен хат жазамын Нұрханга емес, Мәлік, Задаға емес, Солардың қалган көзі Тойғанбалаға (Мәуленов)

өткеннің белгісі

Мария өстіп налып жүргенде, академик Лысенконың картоп көзін қалай егіп өсіруге арналган мақаласы газетке жарияланды (Тілеков)

жемістің кіндігі

Кесте тігетін инелер молтақ, көздері кең болганы жөн (Қасиманов)


иненің тесігі

Үйдің ішінде отырып керегенің көзінен сыртка көзін қадайды (Есенжанов)

керегенің тесігі

Қарапайым сөздер әдеби сөздердің сарқылмас көзі болгандықтан, әдеби тіл өз қорын қарапайым сөздерден алып отырады ("Қазіргі казақ тілі");

белгілі бір нәрсенің қоры

Ол екі қолымен жер тірей еңкейіп, көз суынан гана ішті (Әлімқұлов)


қайнар

Мұндай мысалдарды тек зат есім емес, сөз таптарының барлығынан дерлік келтіруге болады. Қайсысы болғанда да, сөз тіркесінде, сөйлем құрамында бір ғана мағынасымен колданылып, синтаксистік катынас жасайды[6.27].

Ілгеріде айтылған, актив тіркесімділігінің арқасында басыңқы сыңар қызметіндегі сөздің бағынынқыдағы сөзге әр түрлі тұлғада келуін "талап ететін" жайлары да баршылық. Мысалы,Отанын ойлау - Отаны туралы ойлау; білмегендігіне кешірім сұрау - білмегендігі үшін кешірім сұрау; табысты сөз ету - табыс жайында сөз ету; досымен кездесу - досына кездесу; есіктен шығу - есік арқылы шығу; риза болғанына қуану - риза болғандықтан қуану т.б.

Синтаксистік тіркесімділіктің бұдан басқа да көптеген ерекшеліктері бар. Солардың бірі басыңқы сыңардың да, бағыныңқы сыңардың да белгілі сөз таптарынан болатындығы. Хат жазды - хат жазылды - хаттың жазылганы сөз тіркестеріндегі екінші сыңар - етістіктер де, бірінші немесе бағыныңқы сыңардағы сөздер - зат есімдер. Сондай-ақ ағаштың жапырағы, кітаптың мұқабасы, дәптердің беті сияқты сөз тіркестерінде екі сыңар да зат есімдер болып тұр. Тез келді, жылдам сөйледі дегендерде бірінші сыңарлар - үстеулер, ол екінші сыңарлар - етістіктер. Ойланып айтты, қостай сөйледі, күле қарады тәрізді сөз тіркестерінің екі сыңары да етістік сөздер болып келген. Менің інім, сенің жетістігің, олардың мектебі сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңарларының есімдік, басыңқы сыңарларының зат есім екенін байқау қиын емес. Он үй, бесінші сынып, алпысыншы пәтер сөз тіркестерінің басыңқы сыңарлары зат есім де, бағыныңқылары - сан есімдер.

Сөз тіркесінде көмекші есімдер толық мағыналы сөздердің тобында бір сыңардың қызметін атқарады. Бұған көмекші есімдер, көмекші етістіктер, сондай-ақмодалъ сөздер жатады. Үйдің қасына тоқтады, аула ішінде тұр деген сөз тіркестерінде бағыныңкы сыңарлардың көмекші есімдермен келіп тұрғаны көрініп тұр. Сол сияқты, мектепке келе жатыр, жауабын айтып болды, көңілді сөйлей бастады дегенсөз тіркестеріндегі басыңқы сыңарлар кызметіндегі күрделі етістіктер көмекші сөздер арқылы жасалғаны білініп тұр. Хабарды жеткізгім келіп еді, жұмысты орындау қажет типтес сөз тіркестерінің басыңқы сыңарларына қарап кимыл-әрекеттің жүзеге асу процесінде модалдылықтың көрінісбергенін аңғарамыз. Бірақ көмекші сөздердің синтаксистік единица құрамындағы кызметін жоққа шығаруға болмайды. Айталық, жалғаулықтар сөз тіркестерінде немесе құрмалас сөйлем жағдайында сыңарлардың (компоненттердің) арасындағы синтаксистік байланыстар мен қатынастарды білдіреді. Шылаулар мен модаль сөздер болса айтушының немесе жазушының айтылған ойға субъективтік көзқарасын немесе субъектік қатынастарын білдіреді. Демек, синтаксис саласында көмекші сөздердің атқарар қызметі жоқ деген ұғым тумауға тиіс. Әңгіме толық мағыналы сөздер мен көмекші сөздердің қызметтерінің бірдей еместігінде болып отырғандығын білім алушыларға жаттығу әдісі арқылы меңгерткен жөн.



Синтаксистік тіркесімділік туралы сөз болғанда, тіркесімділіктің басқа да түрі бар екенін естен шығаруға әсте де болмайды.Тіркесімділіктің келесі бір үлкен түрі - лексикалык (сөздік) тіркесімділік.Лексикалық тіркесімділік жайлы зерттеу қазақ тіл білімінде ғана емес, түркологиялық лингвистикада, тіпті әлемдік тіл ғылымында толыққанды зерттеулер болмай отыр. Десек те, синтаксистік тіркесімділікке байланысы болғандықтан, білім алушыларға мұның да маңызын атап өткен жөн.Аталып тұрғанындай, мұндайда сөздің мағынасы басты назарда болуға тиісті. Солай болғандықтан да кез келген лексемалар бір-бірімен кездейсоқ тіркесе бермейтінін ескермеске болмайды. Әсіресе, қандай жағдайда лексикалық тіркесімділіктің болмайтындығын олар білуі қажет.

Синтаксистік единицалардың сыңарлары белгілі бір синтаксистік қатынаста болады. Керісінше айтқанда, әр түрлі синтаксистік байланыстардың нәтижесінде синтаксистік қатынасжасалады. Ол байланыстар сан алуан болып келеді:сөз бен сөздің тұлғалық жағынан байланысуы;таза сөз тұлғалары арқылы байланысуы;жай сөйлем мен жай сөйлемнің байланысуы;жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің байланысуы;құрмалас сөйлем мен құрмалас сөйлемнің байланысуы т.с.с.

Қазіргі таңдағы жаңа технология үдерісінің басты ерекшелігі сол білім алушыларға білім берушінің мәселе қоюын басты назарда алуында болып отыр.Мұндаол білім алушылармен біріге отырып, ойлаудың жолдарын ашады, оқу әрекетінің барысына бағдар береді, жетектейді. Осылайша білім алушы қоғам, ғылым шешіп қойған, бірақ өзі үшін жаңалық болып табылатын проблеманы шешуге кіріседі.



Пайдаланылған әдебиеттер

1.Байтұрсынұлы А, Тіл-құрал, Алматы.2003

2.Жұбанов Қ.Қазақ тіліндегі зерттеулер. Алматы.1997

3.Шонанұлы Т.Қазақ тілін оқыту методикасы. Алматы.1967

4.Блум таксономиясы.Астана, 2013

5.Әмір Р.С., Әмірова Ж.Жай сөйлем синтаксисі. 2003

6.Жұмабаев М. Жеке тұлғаны қалыптастыру. 2009

7.Оразбаева Ф.Тілдік қатысым теориясы. 2001

8.Қазақ грамматикасы, Алматы,2003
Резюме

В статье рассматриваются методы и приемы обучения синтаксических единиц. Обучение, основанное на раскрытии значений языковых терминов, позволяет вызвать интерес обучающихся к данной дисциплине и помочь им понять материал. Теория познания играет роль в процессе освоения синтаксических единиц обучающимися.


Summary

The article considers syntactic form of teaching methods of methodists – scientists as A. Baitursynov, K.Zhubanov. There was also mentioned methods of activating students’ interests and language compilation.



Кілт сөзі: Әдістеме. Синтаксис. Сыни тұрғысынан ойлау. Білім алушы.Термин. Мәселе қою.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> А. Б. Салқынбай ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алматы, Қазақстан Сәкен өлеңіндегі сырбаз
publications -> Қазақ тіліндегі «АҚ», «Қара» СӨздеріне байланысты мақал-мәтелдер құрбанов А. Г., Қайырбекова Ұ. Ж., Үкібасова Ғ. А
publications -> Коммуникативтік қажеттілік – тіл үйренудің басты факторы Т. Н. Ермекова, Ф.ғ. д., профессор
publications -> ӘӨЖ 811. 512. 122 Субстантивтену процесінің НӨлдік тұЛҒада келіп басыңҚы сыңарда жұмсалуы
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к
publications -> Шерлілер сөзін сағынған Шернияз ақын
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> О. Сүлейменов өткен ғасырдың 1960 жылдары Қазақстанның ақындық және жалпы мәдени өміріндегі феноменальді құбылыс. Өлеңдерін орыс тілінде жазған қазақ ақыны Одақ көлемінде тез арада танымалдылыққа қол жеткізді
publications -> Жамбыл жырларындағы батырлар бейнесі Айтбаева Айман Ералықызы ф.ғ. к., доцент Шыңғысханқызы Аружан к-13-1 оқу тобы студенті Қорқыт ата атындағы ҚМУ




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет