Тұңғыш Президентпен өткен бес жылым



жүктеу 152.62 Kb.
Дата21.06.2016
өлшемі152.62 Kb.
1.12.2012

Тұңғыш Президентпен өткен бес жылым



Ақын Әбу Сәрсенбаев! Асыл ағамыздың сан қырлы шығармашылығын былай қойғанда, ол кісі үлкен адамгершілігімен де ел арасына белгілі адам еді. Қазақтың талантты жас ақын-жазушыларына жасаған Әбекеңнің қамқорлығы бүгінге дейін ұмытылған жоқ. Кейінгі ұрпақ өкілдері аңыз ғып айтып жүреді. «Егемен Қазақстанның» Алматы бөлімшесіне күнделіктерін алып келген ақынның қызы Райханнан білгеніміз, мұндай дүниелер Әбекеңнің архивінде көп екен. Ол кісі өмірінің соңғы жылдарында денсаулығына, қартайғанына қарамастан тапжылмай отырып қатты еңбектенген. Солардың ішінен біз қаламгердің Тәуелсіздік, Елбасы туралы ой-пікірлерін іріктеп алып жариялап отырмыз, құрметті оқырман! Мұндағы күнделік беттері оқиғаларға толы, тартымды, тағылымды. Осы олжамызды оқырманмен де бөлісейік дедік. Қабыл алыңыздар. 

1 қаңтар, 1991 жыл.

Қош келдің, жуас қой жылы!

Сені ырдусыз, өлең-жырсыз, Райхан, Гүлбар­­шын, Дархан төртеуміз ғана үн-түнсіз қарсы алдық. Үн-түнсіз отырып Президент Назарбаевтың құттықтауын тыңдадық. Әрине, дастарқан жасаулы тұр ғой.

Жаңа жылда дос-жарандар дуылдаса отырып, қарсылайтын қайран кездер-ай! Ол шақта басталар жаңа жылға сеніміміз мол болушы еді. Ал сенің қандай жыл болатыныңды білмейміз, қой жылы!

Тоқырауды жазғырып, «қайта құруды» баста­­дық та, 5 жыл ішінде елді жұтатып, қайыр­шы­лыққа айналдық. Қайта құрудан тапқан пайдамыз не? Түк түсінбеймін. … Өндірістер қирап жатыр. Солардың шығарған дүниелері қайда?

2 қазан, 1991 жыл.

Бүгін республикамыздың, тіпті қазақ тарихын­дағы ерекше бір елеулі қуанышты күніміз. 30 жыл бойы суын сорып, жерін тоздырып, ауасын улап келсе де, сол жердің қожасына көңіл бөлмей келген космодромнан бірінші рет қазақ перзенті – Тоқтар Әубәкіров ғарышқа көтерілді.

Бұл да болса тұңғыш Президентіміздің батыл та­ла­бының арқасы. Қуанғаннан соқыр көзіме жас ала отырып, тұңғыш қазақ ғарышкерге оң сапар тіледім.

28 қараша, 1991 жыл.

Бүгін мен «Егеменді Қазақстаннан» Шерхан ұлым­ның «Президент» деген мақаласын оқып шық­тым. Түркия сапарындағы беделіне қатты әсер­леніп отырдым. Бұған дейін қазақ жетек­ші­ле­рінің ешқай­­сысы да Нұрсұлтан жанымдай батыл­дыққа бара алған жоқ. Президентке риза болумен бірге, бүгінгі мақаланың авторы «Егемен Қазақ­станның» редакторы Шерхан ұлыма риза болдым. 1950-ші жыл­дардың аяқ кезінде «Мылтықсыз майдан» деген тұңғыш әңгімесіне беташар беріп едім. Қателес­пеген екенмін. Қазір алдыңғы саптағы қаламгер. А­л, бүгінгі мақаласында Президенттің даналық қа­сиетін оқырманға кең таныту-түсін­дірумен бірге халқымыздың тағдыры, республика­мыздың келеше­гі төңірегінде батыл талаптар да қоя білген. Редак­цияға келгеннен бері қаншама батыл мәселелер көтерілді.

Бізге Нұрсұлтандай парасатты, батыл да, дана Президент, Шерхандай азулы редакторлар керек. Мерейлерің үстем болғай, қарақтарым. Әумин.

2 желтоқсан, 1991 жыл.

Сүйінші, халқым, сүйінші! Нұрсұлтан ұлыма республикамыздың 98 пайызы дауыс беріпті. Алдыңнан ақ күн туғай, күллі халық сүйіктісі, менің парасатты ұлым!

Нұрсұлтан ұлым журналистердің сұрақтарына жауап берді. Солардың ішінде мені аса сүйсін­діргені: «Шеттегі бауырластарға есік ашық!… Бұл мәселені теңізден ақ шуақ күткендей емес, белсенді кірісіп, келушілер жағдайын ойластыру мәселесін қолға алуымыз керек», – дегені.

9 желтоқсан, 1991 жыл.

Бүгін халық қалаған сүйікті Президентіміз Нұр­­сұлтан құрметіне арналған салтанатты мәжіліс болды. Жоғарғы Советтің бұл салтанаты бұрынғы Ленин сарайында, қазіргі Республика сарайында ашылды. Мәжіліс төрағасы алдымен Президент Жарлығы бойынша Республикамыздың «Қазақ­­стан» аталатын­­­дығын хабарлады. Содан кейін Президентті өз орнына шақырды. Ұлттар комис­сия­сы атынан Әбіш құттықтады. Одан кейін Әбенов Шәкір бастаған бір топ ақсақалдар Президентке ақ баталарын берді. Бұдан кейін Президент қазақша тұжыра, кең сөйледі. Өте терең, ақылды сөз айтты. Кемеңгер Абылайды үлгіге келтірді… Үш одақты тағы да еске түсірді.

Рахмет, Нұрсұлтан ұлым. Халықты бақытқа бас­тар жолыңа ақ нұр тілеймін!

16 желтоқсан, 1991 жыл.

Қуанышың құтты да баянды болғай, қайран ақ-пейіл, адал қазағым! Бүгінгі кеш Жоғары Кеңес мәжілісінде екі күнге созылған айтыстан кейін рес­публикамызды Тәуелсіз мемлекет деген заң қа­былдапты. Бұл сенің талай ғасырдан бергі аңсаған арманың еді. Осы арман жолыңда талай ұлдарың құрбан болды.



17 желтоқсан, 1991 жыл.

Жаса, Тәуелсіз Қазақстан! «Егеменді Қазақ­­стан» бүгінгі санының бірінші бетіне осындай ұран беріпті. Осы ұранға сәйкес бүгін Алматы жұрт­шылығы Республика алаңына жиналды. Әрі қуанышты, әрі қаралы салтанат. Астаналық қауым қазақ халқының ежелден бергі арманы – Тәуелсіз Республика болған салтанатын тойлады. Сонымен бірге, осы арман жолында құрбан болған боз­дақ­тарының рухына бас иді. Қайраттарының, шашы жұлынған Ләззаттарының ызалана шыңғырған ақыр­ғы дауыстарын құлақтарына оралтып, көзде­ріне жас алды. Батыр боздақтардың қандары там­ған алаңға гүл шоқтарын қойды. Жиынды «Жел­тоқ­с­ан» партиясының жетекшісі ашты. Олжас сөй­леді. Қазақша үйрене бастапты. Соған қуандым. Түркия бірінші болып біздің Тәуелсіз мемлекет болға­ны­мызды таныпты. Сүйікті Президентіміз ақырына дейін қатысты.



31 желтоқсан, 1991 жыл.

Қой жылының соңғы тәулігі. Кезекті күтіп, Мешін жылы есік қаққалы тұр. Қой жылы Тұлпар жылында басталған жақсылықты жалғастырды. Бұл жылымыз бізді имандылыққа бағыттаған жыл болды. Өзіміздің қазақ екенімізді мойындай баста­дық. Батыр да дана бабаларымыздың рухтарын қадірлеп, ас бердік. Қазақтан да ұлы адамдар болғандығын мақтан еттік. Өзгелермен бірге ұлы дүбірге өзім де ат қостым. Тіпті, бірінші болып көтерген де өзім болдым деп мақтануыма болады. «Жиырма бірінші ғасыр перзентінің жан дауысы» осы дүбірдің беташары тәрізді еді, жоқ, бұдан да бұрын «Ұлтаралық қатынас», «Қаралы жылдар, қайырылма!» – бұлар күллі қазақ ұлтының жас дауысының алғашқы бір жаңғырығы емес пе еді. Одан кейінгі «Заман жайлы толғаныс». Ең соңғы «Егеменді Қазақстанда» жарияланған «Ұлттық ұлы тұлғалар» /Абылай, Бұқар жырау, Исатай. «Алты Алаш, алаланба»/. Демек, еліміздің егемен­дігі, республикамыздың Тәуелсіздігі жолындағы күреске 87-дегі Әбу шал-дағы өзінің халық алдындағы перзенттік парызын өтеуге талпынды.

Иә, қой жылы, жақсылығымызды жалғастыр­ған мейірімді жыл болдың. Нұрсұлтан ұлым бүкіл Қазақстан жұртшылығы түгел дауыс берген сү­йікті Президентіміз болды. Осы айналайынның арқасында Семейдің улы алаңы жабылды. Осының арқасында қазақ перзенті – Тоқтар қыранымыз ғарышқа көтерілді. Осы ұлымның кемеңгерлігі арқа­сын­да көп жұртшылығымыз сиырбүйрек­тен­бей, достық өмір кешті. Республикамыз тәуелсіз мемлекетке айналды.

Лупаны қолыма алып, «Егеменді Қазақстанға» үңілдім. «Ел ағасына» деп арналған екен Хамит өлеңі. Президентіміздің суреті қоса беріліпті. Үс­тінде шапан. Қолында Абылай қалпағы. Сәл күлім­сіреген қалпы. Меніңше күлімсіретпей, терең ойға шомған қалпында берген дұрыс болмас па еді.

Ал, өлең – өте салмақты, салиқалы да ауыр мін­деттер төңірегіндегі толғаныстарды бойына сый­ғызған тамаша туынды. Мейлінше сәтті шық­қан. Өткен тәуелді халіміз айқын да, батыл көрсетілген.

Маған Хамит ақын Абылайға батыл кеңес беріп отырған Бұқар баба іспеттес көрінді. Екінші рет оқып шыққаннан кейін телефон соқтым:

– Айналайын, Хамитжан, тамаша туынды жазыпсың. Сен кәдімгі дана халқымыздың әулие ақылгөй Бұқар бабасы болыпсың. Алғыстаймын, қарағым, бәрімізге ортақ ойды айтыпсың, рахмет.

– Рахмет, ағажан. – Хамит ризалығын білдіріп, өзімді де алғыстады.

– Рахмет, әулие Бұқар баба дедіңіз-ау…

Арада 20 минут өткенде Хамит телефонға шақырды:

– Әбеке, сіздің әулие Бұқар бабаңызға Президенттен алғыстау келді, тыңдаңыз, оқиын: «Құр­метті Хамит аға, оралған бойда «Егеменді Қазақ­­станнан» Сіздің батиқаңызды оқып, риза­шы­лы­ғымды білдіруге асықтым… Халқымыздың бақы­ты жолындағы ауыр жүкті көтеруге дайынмын… (мен мазмұнын ғана беріп отырмын) Нұрсұлтан».

– Осыны ақ қағазға қара қарындашпен өз қо­лы­мен жазыпты. Қазір ғана бір қызметкері әкеп берді.

– Рахмет, Хамитжан, айттым ғой. Сен кәдімгі Бұқар баба даналығын айтқансың. Бұл батиқаның құдыреттілігі, – деп тағы да құттықтадым. Өзіме хат келгендей қуандым.

Әзілхан телефон арқылы жаңа жылмен құт­тық­тады. Оған да Президенттен құттықтау келіпті.

Түнгі 12-ге 5 минут қалғанда сүйікті Президен­тіміз теледидар арқылы жаңа жылмен құттықтады.

Алда тұрған қиындықты да жасырған жоқ, бірден күрп ете қалмайтынымызды да ескертті.

Өзіңді де жаңа жылмен құттықтаймын, сүйікті Президент ұлым! Тәңірі деніңе саулық, жұмысыңа сәттілік бергей. Биік мұрат жолында қажи көрме, қарағым. Әумин.

Қош бол, баба жыл!

Бақыт әкел, балаң жыл!

17 мамыр, 1992 жыл.

Бүгінгі «Егемен Қазақстанда» газет ішінде кітап болып шыққан Президентіміздің мемлеке­тімізді қалыптастыру мен дамытуға арналған стратегиясы жарияланды. Радиодан да қазақшасын тыңдадым. Ойлары жақсы-ақ. Батыл адымдар жасалмақ. Кім білген, талай көсемдердің батыл ойлары қағаз жүзінде қалды ғой, Хрущев пен Брежневтің «Азық-түлікті молайту программасы» қағаз жүзінде қалған сияқты, қағаз жүзінде қал­маса жарады. Бірақ та бұнда «осыған дейін ақы­сыз-пұлсыз Ресей сорып келген байлығы­мызды» шет елге сатып дәулеттену мәселесі тұр. Иран, Кувейттер солай байыды ғой. Бірақ ол елдің дең­гейіне көтерілуіміз үшін ең кемі жарты ғасыр уақыт керек. Мейлі. «Ештен кеш жақсы» демекші, келешек ұрпақтарымыз бақытты болсыншы. Хал­қымыз тыныш болсыншы. Тұтас бір ұлт емеспіз. Қылышын жалаңдатып казак-орыс жүр… Бес облысты даулауға жел беріп, бұрынғы Генсек жүр… ТМД-ның берекесі кетті.

Назарбаев республикамыздағы көп ұлттардың достығын сақтау үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей шырылдап жүр.

31 желтоқсан, 1992 жыл

Халқымызға Тәуелсіздік әкелген баба жылы­мыз­дың соңғы тәулігі.

…Түнгі 12 аяқталып келеді екен. Көгілдір экраннан Президентіміз көрініс берді де, республика жұртшылығын жаңа жылмен құттықтады. Алдымен қазақша, содан кейін орысша сөйледі. Бұрын қазақша екі-үш сөзбен аяқтап, сонсоң орысша көсілер еді. Бұл жолы қазақшасы мен орысшасы бір аумақта.

Сөйтіп, жаңа 1993 жылымыз басталды. Өткен жылымыз жеңіл болғанымен де, қазақ халқы өзін-өзі сезінген, өзін-өзі тануда, қазақ екендігін мақ­та­ныш етуді мойындай бастаған, өзінің тәуелсіз мемлекет екендігін әлемге паш еткен, дүние жүзінің жүзден аса елі таныған Мемлекет болдық. Қазақ тілі мем­лекеттік тіл болып қабылданды. Өзіміздің әнұраны­мыз, елтаңбамыз, дербес туымыз бар дәрежеге жеттік. Аспан түстес көгілдір туымыз Біріккен Ұлт­тар Ұйымы аспанында жайқалды. Қызыл империя­ның қаһарына ұшырап, тең жарымы қырылып, миллионнан астамы жер шарына тағ­дыр жолымен тарыдай шашырап кеткен дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы шақырыл­ды. …Бауырлары­мыз­дың кіндік қаны тамған ата­мекеніне оралуына рұқ­сат етілді. Алды келе де бастады. Тәуелсіз мемле­кетіміздің бір жасқа толған мерекесі тойланды. Он екі айдың ішінде ғана тындырылған бұл игілікті елемеуге бола ма? Ал, ақылмен алдыңғыларымыз, жал­ғыз ауыз сөзбен халық тағдырын шешкен шешен­деріміз, ел қорға­ған батырларымыз рухтары ті­ріл­ді… Бір мерзім ішінде бұл аз болып па? Қанағат керек, қанағат. Ең қуаныштысы – өзге көршілеріміз қыры­лысып жат­қанда біздің көп ұлтты мемле­кетімізде береке-бірлік, тыныштық! Бұл Абылай баба дана­лығын қасиетті бағдар ете білген, көреген Президен­тіміз­дің арқасы. Әулие қазақ, осындай Президентің­нің болуын мақтаныш ете біл!

Бізде кемшілік әлі де көп. Қайырын сұрайық. Көш жүре түзеледі. Осы ұлы көштің түзелуіне көмектеселік!

Бірлік, татулық!



9 желтоқсан, 1993 жыл.

Бүгін өзімді бақытты, тіпті тәкаппар санағам, аса бір қуанышты, мақтанатын күнім. Осы бақытыма елітіп, екі рет көзіме жас үйірілді.

Бүгін Президент Назарбаевтан бірінші рет «Рес­публика күнімен» құттықтаған хат алдым. Қазақ­стан компартиясының жетекшілігіне сайланған жылы ұлым санап, құшақтай тұрып құттықтағам да. Елеусіз қала берер едім. Ал, бүгін Назар­баевтың назарына ілініппін. Ештен де кеш жақсы. Сексеннің тоғызына аяқ басқанда, еленгенімді мақтаныш, бақыт санадым. Және Сәрсенбаев емес, «Әбуғали Сәрсенбайұлы» – деп жазылыппын.

5 мамыр, 1994 жыл.

Сағат 11-де Жазушылар одағында жиналып, сағат екілерде Президент Назарбаевтың қабыл­дауында болдық. Таудағы демалыс үйінде 20-30 адамға дастарқан дайындалған екен. Президент әрқайсымызбен қолдаса сәлемдесіп, жасаулы дас­тарқанның орта тұсындағы орындыққа жайғасты. Сол қанатында – Жоғары Советтің төрағасы Әбіш, оң қанатында – Әбділдә ақын. Оған қатар мен отырмын. Маған жалғас Дихан, Хамит, Сафуан. Сөзді Президент өзі бастады. Кішкене қағаздарға айтар ойларының тақырыбын ғана түсірген тәрізді. Ұзақ сөйледі. Керең құлақ кейде бірер сөздерді ғана естігенім болмаса, ешнәрсе естімедім. Президент сөзін аяқтаған бетте Әбділдә ұсыныс енгізді. «Арамыздағы жасы үлкеніміз – Әбекең сөз бастасын». Ешкім қарсылық етпеген тәрізді. Мен сөзімді алғыстаудан бастадым. «Айналайын, Нұр­сұл­тан, ұлым, ағалармен жүздеспек болып, шақыр­ғаныңа рахмет. Сексеннің тоғызын орталаған, көзден зағып, құлақтан тосаң адаммын. Әңгімені де түгел естімегенмен, мақсат, мағынасын түйдім. Мынау қиын кездегі ауыртпалықты өз арқаңда жеңдің. Айтар ойлар, кенеуі кеткен тұстар көп-ақ қой. Оны күн сайын, сағат сайын өзің сезініп отырсың. Менің ең негізгі айтарым, тапсырар аман­атым – қазақ халқын жүдетіп, Голощекин қырғы­нынан қалған сарқытын тағы да күйретіп алмайық. Бар күшті осыған саларсың… Әрине, жазушылар да қарық болып отырған жоқ. Кітап шықпайды. «Шығармашылық саяжайымыз» саудагер қолын­да… Біз саған осы қиындықтардан алып шыға­ратыныңа сенеміз. Сенің арқаңда қазақ тілі өз мәртебесіне көтеріледі. Оны күндеушілер де көп. Сен Абылай бабамыз тәрізді шебер басқарып ке­лесің. Өзге республикадағы екі ғана ұлт жауласып жатқанда, сен өзің басқарып отырған жүз ұлтқа да тіл таптырып, достық, татушылық сақтап келесің.

Міне, енді жаңа Парламент сайланды. Осы жаңа Парламентке дұрыс бағыт беру – ең қиын да, ең абзал мақсат. Сенің шаруашылық білімің де, тәжірибең де мол. Ал, мынау Әбіш жан-жақты, терең біледі, сұңғыла қаламгер. Екеуің бір-біріңе ұжымдаса істеп көріңдер. Сендерден осыны ғана тілеймін. Иләһи, әмин!» – деп бетімді сипадым.

– Дұрыс айттыңыз, Әбеке, – деді Әбділдә. Менен кейін Дихан, Әлжаппар сөйледі.

Осыдан кейін Президентіміз: «Дәм алыңыздар» деп ұсыныс енгізді. Алдыңғы табақты бізге таман жылжытпақ еді: «Айналайын, тұра берсін. Бізге жұмсақ жерінен бір-бір кесіп бер. Президент қо­лынан дәм таталық…» дедім. Президент мақұл санады. Тіпті, қымызды өз қолымен құйып Әбділдә мен Дихан үшеумізге ұсынды. Дастарқанда ішім­діктер болған жоқ. Тек қана қымыз. Тәтті сусын.

Сөз қайтадан жалғасты. Менен өзгелердің бәрі де орындарынан тұрып сөйледі. Жиырмадан аса адам сөйледі-ау деймін. Арасында бір келіншек, бір жігіт домбырамен ән салды. 3-4 сағат отырсақ керек. Президент дастарқан жияр сөзін аяқтап, Әбділдәдан дастарқанға бата сұрады. Ақын бөгеле түсіп, аз сөйледі. Бәріміз де бет сипадық. Орнымыздан көтерілдік. Президент үлкен залдың төрінен бастады да, орта тұсына орналасты. Оң жағында Әбділдә, сол жағында Әбіш, мен. Президент бір кішкентай чемодан алдыртып: «Орамал тон болмайды, жол болады» деп чемодан ішін­дегіні көрсетті. Жас жігіттер әрқайсысымыздың алдымызға бір-бір кішкентай чемодан қойды.

Рахмет айтып, орнымыздан көтерілдік. Президент өзі бізбен шықты. Есік алдында теледидарға, фо­­­тоға түстік. Президент жанында екі-үш адамнан кезек тұрып фотоға түстік. Қоштасарда Президент ұлымды құшағыма қаусырып, екі бетінен кезек сүйдім.

Үйге келіп, чемоданды қызыма тапсырдым. Чемодан ішінде Президент суреті орнатылған қол­сағат, 1000 теңге ақша, қымбат қалам, бір қобдиша конфет пен чай, бес метр мата бар екен.



13 желтоқсан, 1994 жыл.    

Кеше күндізгі үштер кезінде телефонға шақы­рылдым. Одақтағы қыздардың бірі: «Ата, ертең Президентпен кездесуге шақырылдыңыз, барасыз ба?» деді. «Машинамен апара ма?» – дедім. «Оны бастықтардан сұраңыз», – деді де, трубканы іліп қойды. Басшыларды таба алмадым. Президентке міндетті түрде баруым керек… Бар екендігімді көрсетуім керек емес пе?…

Таңертең әбден сасып тұрғанымда Хамит телефон шалды: «Әбеке, Президентке шақырылған бол­саңыз менде машина бар. Дихан үшеуміз бара­лық…».  «Ой, айналайын, Хамит, ала кет…».

Сонымен сағат 2-де Хамит, Дихан үшеуміз Пре­зидент үйіне тартып кеттік. Далада біраз тұ­рып қалдық. Ерте барыппыз. 20 минуттан кейін үйге кірдік. Қаптаған халық. Актерлер, сурет­ші­лер, ға­лым­дар да бар. Демек, бұл қазақ зиялы­ла­рының жиналысы болғаны. Ерте, тіпті ерте барыппыз. 2-қа­батта сенделісте жүрдік. Азынап тұрған салқын. Отырар орын да жоқ. 3.30-да зал есігі ашылды. Ди­ханның жетегінде ішке ендім. Әдемі де, өте сәулетті үлкен зал екен. Президент отырар тұста 2-қатардың орындықтарына отырдық. Әлден уақыт­та екі кө­мекшісімен келіп Президент орналасты да, артынша мінбеге көтерілді… Түк ести алмадым. Өзгелер есітетін болса керек. Кейде қол шапалақ­тап, кейде Президентпен бірге күледі. Біз есітпейміз…

Ел тұрмысының қиындап кеткенін, жұрттың құлазып жүргенін ескеріп, биыл Президентіміз зиялы қауымға көмек берудің көзін тапқан болса керек. Айына 2 мың теңгеден жазушылар, сурет­ші­лер, актерлер тобына «Президенттік стипендия» та­ғайын­дапты. Оның ішінде мен де бармын. Айына 2 мың теңгеден 3 айға 6 мың теңге берді. Міне, олжа!

15 сәуір, 1995 жыл.

Сонымен 25 наурыздан 14 сәуірге дейін емханада жатып, 21 күн дегенде құтты қонысыма оралдым. Бүгін Райхан жаным дайындаған үйдің тамағын, ыстық шайын ішіп, бір жасап қалдым.

Бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінде менің Президентімізді қолдау туралы мақаламның шыққаны да қуаныш болды.

30 сәуір, 1995 жыл.

Бүгін түс ауа Президентіміздің қалың халқына арнаған алғысын тыңдадым. Әзірге халқымыздың 95 пайызы Президенттің өкілеттігі ұзартылсын деген тілекке дауыс беріпті. Оның бір пайызы – мына мен. Сайлау учаскесіндегі ұлдарым менің жасымның ұлғайғандығын сыйлап, сайлау урнасын үйге әкеліп, мен-дағы «қолдаймын» деп бюллетенімді урнаға салдым.

Жазушылардың алдын бастағанымды да мақта­ныш етемін. Менен кейін Президенттің өкілеттігін ұзартуды қолдап, Қалтай, Зейнолла, Әбділда үн қосты.

3 мамыр, 1995 жыл.

Кешеден бері үйдің іші мәре-сәре… «Ата ертең Президент Назарбаевтың қабылдауына барады»,  деп бір-бірімен телефонмен сөйлесіп жатыр. Бар­лығы да бір керемет қуаныш, мақтаныш сезімге бөленуде. Әділ мен Гүлнәр костюміме ордендерді рет-ретімен тағып жатыр, Райхан ертең киіп баратын көйлегімді үтіктеп жатыр. Барлығы да даяр. Балалар арасында: «Баяғыда ақ патшаның аудиенциясына барарда да біздер сияқты әбігер болған-ау», деп әзілдеседі.

Райханның кеше шығарып қойған галстугы онша келіңкіремейді деп Әділ галстук іздеп кетті. Әділ келгенше қисайып жата тұрайын деп диванға жаттым. Райханым шырылдап жатыр: «Әке, бұл не істегеніңіз? Костюміңіз уқаланып қалды ғой! Мен енді қайтадан үтіктеп беруге үлгермеймін ғой». Сөйтіп тұрғанда Әділ де келді. Керемет әдемі де қымбат галстукті мойныма тақты. Машинаға отырып, Ақ үйге тарттық.

Әділді ішке жібермеді, өз адамдары апарды. Екінші қатардағы зал. Президент кірген бойда қысқа ғана сөйлеп, бәрімізді 50 жылдық Жеңіс күнімен құттықтады.

Содан кейін ордендерді тапсыра бастады. Әуелі «Қаһармандарды», одан кейін «Отан» орден­ділерді шақырып, орден тапсырды. Бір-екі арбалы мүгедектерге өздері тұрып барып ордендерді тапсырды. Соның бірі – Панфиловтың қызы Валентина екен. Бишара-ай, неғып сорлап қалды екен. Валя келін орыс болса да, қайын-жұрты – қазаққа бүйрегі бұрып тұратын-ды. Анау бір жылы Қа­зақстан майдангерлері бүкіл майдан жолымен саяхат сапарында болдық. Сонда Бақытжаннан туған қызының қызын (жиен) біздерге ғана тапсыратын. 5-6 жастағы кішкене қыз бізді жатырқамайтын.

Әлден уақытта сонау шеттен шұбатылған ұзын киімді біреу көтерілді. Снегинге жорыдым. Ол орденін алып, кері бұрылғанда мені жетелеп әкел­ген жігіт қолтығымнан сүйеді. «Ата, жүріңіз, сізді шақырды». Ол мені жақындатты да, тұрып қалды. Одан әрі өзім бардым. Президент Жарлы­ғын оқы­ды да, өңіріме «Парасат» орденін тағып, қолымды қысып, құттықтады. Жұрттың бәрі де бірер ауыз сөйлеп жатқан соң мен екі ауыз лебіз білдірдім. Алдымен халықты Ұлы Жеңіс мереке­сімен құт­тық­тадым. «Біздер, қанқұйлы майданнан аман орал­ған олжа адамдармыз. Соның бірі – мен өзім. Қырық жасымда аман оралып, тағы да жарты ғасыр өмір кештім. Отан игілігіне өз шама-шар­қым­ша еңбек сіңірдім. Тоқсанды орталағанда сү­йік­ті Президент қолынан «Парасат» орденін алдым. Тағы бір айтарым, қадірлі Президент ұлым, се­нің даналығыңа, іскер-қайраткерлігіңе, адалды­ғы­ңа күнәсіз сенген отандастарың сенің өкілет­ті­гіңді 2000 жылға дейін ұзартты. Сенің Қағбада халқыңа тілеу тілегенің сияқты, мен дауыс берер күні Мұхаммед пайғамбардың алдында саған тілеу тілеп жаттым. Саған тәңірі берік денсаулық беріп, тіл-көзден сақтағай. Одан әрі де қалың жұртымды әділеттің ақ жолына бастап, осы тілекпен қолыңды қысып, аталық мейірмен маңдайыңнан сүюге рұқ­сат ет», дедім. Президент маңдайын тосты. Мен мейірлене маңдайынан сүйдім. Жұрт ду қол шапалақтады.



18 шілде, 1995 жыл.

Бүгін ертеден «Қазақ әдебиетінің» редакторы Ахат Жақсыбаев газеттің кезекті санын ұсынып: «Әбеке, мұнда Сіздің «Ұлы ойшылдың ізімен» деген өткен жолы өзіңізден алып кеткен Абайға арнаған өлеңіңіз бар. Сіздің тілегіңізді орындадық, газетті сізге өз қолыммен тапсырғалы келдім. Үлкен рахмет сізге. Риза болыңыз, аға», – деді. Мен де оны алғыстадым.

Газеттің бетін ашып қарадым. «Ақсақалдар айтқан сөз» айдарымен Дихан екеуміздің Абайға арнаған өлеңдерімізді беріпті.

Бұл өлеңнің шығу тарихы – баяғы 1980 жылдары Ғабең, Лязиза үшеуміздің Жидебайдағы Абай ескерткіші, Мұқаңның аяқ басқан іздері… Қара­уыл­­дағы Кәмен Оразалиннің 60 жылдық мерейтойы… сол сапардан алған керемет әсерден туған өлең еді…

Ал биылғы Абайдың 150 жылдық тойының халықаралық деңгейде аталуы Президент ұлым­ның арқасы ғой. «Абайды таныту арқылы біз қазақ халқының әдеп-ғұрпын, сана-сезімін, тіл байлы­ғын танытамыз…»

29 тамыз, 1995 жыл.

Бүгін менен артық бақытты адам аспанның астында кемде-кем шығар… Осыдан бір-екі жыл бұрын кіші Зейнолла, Серік, Дүйсенбек төртеуміз менің бәлкім соңғы «Ғасыр мен ғасыр беттессе» деген жыр жинағымды өңдеп отырғанымызда сол жинақты көре алам ба, жоқ па деп ойлаушы едім. Тәңірі, рахмет. Бүгін сол жинағымның бір данасы қолыма түсті-ау. Көрдім-дағы сені, арманым! Менің ең соңғы жинағым! Кітаптың ішіне «Өзіңе» деп жаздым да, мұқабасын сүйіп, құшағыма алдым… Отырған жігіттер менімен бірге қуанып «лауреаттыққа «посмертно» ұсынуға тұрарлық жыр жинағы» деп жатты бір-біріне… Кім білген. Тірісінде бермегенде өлгенде… Беріп те жүр ғой… Уақыт көрсетер… Мен көрмесем, бәлкім Райханым көрер. Мен сияқты өзінің соңғы кітабын тірісінде көріп кеткен ақын болды ма, жоқ па екен?

Рахмет, Президент ұлым, үмітімді ақтадың.

Бұл жинағымның жарыққа шығуы Президент ұлымның арқасы!



Әбу СӘРСЕНБАЙ,

Қазақстанның халық жазушысы.
: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф-об-001/033 мазм ұ н ы кіріспе
2013 -> Диплом жұмысы тақырыбы: Бастауыш сынып қазақ тілі сабағында инновациялық технологияларды қолданудың тиімділігі
2013 -> Бастауыш сыныпта сын есімді оқыту. Жұмыстың жалпы сипаты 1-3 І. Кіріспе ІІ. Негізгі бөлім
2013 -> Диплом жұмысы тақырыбы: Бастауыш мектепте жазба жұмыстары арқылы сауаттылыққа үйрету Шымкент-2008 мазмұНЫ
2013 -> Кіріспе 4 І әдебиеттерге шолу
2013 -> Бірнеше ондаған жылдардан бері босқындар проблемасын қазіргі заманның маңызды проблемаларына жатқызады. Босқындардың жер ауыстыруының жағдайлары мен себептері әр түрлі
2013 -> 2-5 Тарау–I. 1921-1928 жылдардағы қазақ ауылындағы салық саясаты
2013 -> Жоспар: і-тарау. Ақпан төңкерісінен кейінгі Оңтүстік Қазақстанда демократиялық өзгерістер және қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы
2013 -> Кіріспе Зерттеу өзектілігі




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет