Су апаты – цунами (табиғаттың мұндай алапат апаты елу жыл шамасында қайталанып тұрады)



жүктеу 71.08 Kb.
Дата08.07.2016
өлшемі71.08 Kb.


Журнал «Зерде» Алматы. 2005. № 1
Су апаты – цунами

(табиғаттың мұндай алапат апаты елу жыл шамасында

қайталанып тұрады)
2004 жылдың 26 желтоқсанында, Азияның оңтүстік-шығысында Суматра аралы (Индонезия) маңында бұрын-соңды болмаған ең жойқын сілкіністердің бірі болды. Әлемдік сейсмологиялық орталықтың деректері бойынша бұл зілзала апатының негізгі параметрлері:

- болған уақыты t=7 сағат 58 минут, жексенбі, 26 желтоқсан 2004 ж;

- координеаталары =3,320 N, =95,850 E;

- ошақтың тереңдігі Н=10 км;

- магнитудасы*) М=9,0;

- сілкініс ошағына ең жақын орналасқан қала - Суматра аралындағы Banda Aceh қаласы (250 км), Индонезияның астанасы Jakarta қаласына дейін 1605 км.

Зілзала апатының ошағы Үнді және Бирма тақталарының шекарасында орналасқан (суретте басты дүмпудің ошағы жұлдызбен көрсетілген). Кейінгі зерттеулер нәтижесінде бұл жерде Үнді тақтасы солтүстік-шығысқа қарай Бирма тақтасын сүңги жылына 6 см шамасында жылжып тұратыны анықталды. Сілкініс нәтижесінде осы екі тақта шекарасының 1200 шақырым ұзындық бойы қозғалысқа келгені анықталып отыр.

Жер-жаһанды дүрліктіріп жатқан бұл жойқын апаттың салдары күнен-күнге өсуде. Осы мақала дайындалып жатқан шақта, яғни 9 қаңтарда бұл апаттың құрбандарының ұзын саны, ақпарат құралдары деректері бойынша 180 мыңға жетті. Әдепкі кезде кейбір ақпарат құралдары бұл ірі қопарылыстың нәтижесі болуы ықтимал деген де хабар таратты. Жоқ, бұл мамандар арасында белгілі мұхитасты жер сілкінісі және оның әсерінен тараған цунами толқындарының зардабы. Мұндай жойқын жер сілкіністері ең қуатты деген жарылыстан мыңдаған есе көп. Интернет деректеріне көз жіберсек, сілкініс ошағынан бөлінген сейсмикалық энергияның шамасы 20·1017 Джоуль, бұл деген қуаты шамамен 475 мегатоннаға, яғни 1946 жылғы Хиросима қаласында жарылған 23 000 атом бомбасына пара-пар.

Цунами (жапон. цу – қойнау, нами – толқын) деп мұхит түбіндегі тектоникалық қозғалыстардың әсерінен туатын апатты толқынды айтады. Егер жер сілкіну ошағы мұхит түбіне сәйкес келсе, онда сілкініс кезінде мұхит түбінің бедері бұзылып, осы аймақтағы мұхит суының көлемі күрт өзгереді. Двигательдегі жұмыс істейтін поршень сыяқты осы аймақтағы алып су массасы жоғары көтеріліп немесе төмен түседі. Бұл құбылыс ашық мұхитта биіктігі ондаған сантиметр (сирек, метрге дейін), жоталары бір-бірінен алшақ (100-300 шақырым), толқындар тудырады (ашық мұхитта білінбеуі де мүмкін). Жан-жаққа тараған толқын саяз жерлерге (жағаға) жақындағанда, толқынның төменгі жағы су түбіне тиіп тежеледі (таралу жылдамдығы 50-100 км/сағат-қа дейін азаяды), жоғарғы бөлігі ілгері ұмтылып, толқынның биіктігі күрт өседі (аттың шапшып, артқы аяқтап тік тұратынына ұқсас). Егер де мұхит жағалауы жазық емес шығанақ болса, онда толқынның биіктігі тіпті зор болуы ықтимал.

Бұл апаттың жан түршігерлік зардаптарының негізгі себебі, әлемнің қауіпті жерлерінде әлі де болса цунами толқындарын алдын-ала ескертетін арнайы халықаралық жүйенің жоқ болуына байланысты. Цунами толқынының таралу жылдамдығы 970 км/сағат-қа тең. Бұл сейсмикалық толқын жылдамдығынан ондаған есе аз. Қазіргі автоматтандырылған сейсмологиялық станциялар жүйесі жер сілкінісі болған жерін (эпицентрін) бірнеше минут арасында анықтайды. Егер 10 минут ішінде сейсмологтар жер сілкінісінің мұхит астында болғанын, оның магнитудасын анықтаған болса, онда 1000 щақырым қашықтықта мұхит жағалауында орналасқан елдерге цунами толқынының жетуіне 40 минуттай уақыт бар. Ал, егер жағалаудағы елді мекенге дейінгі аралық 3-4 мың шақырым болса, онда қауіпті аймақтан қашып құтылуға уақыт тіпті жеткілікті. Егер де қазірде Үнді мұхиты жағалауында осындай цунамиді алдын-ала ескертетін халықаралық қызмет болған болса, онда мұндай жан тебірентерлік оқиға болмаған болар еді.

Неге халықаралық қызмет керек екендігі оқырман қауымға түсінікті болар. Өйткені, бұл қызмет сейсмологиялық деректерді үлкен аймақтан жинап, сілкіністің магнитудасы мен орнын дәл анықтауы керек. Сонымен қатар бұл қызметтің негізгі мақсаты сілкініс ошағының механизмін (пайда болу ерекшеліктерін) анықтау қажет. Егер де сілкініс ошағында тектоникалық блоктардың өзара қозғалысы (жер сілкінісінің негізгі себебі) тік бағытта болса, онда цунами толқыны міндетті түрді пайда болады, ал егер блоктардың қозғалысы көлденең бағытта болса, онда цунами толқыны тіпті пайда болмауы да ықтимал. Сондықтан бұл қызмет сілкіністің орнына, оның механизміне, магнитудасына, елді мекеннен арақашықтығына, мұхит түбі бедеріне, жағалаудың пішініне байланысты ықтималды цунами толқынының биіктігін болжайтын арнайы компьютерлік программалармен жабдықталуы керек.

Көріп отырсыздар, бұл қызметтің адам өмірі мен халық шаруашылығына цунами толқындарының келтіретін зардабын азайтуда ролі орасан зор. Сондықтан да цунами толқындары қауіпті аймақтарда аталмыш қызмет міндетті түрде болуы қажет. Мұндай арнайы қызмет қазірде Тынық мұхит жағалауын қоныстанған 25 мемлекетте бар (Ресейдің Қиыр шығыс региондары да кіреді). Оның орталығы АҚШ-тың Гавай аралдарында, Гонолулу қаласында орналасқан. Егер де Тынық мұхит түбінде күшті жер сілкінісі болған жағдайда, бұл орталық барлық мүше-мемлекеттерге сілкіністің орнын және күшін тез арада анықтап, цунами толқындарының болу ықтималдығын және оның қанша уақытта жағалауға жетуін хабардар етеді.

ХХ ғасырдың екінші жартысында цунами толқындарының зардабы әлемде бірнеше рет болған. Олардың iшiнде өздерiнiң апатты цунами толқындары зардабымен ел арасында төрт жойžын зілзала апаты есте žалды.

1952 жыл, 4 қараша. СССР, Камчатка жағалауы. Зілзала апатынан пайда болған цунами толқындары Ресейдің Киыр шығысындағы Камчатка жағалауында орналасқан балықшылар поселкасын (үйлер мен адамдарды қоса) шайып кетіп, кемелерді 300 метрдей жерге итеріп тастаған.

1957 жыл 9 наурыз, Аляска жері. Жер сілкінуінен пайда болған цунами толқындары Гавай араладрына, Калифорния, Чили, Жапон жағалауларына жетіп, халық шаруашылығына айтарлықтай зиян келтірді.

1960 жыл, 22 мамыр, Чили елі. Эпицентрдегi күшi I0=XI-XII баллға (М=8,6) жеткен бұл керемет апаттан пайда болған жарылымның ұзындығы 500 шақырым, енi 20-30 шақырым болды, мұхит жағалаулары 2 метрге дейiн төмен түсiп, су астында žал­ды. Он мыңға жаžын адам апат болды. Цунами толқындар Гавай аралдарына, Жапонияға жетіп, бұл жерлерде жүздеген адам апат болды.

1964 жыл, 27 наурыз, Аляска жерi. Сiлкiнiс әсерiнен (М=8,6, I0=X-XI балл) жер бетiнде пайда болған жарылымдардың жалпы ұзындығы 800 шақырымға жеттi. Бұл сiлкiнiстің әсерінен Жапония жағалауында ірі цунами толқындар пайда болып, халық шаруашылығына қыруар зиян келтірді.

Міне көріп отырсыздар, аталған жойқын сілікіністердің арасында 2004 жылғы 26 желтоқсанда болған апаттың (адам қазасы, қамтыған ауданы, магнитудасы) орны айрықша. Апаттан кейін екі жетідей уақыт өтсе де, әлі де бұл ауданда ірі сілкіністердің болып жатқанын ақпарат құралдарынан есітіп жатырмыз. Зілзала апатынан үш күннен кейін, яғни 29 желтоқсанда, әлемдік сейсмологиялық қызмет бұл ауданда 68 ірі сілкіністердің болғанын хабарлады. Олардың арасында 13 жерасты дүмпуінің магнитудасы 6,0-ден жоғары, ал ең үлкені басты дүмпуден 3 сағаттан кейін болды, оның магнитудасы 7,1–ге тең. Бұл злізала апаты болған жерде (Суматра аралы маңы) оның ошағынан бөлініп шықпай қалған жер қойнауындағы қалдық энергияға байланысты. Кейінгі дүмпулердің (афтершоки) энергиясы бас дүмпуден аз болғанымен, олардың арасында әлде де күшті сілкіністер болады.

Ақпарат құралдарында осы злізала апатына байланысты алып-қашпа сөздер туып жүр. Солардың кейбіреулеріне тоқталайық.

Бұл жойқын сілкініс көрші аудандардың сейсмикалық жағдайына әсер етуі мүмкін бе? 26 желтоқсандағы зілзала апатының көрші аудандардың сейсмикалық жағдайына әсері жоқ деп үзілді-кесілді айту мүмкін емес. Өйткені, мұндай әйгілі жер сілкіністерінің дайындық көлемі ошағының мөлшерінен 3-4 есе артық көлемде болады. Олай болса, болған апат 4-5 мың шақырым жердің жағдайына әсері тиуі ықтимал. Тек бұл әсер тез арада емес, жүре-бара білінуі мүмкін.

Зілзала апатының жердің айналымына, яғни күннің ұзақтығына әсері болды деген де сөздер шығып жүр. Американдық Ричард Гросс жердің арнайы моделін пайдалана отырып, осындай өзгерістің ықтималдығын есептеген. Есептеулер Күннің ұзақтығы шамамен -2,676 микросекундқа өзгеру мүмкіндігін көрсетеді. Егер де Күннің ұзақтығын анықтау дәлдігі 20 микросекунд екенін еске алсақ, онда есептеу нәтижесінде алынған шама болымсыз екенін анықталды. Сілкініс ошағы экваторға жақын орналасуына байланысты, бұл сілкіністің жердің полюстеріне де әсері болымсыз деген қорытындығы келген.

2004 жылғы 26 желтоқсанда болған апат, ғалымдардың пікірінше, жер шарында шамамен елу жылда қайталанып тұрады. Сондықтан, мұндай апатты аймақта орналасқан елдерде апаттың алдын алып, болжам мен ескерту мәселелерін шешу, апаттан сақтану жұмыстарын алға қою – бұл міндетті қызметтің бірі болу керек.

Қазақстан жері мұхиттан алыс орналасқан, сондықтан да цунами толқындарының қауіптілігі жоқ. Дегенмен, еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігінде жер сілкіну қауіптілігі жоғары екендігі айта кеткен жөн. Бұдан 94 жыл бұрын, 1911 жылының 4 қаңтарында Алматы қаласы маңында Кемін атты апатты жер сілкінісі болды. Тарихта бұл сілкініс тек қана бұрынғы Кеңес Үкіметі аймағында ғана емес, бүкіл Орталық Азияда болып өткен ең жойқын дүмпулердің бірі болып саналды. Верный (қазіргі Алматы) қаласында бұл сілкініс 9-10 балл күшпен болып, зілзала апатынан 540-тан астам адам қаза болды.

Жылдан-жылға жер сілкіну қауіптілігі Қазақстанның оңтүстік өлкесінде өсуде. Мамандардың болжамынша бұл аймақта ертеме-кешпе зілзала апатының болу ықтималдығы жоғары. Бұған көңіл бөлмеуге болмайды. Жапон геофизикасының негізін салушы, ғалым Т.Терада өзінің бір естелігінде „келесі табиғи апат, міндетті түрде, өткен апаттың үлгісін ұмытқан кезде болады” („последующая природная катастрофа всегда происходит тогда, когда уже забыт горький урок предыдущей”) деп айтып кеткен. Сондықтан, біздің жер сілкінуі қауіпті өлкеде тұратынымызды ұмытпағанымыз жөн.

Зілзала апатын болдырмау немесе оны алдын-ала нақты болжау, әзірше мүмкін емес. Олай болса, жер сiлкiнiсiнен кейiнгi зардаптарды жеңiлдетудiң ең дұрысы – алдын ала дайындықты күшейту.
—————————

*) магнитуда дегеніміз жер сілкінісі ошағынан тараған сейсмикалық энергияның мөлшерін анықтайтын өлшемсіз шама. Ол ағылшын ғалымы, профессор Ч.Рихтер жасаған магнитуда шкала-кестесі бойынша анықталып, сілкініс ошағынгың қарқындылығын сипаттайды. Бүгінгі таңда, жер сілкінісі магнитудасының ең жоғарғы шегі 9-ға тең (М=9). Газет-журналдар бетінде сілкіністің жер бетіндегі күшін (балл) магнитуда өлшемімен шатастыру жиі кездеседі. Балл дегеніміз сілкіністің жер бетіндегі әсері бойынша оның күшін анықтайтын өлшемсіз шама. Ол 12 баллдық шкала-кесте арқылы анықталып, сілкіністің жер бетіндегі қарқындылығын сипаттайды.


Әлқуат Нұрмағамбетов – Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ

Ұлттық Техникалық университетінің геофизика-сейсмология

кафедрасының меңгерушісі, геология-минералогия

ғылымдарының докторы, профессор


2004 жылы 26 желтоқсанда болған апатты сілкініс



ошағының аймағы (USGS деректері бойынша)



©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет