Түркістанды басқарған генерал-губернаторлар



жүктеу 282.69 Kb.
Дата08.10.2016
өлшемі282.69 Kb.
Түркістанды басқарған генерал-губернаторлар
Назарова А.А.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Патшалық Ресей Түркістанды отарлау саясатын жүзеге асыру барысында өлкелік әкімшілік шенеуніктеріне сенім артты. Түркістандағы патшалық билік жүйесінің орнығуы, дамуы және дағдарысы өлкені басқарған генерал губернаторлардың өмірі мен қызметін талдау нәтижесінде көрініс табады, сонымен қатар биліктің отаршыл жүйесінің сипатын ашады.

Генерал-губернаторлардың қызметі осы кезеңге дейін Ресейлік, яғни империялық мүдде тұрғысынан баяндалды, енді қазақ қоғамы мүддесінен қарағанда: олардың қызметін талдауда ұстанатын негізгі бағыт - отарлаушының мүддесін сәтті немесе сәтсіз жүргізуші ретінде бағалау болып табылады.

Түркістанның алғашқы генерал-губернаторы К.П. Кауфманның тұлғасы - күрделі, қарама-қайшылықты тұлға. Төңкеріске дейінгі зерттеушілердің еңбектерінде Кауфманның өмірбаяны, қызметі жан-жақты талданып, ол патша сенімін ақтаған шенеунік келбетінде көрсетіледі [1]. ХІХ-ХХ ғ. Орта Азияға саяхат жасаған белгілі педагог Е. Марков Түркістанның алғашқы генерал-губернаторы Кауфман туралы бір ауыздан айтылған пікірлерге таңданып: «…ол қабілетті, асқақ рухтағы мемлекетке еңбегі сіңген тұлға, оның есімі бүкіл Шығысқа дүркіреп тұр…»,- деп жазды [2, 479 б.]. Түркістанның Ресейге қосылуы тарихын зерттеуші Н. Павлов Кауфман жайлы өз пікірін былай білдіреді : «…Кауфман өлкенің негізін салушы деп әділ саналады; бұл басшы Орыс Түркістаны тарихындағы ірі тұлға; қазір өлкеде біз көріп отырғанымыздың барлығы Кауфманның арқасы...» [3, 129 б.]. Ал, қазақ зиялысы М. Тынышпаев Кауфманды «тамаша адам» және «генерал Кауман өлкені басқарған кезең - дара дәуір» [4, 30-32 бб.], - деп атап көрсетті.

Кеңестік тарих ғылымы стереотиптері бойынша губернаторлардың қызметінің жалпы бағасы жағымсыз болды, сонымен қатар Түркістан әкімшілік басшысының қызметі екі жақты қаралды: бір жағынан , ол – патшалықтың отарлау саясатының құралы, екінші жағынан – орыс мәдениетінің озық әсерін, ықпалын таратушы тұлға. З. Кастельская өз еңбегінде: «…Ресей отаршылдары Кауфманды «түземдіктер» «жарты патша» деп атағанын мақтан тұтты, бірақ ешқайсысы, оны еңбекші халықтың «ашулы жолбарыс» атағанын жасырып айтпады. Кауфман кез келген отарлаушы секілді, өлкенің негізін салушы емес, қайта қанаушы болды…» деп жазды [5, 29 б.]. Ал, П. Галузо өзінің «Туркестан – колония» атты еңбегінде Түркістан өлкесі шенеуніктерін парақорлықта айыптап, Кауфманның заңсыз іс-әрекеттерін әшкерелейді [ 6, 36 б.].

Отандық тарихнамада оның қызметі әлі өз бағасын алған жоқ. Дегенмен, соңғы кезде баспасөз беттерінде оған қазақ даласындағы әкімшілік қызметіне асыра баға беру бағыты байқалады. Л. Ковалеваның мақаласындағы: «…Түркістан өлкесінде көп жыл өмір сүріп, ол патша шенеунігі ретінде емес, өлкенің патриоты көзімен қарады...» деген пікір соның айғағы [7, 10 б]. Осы сарындас көзқарас ресейлік баспасөз беттерінде де жарияланып жүр. Л. Беленчуктің еңбегіндегі: «…Кауфманның қызметін өлке басшысы ретінде бағалай отырып, ол өлкеде оқу ағарту ісінің дамуына зор үлес қосты деп толық сеніммен айтуға болады. Бұл өлкенің жылдам дамуына ықпал етті. Орыстар өлкеге жау болып келіп, өздерін дос ретінде көрсетті…» [8, 80 б.], - деген көзқарас ресейдің империялық мүддесінің жалғасы.

Түркістанның алғашқы губернаторы қызметіне Кауфманды қоюға патша таңдауы кездейсоқ түскен жоқ. Бұл қызметке дейін ол Ресей империясының басқа аймақтарында әкімшілік және әскери қызметтер атқарып, үлкен тәжірибе жинаған шенеунік еді.

Константин Петрович фон-Кауфман (1818-1882жж.) – австриялық дворян отбасынан шығып, балалық шағы Польшада Варшава қаласында өтті. Санкт-Петербор қаласында инженерлік училищеде (1833-36жж), офицерлік класында (кейін Әскери Академия) (1836-38жж) білім алды. Әскери қызметін 40-50 жылдары Батыс өлкесінде, Кавказда жалғастырған ол, 1861 жылдан Соғыс Министрлігінің Кеңсе директоры қызметін атқарады. Солтүстік Батыс өлкесінің генерал-губернаторы және Вилен аймағының әскер басшылығына 1865 жылы тағайындалды [9, 5 б.].

Кауфман Солтүстік Батыс губерниясында бір жылдай қызмет атқарып, ондағы поляк демократ зиялыларының халық арасына патриоттық және еркіндіксүйгіштік көзқарастарды таратуын жаныштады. Сонымен қатар орыстандыру саясатын мықтап ұстанушы ол, «…латын әріптерін литва (жмуд) тілінде қолдануды мәңгілікке тоқтатыңдар…» [5, 31 б.] деп бұйырып, литва кітаптарын латын шрифтімен басуға тыйым салды. Бір сөзбен айтқанда, тұтас бір халықтың мәдени дамуын тығырыққа тіреп, өз ана тілінде кітап шығару және оқу мүмкіндігінен айырды.

Көп ұзамай, Кауфман 1866 жылы жандармерия бастығымен тіл табыса алмай, патша өкімімен 11 айлық демалысқа «генерал-адъютант атағы қалдырылып, қызметтен босатылды» [9, 8 б.]. Дегенмен, көп ұзамай патша оған өз сенімін білдіріп, 1867 жылы 11 маусымда Түркістан генерал-губернаторы қызметіне тағайындады. Кауфманның: «…Мен өзімді және менің шынайы не құпия істерімді бақылаудан қорықпаймын, соңғысынан қандай түрде болса да қашпаймын, бірақ, ерекше артықшылық ретінде, мен өлкеде қызмет атқарған уақытта өлкеге ешқашан көк мундирлерді жібермеуіңізді сұраймын…» деген тілегін патша қабыл алып, оның кезінде өлкеде жандармерия полициясы болмады. Сонымен қатар, Кауфман отар елдегі патшалық абсолютизм өкілі ретінде үлкен құқықтарға ие болды. Император оның қабілетіне сеніп, Кауфманды Орта Азиядағы бүкіл хандар, билеушілермен патша атынан келіссөз жүргізуге саяси құқықпен қамтамасыз етті [10, 9 б.].

Кауфман өлкені басқарған 15 жыл ішінде (1867-1882жж) патша сенімін ақтаған және жаңа отар елде патша мүддесін жеке басының мүддесіндей қабылдаған шенеунік. Кауфман патшалықтың осы кезеңдегі жаулау шараларын басқарып, өзін қатал отарлаушы ретінде көрсетті. Мысалы, Л. Костенко өз еңбегінде патша әскерінің Самарқанды жаулау кезін сипаттай отырып: «… табанды қарсылыққа ызаланған фон-Кауфман тұтқын алмауды бұйырды. Бұйрық сөзсіз орындалды. Жаралылар айуандықпен өлтірілді…» [11, 9 б.], - деп жазды.

Кауфманның әкімшілік қызметінен Түркістанда әскери-халықтық басқару жүйесінің қалыптасуы және оның негізгі қағидалары көрініс табады. Патша мүддесін қорғаушы бола отырып, Кауфман сонымен бірге өз іс-әрекеттерінде ептілігімен ерекшеленеді. Оның Соғыс Министрлігі Кеңсесін басқаруы, Милютиннің басшылығымен әскери реформаларды даярлау бойынша арнайы комитетте жұмыс істеген [12, 161 б.] тәжірибесі Кауфманға Түркістанды басқаруда пайдаға асты. Ұлттық аймақтарды басқару жүйесінде ол жаңа мемлекеттік құрылым мен сот жүйесін асығыс енгізуге қарсы болды.

Кауфманның өлкені басқару бойынша іс-шараларын жергілікті әдет-ғұрыптарға қатысты сақтықпен және мәжбүрлі жол беру деп айтуға болады. Ол жергілікті халықтың түсініксіз тілдегі орыс тәртібі мен бейтаныс заңына қарсылығынан сақтанды, сондықтан жаңа отар елді «құруды» біртіндеп жүзеге асыруды жоспарлады. Тікелей Кауфманның басшылығымен бірсыпыра заң шығару актілері дайындалды. Кауфманның «біртіндеп» деген есеппен дайындаған Түркістанды басқару жобалары (1871,1873 жж) «саяси зиян» саналып министрліктерден өтпеген еді, ал оның жер, салық мәселелеріне араласуын «ерте және қолайсыз» деп саналды, дегенмен бұл жайттар Кауфманның өз қалауы бойынша, яғни жобаны «сынақ» ретінде іске асыруына кедергі бола алмады. Орталықтың жобаларды ресми сынауы олардың Түркістанды «құруға» әртүрлі көзқарастарын білдіретін «өзімізше» сырт көзге дегеніндей болды. Кауфман патша өкімімен шектеусіз құқық иесі екені бәрінің есінде еді.

Кауфман қабылдаған заңдар ішінде, еуропа елдерінде, Азияда батыс мемлекеттері шығарған актілердің ішіндегі ең адамгершілікті заң саналғаны – Түркістанның орыс иеліктеріндегі құлдықты жою туралы акт болды. Сонымен бірге, Түркістан аумағында наша әкелуге тыйым салынып және «тасымал сауда-саттық туралы уақытша Ереже» бойынша наша табылған жағдайда иесіне еш өтемақы берілмей тәркіленді [9, 8 б.].

Жергілікті тұрғындарды империя мүддесіне, отаршыл тәртіпке бағындыру, әсіресе, орыстандыру саясатын жүргізу жақсы жабдықталған әскермен жаулаудан әлдеқайда күрделі екенін Кауфман жақсы түсінді. Ол 1867 жылы соғыс министрі Милютинге жазған хатында: «… Мұсылмандар өздерін салқынқанды, самарқау ұстап, тіпті жоғары билік өкілін сыйламайды, бұдан өлкеде қандай да бір ұран бар деген қорытынды шығаруға болады…Мен бұл жерде халықтың көңілі жайсыз, орыс билігіне қарсылық және одан қолайлы сәтте босануға дайындық шынымен бар деген шешімге келдім…» [5, 29 б.], - деп жазуы, осының дәлелі.

«Орыс билігіне қарсылық», «одан босануға дайындық» – міне, Кауфманның орыстандыру саясатындағы мәжбүрлік іс-әрекетінің сарыны.

Кауфман жергілікті тұрғындардың діни өміріне, әдет-ғұрыптарына араласпау немесе оларды «елемеу» саясатын ұстанды. Өлкедегі мұсылман институттарына қысым көрсетпеді, христиан сенімін қабылдауға мәжбүрлемеді, дегенмен мұсылман дінінен өз еркімен шығып, христиандық қабылдағандарға ақшалай сыйақы берілді. Кауфманның қызметінің бұл саласын еуропалық публицистер «керемет» деп тауып, сол себепті «…Түркістанда патшалық Ресей тек өз армиясының күшімен емес, исламға қатысты тамаша саясатының арқасында саяси толқулардың алдын алды…», - деп атап көрсетті [13, 54 б.].

Кауфман өлкеде миссионерлік қызметке, оның «уақыты ерте», «зиян» деп қарсы шықты. «…Біз, Түркістанда христиан, орыс мәдениетін енгізуіміз керек, бірақ бұл түземдіктерге православия сенімін ұсыну деген сөз емес» [14, 92 б.]. Осы қағиданы ол аяғына дейін ұстанды. Патшалық Ресейдің Түркістандағы белді идеологы Остроумов Кауфманның діни қатынастарға осы көзқарасын оның әкімшілік қызметінің ең әлсіз жағы санатына қосты. Оның пікірінше, Кауфман «… Егер миссия ашуға уақыт келмесе де, дегенмен ол үшін келешекке дайындық жасау қажет еді, миссия қызметі үшін қолайлы пункт анықтау, қажет адам іздеу керек еді…» [15, 73-п.].

Сонымен қатар жергілікті қоғам өмірінде ислам мен ислам діні өкілдерінің көп ғасырлық жетекші рөлін жақсы сезінген Кауфман осы рөлді біртіндеп әлсіретудің жоспарын ұсынды. Ол үшін миссионерлік қызметті не оған тыйым салуды емес, экономикалық тетікті пайдалану көзделді.

Бәрімізге мәлім, мұсылман діни мекемелері – мектептер, медреселер, мешіттер ірі жер меншігінің иелері болды. Олардың қарамағында мал-мүлік, сауда орындары, ақша қаражаттары, асыл мүліктер бар. Шариғатқа сәйкес, бұл меншіктер мекеменің «мәңгілік» меншігінде болып, тек вакуф берілген адам өлген не мекеме тараған жағдайда болмаса сатылмады, вакуфтық жерлер тәркіленбеді.

Отарлық үкімет вакуфтық жер иелену институтын жою арқылы дін өкілдерінің ықпалын әлсіретуді көздеді. Осы мақсатта Кауфман жаңа жер заңын шығаруды тездетуді ұйғарып, оны былай түсіндірді: «…Мильк иелері мен мұсылман діні өкілдері, яғни халықтың осы ықпалды топ өкілдері - өздерін бұрынғы қоғамдық-саяси рөлінен айырған жаңа тәртіпке наразы, саяси тұрғыда бізге жау ақсүйектер тобын құрайды. …Құқылы жер иеленушілер туралы мәселе, осылайша, мүдделері үкімет мүддесімен сай келмейтін жергілікті ақсүйектердің материалдық күші туралы мәселе болып табылады…» [16, 242-243 бб.].

Жоғарыда айтылғандай, отаршыл әкімшілікті жергілікті феодалдардың жеке мильктік және вакуфтік жер иеленушілігін жоюға қандай саяси сарын итермелегенін көруге болады. Сонымен қатар, жер, салық мәселесін шешу барлық жердегі сияқты, таза фискальды мәнге ие. Патша қазынасының кірісі жер салығына тәуелді еді.

Жергілікті ақсүйектердің «материалды күшін» олардың жерге меншігінің құжаттарын қатаң тексеру арқылы күйретпек болды. Бұл туралы Кауфман өзінің есебінде «…Ақсүйектердің өтініштерінің ішінен бекіту үшін мильк пен вакуфке тек заңды құқықтыларын ғана бөліп алу керек…кейінгі жаңа құқық беру тоқтатылу керек…» [16, 243 б.], - деп жазды. Патша үкіметі құжаттардың біразын жарамсыз деп тапты. Кейбір мешіттерге әскер орналасып, олардың жері қазынаға түсті. Мектеп, медреселердің ғимараты қойма, түрме, аурухана, атқораға айналды.

Жерінен айырылған ақсүйектерге өтемақы тағайындалды. «…Түземдік тұрғындардың ең қауіпті бөлігі оған жәрдемақы беретін орыс әкімшілігіне тікелей тәуелді болуы…» [16, 244 б.] үшін белгілі бір мөлшерде мемлекеттік зейнетақы берілді.

Осылайша, әкімшіліктің жергілікті тұрғындардың « діни өмірі мен әдет-ғұрыптарына араласпау» қағидасы іс жүзінде Түркістандағы ұлттық білім жүйесінің басты қамқоршысы мұсылман діні өкілдерінің материалдық негізін күйретуге әкелді.

Кауфман Түркістандағы бастауыш білім беру туралы былай деп жазады. «…Орыс иелігіндегі мұсылман мектептері тіпті басқа жағдайда екен. Ол бұрын саяси рөлге үйреніп қалған. Оның басшысы өзін бұрыннан басқарудың белді мүшесі сезінеді. Заң жүзінде биліктің құрметті қызметкері саналды және өз қызметін кіріс көзі мен ақсүйектік артықшылық ретінде қолдануға үйренген…Қазір бұрынғы қамқорынан айырылған медресе ғимараттары күйрей бастады. Мектептер босап қалды. Жоғары мектеп неғұрлым құлдыраса, соғұрлым халық алдында, біздің жауымыз - саяси діни ұйым тезірек өз ықпалын жоғалтары анық...» [17, 13 б.].

Сонымен қатар, «…қоғамның және мемлекет қажетіне енді медреселерден алған білім керек емес… Тек оның орыс мекемесімен алмастырылмаған шариғат соты үшін ғана маңызы бар. Бірақ осы соңғы артықшылық та… - жер реформасын енгізгеннен кейін жойылады, яғни онымен бірге түземдік мектеп те қазіргі кезеңде жаңа тәртіпке қарсы ықпалды жағдайын жоғалтады… » [17, 15 б.],- дей келе, Кауфман ойын былай аяқтайды: «…Осыны ескере отырып, мен бізге жау түзем мектептерін күштеп жою қандай қауіпті болса, осы мектептің бұрынғы күшін жоғалтып тез күйреуі бізге соншалықты пайдалы әрі тиімді болар еді деп ойладым…» [17, 13 б.]. Өйткені, үкімет оған ашықтан-ашық қарсы тұру үшін ислам мәдениетінің күші орасан еді. Осыны түсінген Кауфман оны біртіндеп әлсіретіп, «өзін-өзі жоюға» итермелейтін бүтін бір саяси бағдарлама ойластырды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруды «…көшпелілерді жалпымұсылмандық азаматтылық рухта тәрбиелейтін мәдени мектептері… » бар көшпелі аудандардан бастамақ болды. Кауфман : «…Татар, сарт діндарлары қоршаған көшпелі қырғыз мектептерін мен, тезірек ешқандай сарт, әсіресе, татар элементтері қоспасынсыз қырғыз-орыс мектебіне айналғанын көргім келеді. Әсіресе соңғысы өте зиян…» [17. 15 б.], - дей отырып, осы «элементтердің» қазақ даласына таралуына кедергі қоюды ұсынды. Өйткені, ол неғұрлым тез дамыса, «…біздің мемлекеттік саясатымыздың басты міндеттерімен сәйкес келмейтін жалпымұсылмандық бағыттардың қырғыз тұрғындардың ішіне таралуын тоқтату соғұрлым күрделенеді..» [17, 15 б.], - деген пікірде болды. Сонымен бірге, Кауфман: «…Қырғыздарды татар және сарттардың ықпалынан оқшауламай, даланы Ресейге бекіту және көшпелілерді орыс азаматтығы мүддесінде тәрбиелеуге қол жеткізу мүмкін емес…» [17, 145 б.], - деп өзінің түпкі мақсатын білдірді. Ол үшін Түркістанда орыс және жергілікті тұрғындардың балалары оқитын «орыс-түзем» мектептерін ашты. Облыстардың әскери губернаторларына берген нұсқауында ол «тәрбие негізіне діни айырмашылықтарды емес, христиан балаларын да, мұсылман балаларын да Ресейге пайдалы азамат тәрбиелеуге көмектесетін бәріне ортақ ережелер » [18, 3 б.] алынуы тиіс деп түсіндірді. Бұл мектептердің ашылуы жалпы отарлық және мемлекеттік мекемелерді, шенеуніктердің жергілікті тұрғындармен қатынасы үшін аудармашы, майда қызметкерлермен қамтамасыз ету қажеттілігінен де туған іс-шара еді.

Кауфман әкімшілік қызметі барысында Түркістанға оның тарихын, мәдениетін, табиғи байлығын зерттеу мақсатында келген орыс қоғамы өкілдеріне көмек көрсетті. Оның бұл қамқорлығын Түркістандағы орыс әкімшілігінің «өркениеттік миссиясын» көрсетуге және орыстардың көпшілігі үшін «экзотикалық жерде» «Ресейдің ұлылығын» бекітуге ұмтылысымен түсіндіруге болады.

Түптеп келгенде, Түркістанның алғашқы генерал-губернаторы К.П. Кауфманның әкімшілік қызметіндегі басты бағыт - патшалық Ресейдің мүддесін жүзеге асыру болып табылды. Ал, империялық мүдденің негізгі ұстанымы – жаңа отарланған жерлерді Ресейге біріктіріп жіберу, халқын орыстандыру, сонымен қатар, жер көлемін ұлғайту және империя ішінде қордаланған саяси, экономикалық мәселелерін шеткері ұлттық аймақтары арқылы шешу еді. Өлкенің алғашқы басшысы Кауфман - осы мақсатқа жету өзінің жаңа иелікте жүргізген саясатына байланысты екенін, яғни жаңа тамыр жая бастаған патшалық биліктің болашақ тағдыры жергілікті халықтың келешекте орыс билігін мойындауына тәуелді екенін терең түсінген және сол үшін отарлаудың алғашқы кезеңінде аяғын ойланып басып көп күш жұмсаған айлалы шенеунік болды.

1882 жылы генерал-губернатор К.П.фон-Кауфманды М.Г. Черняев алмастырды. 1865 жылы ол Түркістан облысының әскери губернаторы болды, бірақ 8 айдан кейін Орынбор генерал-губернаторы Н.А. Крыжановскийдің бұйрықтарын орындамағаны және қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін бұл қызметінен алынып, Петерборға қайтарылған болатын. Онда М.Г. Черняев астаналық аса реакцияшыл көзқарастағылар қоғамына қосыла отырып, Кауфман мен оның әкімшілігінің алған бағытын сынап отырды.

17 жылдан кейін Черняев түркістан әкімшілігінің бірінші басшысы ретінде қайта оралды. Бірақ, әкімшілік қызметте (Кауфманмен салыстырғанда) тәжірибесі аз ол «надан, ақымақ», ал оның үзеңгілестері «зулустар» деген атқа ие болды.

А.И. Добромыслов Черняев билеген кезеңді былай деп сипаттайды: «абыройсыз, ашкөз әрі беделсіз шенеуніктер аз зардап шекті; аурушаң және қауқарсыз шалдың тәртібінің бар ауыртпашылығы ... қолынан іс келетін немесе аз кем болса да қабілетті адамдарға артылды» [19, 258 б.]. Өлкенің көптеген мәдени мекемелеріне зардабы тиді. Черняевтің шешіміне сәйкес Түркістан көпшілік кітапханасы жабылды, көптеген құнды кітаптар жоғалды; Ташкент химиялық зертханасы қысқартылды, жібек шаруашылығы мектебі жабылды [19, 278 б.].

Черняевтің тікелей сұрауы бойынша өлкеге өзімен қатар 1882 жылы сенатор Ф. Гирстің бастауымен ревизиялық комиссиясы жіберілгені мәлім. Кейінірек комиссия Түркістанның әкімшілік құрылымына қатысты ұсыныстар берілген есептерін жарыққа шығарды. Бірақ Черняев өлкені қайта құру жұмыстарына кірісіп үлгерген де жоқ. Ол 1884 жылы шұғыл түрде Петерборға қайта шақыртылды [20, 160-п.].

Черняевтің Түркістаннан шұғыл қайтып кетуіне оның қызметінің сыртқы саяси аспектісі әсер етуі мүмкін. Бұлай дейтініміз, 1882 жылдың сәуірінен 1884 жылдың наурызына дейін Англия Орта Азияға өз ықпалын арттыру үшін Ауғанстанды пайдалану арқылы жаңа қадамдар жасай бастады. Осындай қиын да шиелескен кезеңде Черняев өзіне тән авантюристік мәнерде патша өкіметіне Бұхара және Хиуа хандықтарын жоюды және олардың жерлерін Ресей аумағына қосуды ұсынды. Черняевтің бұл ұсынысы Сыртқы Істер Министрлігінде ортаазиялық істер бойынша арнайы кеңесте талқыланды, бұл кеңеске Сыртқы Істер Министрі Н.Ф. Гирс, Қаржы министрі Н.Х. Бунге, Бас штаб бастығы Н.П. Обручев, Персиядағы Ресей елшісі И.А. Зиновьев және басқа да беделді шенеуніктер қатысты [21, 408б.]. Арнайы кеңес Черняевтің бұл ұсынысын кері қайтарып, Бұхара мен Хиуа хандықтарына қатысты бейбіт саясат жүргізуге кеңес берді. Ол бұл жөнінде 1882 жылғы 23 шілдеде №137 нұсқау алды [21, 408 б.].

Сыртқы Істер Министрлігі ағылшын мен ресей арасында қайшылықтар шиеленісіп кете ме деген оймен Черняевқа хандықтарды қосу туралы мәселені қайтара көтеруге қатаң тыйым салды.

Осындай жағдайда Черняевтің бұрынғы әскери саяси қызметтеріне талдау жасай отырып, оны шұғыл түрде кері қайтару туралы шешім қабылданды.

Жоғарыда аты аталған мәселелерді тез арада реттеп шешу үшін бұрынғы Петербор әскери округінің штаб басшысы Н.О. Розенбах жаңа генерал-губернатор етіп тағайындалды [22, 2-п.]. Розенбахтың Петерборға Ресей мен Англия арасындағы шекаралық мәселелерді шешу турасындағы жазбаша есептері оның орын алған жағдайды дұрыс бағалай алуы мен біліктілігіне дәлел бола алады [13, 102 б.].

Н.О. Розенбах «1886 жылғы Ереженің» соңғы нұсқасын жасау бойынша құрылған граф Игнатьев комиссиясының жұмысына қатысты. Оның тікелей қатысуымен генерал-губернатор жанындағы Кеңесі (1887 жыл), Бұхарадағы Ресей империялық саяси агенттігі (1886 жыл), Самарқанд облыстық басқармасы (1887 жыл), округтық почта-телеграф Басқармасы, Сырдария облыстық статистика комитеті (1887 жыл) ашылды және сот жүйесі қайта құрылды.

Түркістанды экономикалық қанауға аса мән бере отырып, Розенбах мақта шаруашылығын, жібек шаруашылығын, қайта өңдеу өнеркәсібінің құрылысын жандандыруға ат салысты. Орыс буржуазиясын шикізат пен тауар өткізу нарығына тарту мақсатында 1885-1886 жылдары ауылшаруашылық көрмелері ұйымдастырылып, онда қолөнер және ауылшаруашылығы өнімдерін көрсетті.

Н.О. Розенбах үкіметтің теміржол құрылысы бойынша іс шараларын жүзеге асыруға көп күш жұмсады. Министрлер Комитетінде теміржол құрылысы бойынша мәселелерді талқылауға қатыса отырып, Закаспий теміржолын Самарқандқа дейін созуды тездетіп қолға алу қажеттілігін дәлелдеді. 1887 жылғы «Аса мәртебеліге» жасаған есебінде Розенбах жолды Ташкентке дейін тарту қажеттігін ұсынып, оны негіздейді. Соның арқасында 1888 жылы Әскери Министрліктен сол жолды салуға рұқсат алады. Розенбах және оның әкімшілігінің атымен Түркістан көпшілік кітапханасы қорының қайта қалпына келуін, орыс-туземдік мектептер, кәсіптік училищелер желілерінің салынуын, орыс баламасына ұқсас «Түркістан түземдік газетінің» шығарыла бастауын байланыстыруға болады.

Розенбахтың ізбасары Одесса әскери округінің бұрынғы штаб басшысы барон А.Б. Вревский болды [23, 146-п.]. С.Ю. Витте оны «өзі ақымақ емес, бірақ адамгершіліктен жұрдай» және бұл қызметке Бас штаб басшысы генерал Обручевтің тікелей араласуымен тағайындалған адам ретінде сипаттайды [24, 224 б.].

А.Б. Вревский өлкені 8 жылдан аса басқарды, генерал-губернатор ретінде өлкені басқару мерзімі бойынша ол тек К.П. Кауфманға ғана жол берді. Ол басқарған (1889-1898) жылдар көптеген халықтық толқулармен есте қалды, мысалы: Ташкенттегі 1892 жылғы «тырысқақ» көтерілісі, Ферғана облысының болыстары мен уездеріндегі жазалаушы отрядтардың көмегімен қатал түрде басылған кедейлердің 1893, 1985, 1896, 1897 жылдарыдағы бас көтерулері. Н.А. Вревский «түземдіктердің бассыздығын» (халықтық бас көтерулердің) «жергілікті әкімшілік беделінің төмендеуінен» деп санап, оны барынша «күшейтуге» талпынды.

Ол 1894 жылы әртүрлі министрліктер мен жергілікті әкімшілік өкілдері кіретін құпия кеңесші Т.С Кобеке басшылық жасайтын комиссия құрды [25, 119-121 бб.]. Салық салу тәртібін өзгерткен жаңадан үйездік жер-мүлік салығы туралы ереже жасақталды. Бұрын жеке адамдарға салынатын салықтардың орнына болыстық және ауылдық бөліністегі салық салу енгізілді. Бұл кедейлердің жаңдайын одан сайын нашарлатты, түтін салығы бойынша көбіне дау дамай туып, бұл ретте байлар жеңімпаз болып шығып отырды.

Вревский жергілікті сот құрылымы жүйесіне де араласты. 1892 жылдың соңында ол жаңадан «Халықтық соттарға арналған нұсқау» құрастырды. Онда би мен қазылардың орнына жаңадан сайлау бойынша қызметке тағайындауды алмастыру көзделді [26, 196-п.]. Дегенмен бұл жоба тәжірибе жүзінде жүзеге аспады.

Басшының тапсырмаларын бұлжытпай орындау керек сипатында болған Вревскийдің ұлтшылдық саясаты шындығында шенеуніктер аппаратының барлық буындарында үлкен резонанс тудырды.

Түркістан ауылдарының шиелініскен жағдайы Вревскийдің әкімшілігінің, әсіресе жер мүлік салығының көлемінің артуы және жергіліктің халықтың жерге ие ету құжаттарының нақтылығын анықтаушы салық салу комиссия шенеуніктерінің жұмыс жасау тәсілдерімен тіптен ұшығып кету алдында тұрды.

1892 жылы Түркістанда «қатаң күзет туралы» ережесінің енгізілуі әкімшілік тепірішінің тағы да бір қадам алға жылжуы болды. Бұл ережеге сәйкес биліктің жазалау шаралары көбіне халықтық толқулар мен бас көтерулерді басып жаншуға арналған арнайы әскери экспедицияларға айналып отырды. Дегенмен осындай жағдайларда нақты заңдылық көрінеді: неғұрлым отарлаушылар тарапынан қара халыққа қатысты жөнсіздік пен заңсыздықтар көп орын алған сайын, соғұрлым оларға қарсы радикалды күрес түрлері пісіп жетіле бастайды.

Нақ осындай күрестің мысалы ретінде 1898 жылы Әндіжанда үкімет әскерімен қарулы қақтығысқа түскен халық көтерілісін айтуға болады.

Бұрынғы басшылықтың орнына келген бесінші генерал-губернатор С.М. Духовский көтерілісшілерге қарсы қанды қырғынның басшысы, қыстақтар мен ауылдардың бейбіт мыңдаған тұрғындарына террор ұйымдастырушы болды [27, 59-п].

Ол өз қызметін Ферғана облысының жергілікті әкімшілігін «тазалаудан» бастады: өз қызметінен әскери губернатор Повало-Швыйковский алынып тасталды, болыстық және ауылдық әкімшіліктен 53 адам қызметінен босатылды. Үйездік басшылық Духовскийдің халықтық соттардың үстінен қатаң бақылау орнатуға нұсқау алды. Ол бойынша олар сот істеріне араласып, «халықтың санасында тағайындалған жергілікті басқарушылар мен билеуші құзырлы өкілет иелері нақ сол халықтық сот ісінің нәтижесін бақылаушы әрі жүргізушілер екендігіне шүбә келтіртпейтіндей болуы тиіс»[28, 61 б.] деп көрсетілген болатын. Бірақ Духовскийдің бұл іс әрекетінен еш нәтиже шыққан жоқ. Орыс әкімшілігі жергілікті тілді білмеуінен және жөнді тілмаш аудармашылардың болмауы себебінен, К.К. Паленнің мәліметі бойынша «тіптен дәрменсіз күй кешкен» [28, 62 б.] жағдайда болды.

Осы кезеңдегі әкімшілік басқарудың кейбір мәліметтері М.М Духовскийдің жұбайы В. Духовскаяның күнделігіндегі жазбалары негізіндегі естеліктерінде келтірілген. Көтерілістен кейінгі Түркістандағы жағдайды сипаттап, ол былай деп жазады: «Тағы да қиын-қыстау кезеңдерді кешудеміз. Бізге жаңа көтеріліс болуы мүмкін деген сыбыстар жетуде.... Біз мұнда жарылудың аз-ақ алдында тұрған жанартауда өмір сүріп жатырмыз: өте сақ болу керек, дауыл алдындағыдай күшті қорқыныш сезіледі» [29, 57 б.]. Автордың осы естеліктеріндегі сөздерден шенеуніктер ортасының аталған жайттарды қалай қабылдайтындығы көрініс табады.

Өзінен бұрынғы билеушілерге қарағанда Духовский мұсылмандар туралы зерттеуді кең ауқымда зерттеуді ұсынушы болды. Ол «Түркістандағы Ислам» атты «Ұлы мәртебеліге» арнап жасаған есебінде «мұсылмандар мен христиандарды жақындастыру» бойынша шаралар ретінде: өлкенің барлық шенеуніктеріне «мұсылмандардың діни тұрмысымен жақын танысуға»; барлық мекемелердің кітапханалары мен кеңселерінде орыс тіліндегі ислам туралы басты анықтамалықтар мен басты кітаптарының түсініктемелерін ұстауға; «мұсылмандық бойынша материалдар жинағын» шығару; барлық мұсылман шығармаларына цензура қою және т.б ұсынады [30, 8-п.]. Осы аталған ұсыныстары тек қағаз жүзінде қалды. 1890 жылдың қарашасында Духовский Түркістаннан кері шақыртылды.

Оның орнын ХІХ ғасырдың 60-70 жылдары патшалық әскери акцияларда Черняев пен Кауфманның үзеңгілес ізбасары Н.А. Иванов басты. Ол шынында да «ортаазиялық» болатын, өйткені оның әскери әрі әкімшілік қызметінің қалыптасуы нақ осы Түркістанда басталған еді. Черняевтің отрядындағы атты-артиллериялық батареяның хорунжиінен 1883 жылы дейін генерал шеніне дейін, ал үйез басшысынан генерал-губернаторлық қызметке дейін өсті.

Өлкені басқару жүйесіндегі кемшіліктер 35 жылдық қызмет тәжірибесі бар Н.А. Ивановқа құпия емес еді. Ол өзіне дейінгі басшылар секілді өз қызметін заң жасаушылық тұрғыдан бастады. Оның тапсырмасына сәйкес кеңсе басшысы құпия кеңесші Нестеровский жер жерге барып, Ташкентте көптеген комиссиялар жинақтайды, Түркістанды басқаруға туралы жаңа заң жобаларын жасау бойынша ұсыныстарды талдап шығады. Осы жұмыстар үш жарым жылға созылғанмен (1903 жылдың қыркүйегіне дейін) [28, 68-69 бб.], айтарлықтай нәтиже бермейді. Нестеровскийдің жобасында әлеуметтік, экономикалық және әкімшілік мәселелерді құқықтық және іс жүзінде шешу жолдары алдыңғы жобалардағыдай негізінен түркістандық қоғамның қатысуынсыз, тек бюрократияға негізделген күйде жасалды. Осыған байланысты бұл жоба да түркістан генерал-губернаторы кеңсесінің мұрағатын толтыратын құжаттар қатарына қосылды.

Н.А. Ивановтың негізгі мән берген шаруалары Ортаазиялық және Орынбор – Ташкент темір жолында күшейіп келе жатқан жұмысшылар қозғалысымен байланысты социал-демократиялық, эсерлік және тағысын басқадай идеялардың таралуына қарсы күрес болды. Осыған байланысты ол облыстарға жиі барды: 1901 жылы – екі рет Закаспий және Жетісу облыстарында, 1902 жылы – Сырдария және Ферғана облыстарында, 1903 жылы – Самарқанд облысында болды.

К.К. Пален өз есебінде Ивановтың бұл қызметіне оң баға беріп, Духовскойдің екі жарым жыл ішінде бірде-бір рет сыртқа шықпағанын атап айтады. Дегенмен К.К. Пален Н.А. Ивановты «өзінің үш жылдан аса уақыт генерал-губернатор қызметінде ..... өзіне бекітілген өлкенің қажеттіліктері туралы жоғары тұрған инстанцияларға бірде-бір рет өтініш жасамағандығын» [31, 1-п.] сынайды. Дегенмен К.К. Паленнің бұл сөздерінің шындыққа жанаспайтындығын мұрағат көздеріндегі деректер көрсетеді.

Мысалы, Н.А. Иванов өзінен жоғары тұрған инстанцияларға өлкедегі тұрақсыз жағдайлар мен көптеген қалаларда «мемлекеттік қылмыскерлердің» (бұл жерде саяси жер аударылғандарды меңзейді) іс-әрекеттері туралы, «олар тек қана зиянды ғана емес, сонымен қатар өте қауіпті» [31, 7-п.] екендігін ескерткен шағымдарды көп жолдап отырған. Ішкі істер министрі фон-Плевеге «мемлекеттік қылмыскерлердің орта оқу орындарының шәкірттері арасында үгіт-насихат жұмыстарының» кең таралып бара жатқандығын жеткізе отырып, одан «өлкеге дәл осындайларды жер аударуына шектеу қоюға» [31, 8-п.] тікелей жәрдемдесуін сұрайды. Бірақ көмек орнына ол одан «өзіне бекітілген өлкеде осындай жер аударылғандарды бөліп отыруға және өз қарауынша іс-әрекет етуіне» ұсыныс кеңес алады [31, 8-п.].

Министрдің осы уақытта Түркістанға назар аударатындай жағдайы болған жоқ. Жүйенің бұзылмауын реттеймін деп ол аса маңызды акция – Жапонияға қарсы «жеңімпаз кішігірім соғыс» дайындығымен әуреленіп жатты.

Одан ары қарай Бірінші орыс төңкерісі басталды, ал онымен бірге Түркістанда генерал-губернаторлық «келеңсіздіктер» орын алғаны мәлім. 1904 жылы 3 мамырда Иванов ауырып қайтыс болады; 1905 жылдың қарашасында, нақ Түркістандық бүкіл саяси ереуіл кезінде аяқ астынан одан кейінгі тағайындалған генерал-губернатор Н.Н. Тевяшев кенеттен қайтыс болады; 1906 жылдың желтоқсанында отаршыл жүйе тарихында алғаш рет кезекті тағайындалған генерал-губернатор Д.И. Суботич «өлкедегі көтерілісшіл ниеттегілерге демеу болғандығы үшін» деген себеппен өз қызметінен шектетіледі [32, 414-п.].

Император Николай II генерал-губернаторлық қызметке міндетті түрде әбден ысылған және өзіне аса сенімді адамдар қатарынан тағайындалғандығын бақылап отыратын. Түркістан әкімшілігінде Д.И. Суботичке дейін де және одан кейін де дәл осындай либерализмге жауапты деген желеумен ешкімді айыптаған емес еді. Барлық генерал-губернаторлар өз қызметтерін патшаға аса қатты жағымпаздықпен көрсеткен еді және патша тарапынан көбіне осы атқарған қызметтері үшін көптеген мемлекеттік марапаттар мен сый-сияпатқа ие болатын.

Д.И. Суботич жағымпаздар қатарынан болмай шықты. Ол буржуазиялық партиялардың бірінің, әсіресе кадет партиясының көзқарастарын қолдайтындар қатарынан еді. Ал император Николай II мұны тағайындаған кезде байқамаса керек.

Сенатор К.К. Пален Д.И. Суботичті Түркістанда болып жатқан «саяси өзгерістерге немқұрайлықпен қараған» деп айыптайды. Мұндай айыптауға негіз кейбір фактілермен дәлелденген: 1906 жылдың көктемі мен жазында саяси қуғын-сүргіннің әлсіреумен, көптеген саяси партиялардың қайта құрылуы мен қызметтерінің жандануы, екі рет Түркістандық РСДРП конференциясының өтуі (1906 жылдың ақпаны мен қыркүйегінде), түркістандық темір-жолшылардың делегаттық съезінің өтуі (1906 жылдың шілдесі), кәсіподақтардың кең жүйесінің құрылуы, «Самарқанд» және «Орыс Түркістаны» газеттерінің Самарқанд пен Ташкенттегі социал-демократтардың ресми баспа органдарына айналуы және т.б.

Бұдан бөлек Петорбордан келген «өте қатаң іс-әрекет етіп, еш ойланбастан нақты шешім қабылдау» туралы нұсқаулар алғанымен, Д.И. Суботич Түркістан әскери округінде әскерилердің, әсіресе Ташкент, Ашхабад пен Красноводск гарнизондарында (1906 жылдың жазында) аса қуатты толқулардың туындауына жол берді.

Үкімет Суботичке «көмектесу» мақсатында өлкеге генерал-адьютант Максимовичті жібереді. 1906 жылдың қазанына бастап генерал Максимович Түркістан өлкесінің нақты билеушісі болды. Ол тіпті генерал Сахаров, Мацишевский, Малыхин және тағы басқалар сияқты контрреволюциялық қызметі дәлелденбеген кісілерді де «өз әскери бөлімдерінде үлгі бола алмады» деген желеумен қызметтерінен алып тастады. Революциялық шараларға қатысушыларды қуғындау жүйесін жетілдіру мақсатында жаңа әдіс-тәсілдер ойластырылды. Дәл осындай іс-әрекетте кезекті генерал-губернатор Н.И. Гродеков та көзге түсті [28, 80 б]. Оның іс-әрекеті қалыптасқан жазалаушы «үрдістен» еш ауытқыған жоқ. Басқарудың тек әдіс-тәсіл мен тактикасы ғана өзгерді – «бас көтерген шеткері аймақ» «тәртіпке» келуі үшін бұрынғыдан көбірек талапты қажет етті. Бұл тұрғыда қалалар мен ауылдарда жаңадан полицейлік бақылаушы пункттар құрылуы аттылы сақшыларды жалдау, уақытылы «тасада тосу, тінту жүргізу, айғақтар жинақтау мен осының есебін толтыруға» арналған нұсқаушаларды шығару, түрме мен үй қамақтар және т.т.б. желісін құрастыру [28, 82 б.] қажет болды. 65 жасар генерал білек сыбанып жұмысқа кіріседі де, Суботичке байланысты шыққан Николай II патшаның алдында отарлық әкімшіліктің «жақсы атын» қайта жөнге келтіруге ат салысады.

Түркістан халқы үшін бұл террор мен қатаң жазалаулардың жылдары болды.

Гродековтан кейін генерал-губернаторлық қызметке қысқа мерзімге (бар жоғы 9 айға ғана) Мишенко келді. К.К. Паленнің сөзімен айтқанда, «қысқа мерзімде ол мардымды ешнәрсе тындырып үлгерген жоқ» [28, 85 б.].

1909 жылдан 1914 жылға дейін Түркістанның генерал-губернаторы қызметін А.В. Самсонов атқарады.

Самсоновтың Түркістандағы әкімшілік қызметі өнеркәсіптік құрылыстың қарқынды дамуы кезеңімен сай келді және ол патша үкіметінің мүддесі үшін бірнеше шаралар жасады.

Министрліктермен ұзақ уақыт хат алысып отырып «Түркістан-Сібір темір жолын тездетіп салуды қолға алуға рұқсат беруін және оның ішінде оңтүстік бөлігінде Арыс станциясынан Верныйға дейін, ал оның бір саласын Жаркентке дейін созу туралы» мәселені жедел шешуге [33, 237-п] 1912 жылы рұқсатын алды.

Түркістанда суармалы жерлер «маңыздылығы өте жоғары» мәселе деп санап, ол бос жатқан жерлерді суармалы ету мен су ережелерінің негізгі заңдарын дайындады; жекеменшік кәсіпкердерге суармалы жерлерді зерттеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру ережелерін құрастырды; Сырдария облысындағы мақта егістігіне арналған суармалы жерлерді жергілікті халықтан экспропорциалау жұмыстарын заңдастырды; қоныс аударушылардың қыстақтарын салуды жандандырды [19, 98 б.]. 1914 жылы патшаның бұйрығына сәйкес әскерге қайта шақыртылды.

1914 жылдың шілдесінен 1917 жылдың ақпанына дейін Түркістанда 4 басшы алмасты, олар: үш уақытша генералдар Флуг, Мартсон, Ерофеев және соңғысы «заңды» А.Н. Куропаткин [34].

ХІХ ғасырдың басында өлкедегі билік дағдарысы мен ұлт-азаттық көтеріліс салдарынан ушыққан саяси ахуалға байланысты патша үкіметі генерал-губернаторлық орынға тым дөрекі емес, икемшіл, жергілікті тұрғындар мен әкімшілік шенеуніктері арасына дәнекер болатын адамды қоюды көздеді. Осы талаптарға сай деген оймен 1916 жылы 22 шілдеде бұл қызметке жақында әскерден шақыртылып алынған А.Н. Куропаткин тағайындалды.

Генерал-адъютант А.Н.Куропаткин (1848-1925жж.)– Псков губерниясында ұсақ помещик отбасында дүниеге келген, І кадет корпусында, І Павел әскери училищесінде және Бас Штабтың Николаев әскери Академиясында білім алған әскери генерал еді. Әскери қызметін 1867-1868 жылдары Түркістан өлкесінде бастап, бұқаралықтарға қарсы жорыққа қатысады. 70-80 жылдары Алжир, Түрік, Қоқанд, Ахал-теке жорықтарына қатысып, подполковник шеніне көтерілді. 1890-1898 жылдары генерал-лейтенант шенінде енді құрылған Закаспий облысының бастығы қызметін атқарады. 1898-1904 жылдары Соғыс министрі, Әскери Кеңес төрағасы қызметтерін, Жапониямен соғыс кезінде Манчжуриядағы барлық орыс әскерінің бас қолбасшысы, Герман соғысында 1916 жылға дейін Солтүстік майдан әскерлерінің бас қолбасшысы қызметтерін атқарады. Ол орыс армиясының барлық ордендері және бірнеше шетел ордендерінің иегері. Сонымен қатар, А.Н. Куропаткин белгілі әскери жазушы ретінде де танылған: оның «Плевна и Ловча» деп аталатын мемуары және әскери мәселелер бойынша дәрістері, естеліктері көпшілік арасында қызу пікірталас тудыратын [35, 575-576 бб.]. Куропаткиннің Түркістанға келгенге дейінгі әскери және әкімшілік қызметінің қысқаша өмірдерегі осындай.

Белгілі кеңес тарихшысы М.Н. Покровский оның осы орынға тағайындалуын былайша түсіндіреді: «1916 жылға қарай Куропаткин патшалық Ресейдің лауазымды шендер сахнасынан біраздан бері шығып қалған болатын. Ол бұл кезде саясатпен айналыспайтын, стратег ретінде ол туралы ешкім ештеңе айтпайтын. Соғыс әскери шебін басқарудағы іс-әрекетінен мардымды ештеңе шығара алмаған, соғыс пен империяның соңғы санаулы күндерінде Куропаткин кәрі әскери генералға тән әскери шептен мыңдаған шақырым алыстағы тым қарапайым «Түркістан генерал-губернаторы» қызметін алғанына риза болуы тиіс болатын. Мұндағы оның міндеті әскериліктен гөрі, тура полицейдікіндей еді және немістерге қарағанда қырғыз, сарттармен соғысу әлдеқайда жеңілдеу болды. Бірнеше адамды дарға асқан ол 1916 жылғы ортаазиялық көтерілісті жеңіп, жаныштап баса білді» [36, 56 б.].

Әскери уақыт заңы бойынша ұлт-азаттық көтерілісті аяусыз жаныштау өкілеттілігіне ие болған Куропаткин «жеңіске» жеткенмен, ол күрестің әлі толық аяқталмағанын және патшалық тәртіпке қауіп төндіретін көптеген факторлар сақталғанын жақсы түсінді. Мұндай жағдайда Куропаткин өзінің алдыңдағы губернатор Ерофеевтің ашық кемсітушілік бұйрықтарын өзгерту, түркістан әкімшілігінің тыл жұмыстарына адам алу кезіндегі көрініп тұрған белден басушылықтарын тергеуді ұйымдастыру арқылы «шиеленістің алдын алу» шараларын қабылдауға мәжбүр болды. Сонымен бірге Куропаткин асқынып бара жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыс жағдайында отарлық әкімшілік пен жергілікті халықтың жоғарғы тап өкілдері арасын «татуластыру» әрекетін бастап көруге ниет танытады. Оның бұл ойлары оның шығарған бірнеше жарлықтарында байқалады. Мысалы, ұлттық буржуазия жергілікті халықтың кейбір санатын жалға алудан босату бойынша «жаңадан құрылған» облыстық, үйездік және қалалық комитеттер құрамына тартылды. Олардың арасында – дін өкілдері, құрметті азаматтар, үкіметтік мекемелер қызметшілері мен шенеуніктері болды. Соңында, жергілікті халықты тыл жұмыстарына алуды 1916 жылдың 15 қыркүйегіне дейін кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды. Дегенмен бұл іс-әрекеттер бірқатар облыстардағы тұтанған өртті уақытша ғана тоқтатуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, ол Түркістан өлкесін басқарудың жаңа ережесін жасауға талпыныс жасайды. 1916 жылы тамыз айында А.Н.Куропаткин басқарған орталықтың және жергілікті шенеуніктерден тұратын комиссия Түркістан өлкесін басқару реформасының соңғы жобасын жасауға және оны Ресейдің заң шығару орындарында талқылау үшін даярлауға кірісті.

Түркістан өлкесіндегі Куропаткин басқаратын патшалық билік өз күйреуінің алдында да «әскери-халықтық» басқару жүйесін әлі де бірнеше он жылға сақтап қалу жағын қарастыру үстінде болды.

Куропаткин өз қызметін Кеңес билігімен бірлесіп аяқтады. 1923 жылдың 26 шілдесіндегі «Красная газетасында» ол туралы былай деп жазылды: «Куропаткинді Кеңестік Ресейге шын жан-тәнімен беріліп жұмыс істеп жатқан патша шенеуніктері қатарына жатқызуға болатын сияқты». Ол өмірінің соңына дейін Псков губерниясындағы Шещурино селосында ауыл мұғалімі және кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарды [37].

Патшалық Ресейдің Түркістандағы белді идеологы Остроумов А.Н. Куропаткиннің өлкедегі әкімшілік қызметі туралы «генерал-адъютант А.Н. Куропаткин Түркістан генерал-губернаторы сынды жауапты қызметке өлкеде орын алған патшаның жарлығына қарсы шыққан түземдіктердің көтерілісіне байланысты тағайындалды. Түркістан өлкесінің жаңа басшысының мұндай айрықша жағдайы оның әкімшілік қызметіне де ерекше сипат береді: оның алғашқы міндеті мен жарлықтары Түркістандағы бұрынғы тыныштық пен тәртіпті қалпына келтіруге бағытталды, ал оның алдына қойған мемлекеттік жоспарларына басталып келе жатқан бүкілресейлік төңкеріс кедергі келтіріп, өзінің әкімшілік қабілетін көрсетуге мүмкіндік бермеді» [38, 72-п.], - дей келе, Куропаткиннің тұлғасы мен әкімшілік қызметін Түркістан өлкесінің алғашқы генерал-губернаторы фон-Кауфманмен қысқаша салыстыра отырып, төмендегідей қорытынды жасайды:

1. Куропаткинге ортаазиялық билеушілермен де, петерборлық бюрократиямен де соғысуға тура келген жоқ, тек патша жарлығына қарсы шыққан түземдіктердің көтерілісін басып, өлкедегі орыс билігін басқаруды орныққан негізде жалғастырды. Ол Түркістанға келгенде өлке патшалық ресейдің мәдени аймағына айналып, Ташкент Орынбормен темір жол арқылы байланысатын еді.

2. Куропаткинге өлкені басқару үшін қажетті қызметкерлерді таңдауда қиындық туған жоқ, дегенмен Кауфман сияқты «көреген» бола алмады, ол орыс шенеуніктеріне қарағанда түземдіктерге сенуді жөн көріп «әлсіздік» танытты. Өзі бұрын басқарған Закаспий түркімендері арасында жақсы пікір қалыптастырғанымен, Түркістан халқы арасында құрметке ие бола алмады, себебі бұл уақытта орыс билігі өз беделінен айырылған еді.

3. Генерал Куропаткин Жапониямен соғыста Манчжуриядағы армияны басқарған уақытта орыс әскерінің беделін көтере алмады, Орта Азияда патша билігінің құлауына куә болды, тіпті өзін төңкерісшілер тұтқындап, ол әскери айдаумен Петроградқа жеткізілді.

4. Куропаткин Ресейдің Жапониямен соғысы кезінде құлдыраған әскери рухын Орта Азияда енді көтере алмайтын еді және өктем сөйлеуге дағдыланған ол түземдіктерге патша өкімінің орындалуын қорқыта отырып талап етуге және алдарқатып көндіруге мәжбүр болды.

5. Куропаткин түземдіктердің ықыласына жағымпаздықпен бөленуді көздеді, жағрафиялық қоғамның отырысында түземдіктердің жақсы қасиеттері мен әскери батырлықтарын мақтап сөз сөйлегені асыра сілтеушілік пен қателік болды. Оның әкімшілік қызметіндегі бастамалары табысқа жетпеді. Және Еуропа да оған қолбасшы ретінде құрметпен қарамады [38, 1-п.].



Патшалық Ресей тарапынан Куропаткиннің отарлық биліктің сенімін ақтамаған, отарлаушының мүддесін сәтсіз жүргізуші ретінде бағаланғанын көреміз. Отандық тарихта А.Н. Куропаткиннің тұлғасы Түркістан өлкесінің соңғы генерал-губернаторы және 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын басып жаншушы ретінде ғана орын алмақ. Сондай-ақ оның келбеті мен басқару қызметі өзінің күйреуі алдындағы Түркістан өлкесіндегі патшалық биліктің бейнесін көрсетеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Полянский К. Памяти К.П. фон-Кауфмана. - СПб., 1913. - 15 с.; Пропащин А. Генерал-адъютант К.П. фон-Кауфман 1-й как устроитель Туркестанского края (1867-1882) - Т., 1913. – 157 с.; Кауфманский сборник, изданный в память 25 лет, истекших со дня смерти покорителя и устроителя Туркестанского края Генерал-адъютанта К.П. фон-Кауфмана. - М., 1910, - 247 с.

  2. Россия в Средней Азии: Очерк путешествия Евгения Маркова. Т.1 - СПб.,1901, - 605 с.

  3. Павлов Н. История Туркестана. – Ташкент, 1910. – 237 с.

  4. Тынышпаев М. История казахского народа. – Алматы: Қазақ университеті, 1993. – 324 с.

  5. Кастельская З. Из истории Туркестанского края. (1865-1917) - М.,1980. – 120 с.

  6. Галузо П.Г. Туркестан — колония (Очерки истории колониальной политики русского царизма в Средней Азии). 2 - изд. - Ташкент: Госиздат, 1929. - 226 с.

  7. Ковалева Л. фон-Кауфман – генерал-губернатор Туркестанского края. // Южный Туркестан. - 2002.,- 14 июля.

  8. Беленчук Л. Генерал-губернатор Туркестана К.П. фон-Кауфман и его просветительская деятельность. // Педагогика. - 2002, - №1.- - С.79-85.

  9. Кауфманский сборник, изданный в память 25 лет, истекших со дня смерти покорителя и устроителя Туркестанского края Генерал-адъютанта К.П. фон-Кауфмана. - М., 1910, - 247 с.

  10. Полянский К. Памяти К.П. фон-Кауфмана. - СПб., 1913. - 15 с

  11. Пропащин А. Генерал-адъютант К.П. фон-Кауфман 1-й как устроитель Туркестанского края (1867-1882) - Т., 1913. – 157 с.

  12. Костенко А.Ф. Средняя Азия и водворение в ней русской государственности. - СПб., 1871. – 358 с.

  13. Хидоятов Г. Британская экспансия в Средней Азии. - Т.,1981, - 213 с.

  14. Знаменский П. Участие Н.И. Ильминского в деле инородческого образования в Туркестанском крае. - Казань,1900. – 97 с.

  15. ӨР ОММ. И-1009-қ., 1-т., 91-іс.

  16. Проект всеподанейшего отчета генерала-адъютанта К.П. Кауфмана по гражданскому управлению и устройству в областях Туркестанского генерал-губернаторства, 7 ноября 1867- 25 марта 1881 гг., составлен титулярным советником П.Хомутовым. - СПб.,1885. – 501 с.

  17. Кауфман К.П. Начальное народное образование в Туркестанском крае.1881. - СПб.,1910, - 227 с.

  18. Граменицкий С. Очерки о развитии народного образования в Туркестанском крае. - Т., 1896, - 79 с.

  19. Добросмыслов А.И. Ташкент в прошлом и настоящем. - Т.,1912.- 520 с.

  20. ӨР ОММ, И-1қ, 33-т., 328-іс.

  21. Халфин Н.А. Присоединение Средней Азии к России (60—90-е годы XIX в.). - М.,1965. - 468 с.

  22. ӨР ОММ, И-1қ, 33-т., 5-іс.

  23. ӨР ОММ, И-1қ , 35-т., 23-іс.

  24. Витте С.Ю., Воспоминания, В 2-х томах. - М., 1960, - т.1, - 453 с.

  25. Абрамов И.Ф. Положение об управленииТуркестанского края. – Т., 1916, - 250 с.

  26. ӨР ОММ, И-11қ, 737-т., 129-іс.

  27. ӨР ОММ, И-1қ, 35-т., 34-іс.

  28. Отчет по ревизии Туркестанского края, произведенной по Высо- чайшему повеление Сенатором Гофмейстером Графом К.К. Паленом. Краевое управление. – СПб., 1910. – 270 с.

  29. Духовская В.Ф. Туркестанские воспоминания. - СПб., 1913. -243 с.

  30. ӨР ОММ, И-1қ, 11-т., 1832-іс.

  31. ӨР ОММ, И-1қ, 31-т., 212-іс.

  32. ӨР ОММ, И-1қ, 35-т., 40-іс.

  33. ӨР ОММ, И-1қ, 2-т., 1725-іс.

  34. ӨР ОММ, И-1қ, 33-т., 325-іс, 327п.; 33-т., 310-іс, 121-п.; 35-т., 55-іс, 205-п.

  35. Альманах современных государственных деятелей. - СПб., 1897. – 1250 с.

  36. Куропаткин А.Н. Дневник. // Красный архив. - т.34, 1925; - т. 20. 1927.

  37. «Красная газета». - №176 - 1923 г., - 26 июля.

  38. ӨР ОММ. 1009 қ., 1-т., 80-іс.


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет