Зәки Ахметов және Махамбет мұрасы Г. Б. Ержанова



жүктеу 80.14 Kb.
Дата07.07.2016
өлшемі80.14 Kb.
Зәки Ахметов және Махамбет мұрасы

Г.Б.Ержанова,

ф.ғ.к., доцент

Қазақстан, Астана

Махамбет поэзиясын, бір қарағанда ХV ғасырдан бастау алатын қазақтың дәстүрлі жыраулар мектебінің заңды жалғасы ретінде бағалауға негіз бар. Бейнелеп айтсақ, Махамбет шығармашылығын суын қанша ішсең де сусының қанбайтын кәусар бұлаққа, ал жыраулар поэзиясын қазақтың ұланғайыр даласына жайыла аққан ен дарияға теңеуге болар еді. Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Ақтамберді, Шалкиіз, Жиембет, Бұқар сынды жыраулардың, Шал ақынның өлең-жырлары ақын шығармашылығына өзіндік ізін қалдырған. Махамбеттің әрбір өлеңінен жаугершілік заманның дүрбелеңге толы сызды лебі айқын сезіледі. Осы леп алғаш қазақ хандығы құрылған ХV ғасырдан бері бір үзілмей, уақыттың өзіне қоса өрілгендей әсер қалдырады. Желмаяға мініп Жерұйықты іздеген Хасан Сәбитұлын Асан Қайғыға айналдырған, бес жасынан суырып салма қабілеті байқалып көзге түскен Тілеуке Құлекеұлын Шал ақын атандырған, Ақтамбердіге “Күмбір-күмбір кісінеген күреңді” аңсатқан ел мұңы мен ер намысы Махамбеттің де “Ереуіл атқа ер салуына” себеп болады. Өмірдегі азаматтық ұстанымдары ұқсас болған бұл тарихи тұлғалардың сөз өнеріндегі жолдары да түрлі уақыт өлшемінде тұрғанына қарамастан өзара қиылысып жатады. Ал осы Махамбет өлеңдерінің теориялық негізін салшылардың бірегейі - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының қабырғасында ұстаздық еткен, тарих-филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болған, өмірінің соңғы жылдарына дейін осында дәріс берген ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, академик Зәки Ахметов. Ол өзінің жұлдызды жылдарын осы институттың өркендеуіне арнаған. Тегінде З.Ахметов десе исі қазақтың есіне ең бірінші «Өлең сөздің теориясы» түсетіні рас. Бұл екеуі егіз ұғым секілді. Сонсын әдебиет теориясы десе де еске З.Ахметов түседі. З.Ахметов үлкен ғалым ғана емес, ол үлкен жүректі азамат, адал дос, үлкенге ізетті, кішіге қамқор парасат иесі еді.

Жоғарыда айтқандай, ғалымның зерттеген саласынының бірі – Махамбет поэзиясы. Махамбет өлеңдерінде батырға байланысты көптеген жырлар кездеседі. Осылардың ішінде “Батыр” макроконцептісін вербалдауға қатысатын, атап айтқанда, оның сырт келбеті мен даусын, күші мен мықтылығын, шыдамдылығы мен айбатын, мінезін, т.б. көптеген белгілері мен қасиеттерін көрсету үшін балама, теңеме ретінде қолданылатын жылқы (ат), түйе (нар), құс (қыран), ағаш (емен) сияқты микроконцептілер бар. Бұлардың әрқайсысы халық танымындағы “Батыр” ұғымын нақтыландыра, өткірлендіре отырып, “ел қорғаны - ер” батырдың бейнесін береді.

“Ереуіл атқа ер салып, Егеулі найза қолға алып Ашаршылық шөл көріп, Темірқазық жастанып, Қу толағай бастанған”, - ерге айналдырады. Халықтың санасындағы “Батырдың” жаужүрек ақын, ел азаттығы үшін күрескен сөз шебері Махамбеттің көркемдік әлемінде ерекше орынға ие болған, оның өзіндік азаматтық, адами болмысымен астасып жатқан, өмірімен қоса өрілген өнерімен ұштаса дамыған, рухани ұранына айналған кредосы - еркіндікке қол жеткізер бірден-бір айқын бейне – осы “ерлер” арқылы көрініс табады. Ер-азаматтың арқаланар жердегі қорғанышы мен қолдаушысы – Туған елі мен жұрты, яки ата мекені - “туған жер”, яғни қалаулы мекен - «Нарын» арқылы, ал “Батыр” - Исатай арқылы көз жеткізіледі.

Батырға тән мінез-құлық, алуан түрлі жақсы қасиеттер туралы негізінен Махамбеттің өз атынан баяндалғанына қарамастан (Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын, Шамырқансам, шатынап сынар болатпын, Ел құтқарар ер едім, Жандаспай-ақ бір тынбан; Дұшпанына келгенде тартынбай сөйлер асылмын т.б.) аталмыш макроконцептінің өзегінде (орталық нүктесінде) Исатай есімі тұрады деген тұжырым жасадық. Исатайдың ақындық қырының, қасиетінің болған-болмағаны беймәлім. Дегенмен, “Исатай – басшы, мен - қосшы”, “Исатайдың барында екі тарлан бөрі едім” деп өзін Исатаймен бір тұтастықта алып қарайтын, онсыз өзін жалғыз сезінетін ақын (Исатайдан айрылып, жалғыздықпен болдым дос, Егізімнен айрылып, Мен бір аққу болдым халықтан соң…) екі-үш өлеңін (“Әй, Махамбет, жолдасым”, “Жабығу”) сол батырдың атынан айтады.

Жалпы Махамбет өлеңдерінде Исатайдан басқа да бір қатар батырлардың есімдері аталады. Олардың қай-қайсысы да көтерілістің бел ортасында жүрген, Исатайдай басшының оң қолы, бір қанаты болған жаужүрек азаматтар:

Айтып, айтпай не пайда,

Егеулі найза өңгерген,

Азды көпке теңгерген,

Қабыланбай мен Қалдыбай,

Рысалы, Кебек жолдасым…,

Ерсары мен Қалдыбай

Екі арыстан тең өлді…,

Баласы Исатайдың Жақия-ды,

Жақия жауды көрсе ақияды т.б.

Жаугершілік заманда батырдың ажырамас, сенімді серігі болған атқа бұл рөл қазақтың халық ауыз әдебиетінде, кең мағынада алғанда мифологиялық санасында-ақ кеңінен орын берілген. Мәселен, ертегілердегі және эпостық жырлардағы: Шалқұйрық (су түбіне тасталған аса ауыр қазанды алып шығуы), Тайбурыл, Байшұбар, Қара қасқа ат, Ақ боз ат т.б. тұлпар бейнелерін еске түсірейік. Көшпелі халықтың тұрмысында маңызды рөл атқарған төрт түліктің қазақ танымындағы орны да ерекше. Әсіресе батыр ақынның шеберлігін танытуда қазақ этносы ұғымындағы “ер қанаты - ат” Махамбеттің көркемдік әлемінде “Ереуіл ат”. Осылайша «ер серігі» ретінде жаратылып бапталған «ереуіл ат» қан майданға иесімен бірге түсіп, жекпе – жекке де бірге шығып, шайқасты бірге бастап, бірге аяқтайды. Яғни «Батыр» бейнесінің салмақты бір компоненті «ат» арқылы «Күрес», «Соғыс», «Жеңіс», «Жау», «Өлім» образдары барынша айқындалып объективтеледі:

«Ереуіл атқа ер салу»,

«Ат үстінде күн көру»,

«Ат – жігіттің майданы...»,т.б.

Махамбет поэзиясында көп көрініс табатын «Жау» бейнесі. Батырдың жауы да осал емес, ол – Хан. Оның жетісіп, менменсіген кезде «бұтын көтеріп, ұртын көпіртуі»: батырдың ашуына тиеді, яғни айрықша жағымсыз эмоционалды әсер тудырады:

«Ханым, ханым» дегенге

Көтере берме бұтыңды,

Көпірте берме ұртыңды...

Жаратылысынан «ақ сұңқар құстың сойы» батыр мұндайға төзбейді, «шамырқанады». Ал «атасы жаудан қайтпаған» ер мұндайда қарап қалмайды:

«Шамырқансам, тақсыр, кетермін,

Кетпей де нешік етермін?...

Мен кеткенмен, тек кетпен...

Ашуыма көп тисең,

Өзекті жанға бір өлім,

Ордаңды талқан қылып шабармын!..

Махамбеттей «кесекті ердің сойы» «сүйегі тұтам қалғанша тартынбай сөйлейді», «шамданса жығады», шамырқанса сынады, бірақ «кәр қылады деп» дұшпанының «аяғына бас ұрмайды!», күндердің күнінде оның «басын» кеседі!»

Аяғыңа бас ұрман...

Байеке, сұлтан, ақсүйек,

Қыларың болса қылып қал,

Күндердің күні болғанда

Бас кесермін, жасырман

Махамбет танымында «өлім» концептісі бастың кесілуімен аңғартылады:

Дулығалы бас кескен,

Ту түбінен ту аған,

Жауды көріп қуанған. -

Махамбет атты батырмын!

Қазақ ұғымында үрей, қорқынышпен ассоциацияланатын «өт» сөзі («өті жарылды», «өті айрылды», «өтін алып к...іне құйды», «өтін алып аузына құйды», «жылқыда өт жоқ» (үркек, қорқақ) ақын танымында да «қыспаққа алу», «жан алу», «өлтіру» мәндерінде қолданылады. Ақын тілінде мықтының мықтыға қылар қысастығы:

Күндердің күні болғанда,

Өзіңнен мықты жолықса,

Ту сыртыңнан жармай алар өтіңді...

деген жолдармен берілсе, Асылдан туған батыр ұлдың шыдамдылығы мен бірбіткей өрлігі:

Екі жақ болып тұрғанда,

Егескен жерде шарт кетер,

Жауырынынан өтін алса да... («Ұл туса»)

деген шумақтан көрінеді.

Махамбетте махаббат тақырыбы аз жырланған деген пікірдің негізсіз екендігін оның шығармашылығындағы «ару–жар» концептісіне қатысты қолданыстар дәлелдейді:

«Ару» ақын үшін ең алдымен Батырдың бейбіт өмірдегі серігі:

Асыл туған ару («тектілік концептісі»); ақша бет ару, алма мойын ару («сұлулық концептісі»); басына жібек байлаған ару «Әлпештеген ару», «жаста қосылған ару», «алғыншы (алғаш) алған ару» («Жар» концептісі).

Бұл көркем қолданыстардың контекстуалдық семантикасына назар аударсақ, ақынның индивидуалды–авторлық ғалам бейнесіндегі «Ару» концептісінің аясы кеңейе түседі:

Алғыншы алған арудың

Ақша бетін солдырмай...

Қапыда қалған қасқамын («Өкініш»)

...Асыл туған арулар

Жанын пида етпей ме,

Шын сүйіскен теңі үшін?! (Адалдық, шын берілгендік, махаббат, «Адал жар»)

Басына жібек байлаған

Арулар кімнен қалмаған?! (Өлім» концептісіне апаратын «жалған дүние» ойсуреті);

Бұл – жыраулардан келе жатқан дәстүрлі қолданыс.

ҚР ҰҒА-ның академигі, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Зәки Ахметов қазақ әдебиеттану ғылымына айрықша еңбек сіңірген, үлкен тұлғаның бірі. Жиырма жасында университет бітіріп, жиырма үш жасында ғылым кандидаты, отыз жеті жасында ғылым докторы атанған Зәки Ахметов қазақ әдебиеттану ғылымына оннан астам монография, жиырмаға жуық ұжымдық еңбек, төртжүзге жуық мақала жазған ғұлама ғалым.

З.Ахметов сондай-ақ әдебиетші ғалымдар тәрбиелеуде, олардың ғылыми зерттеу жұмыстарына жетекшілік жасаған ұстаз екендігін танытқан тұлға. Оның жетекшілігімен бірнеше докторлық, отыз шақты кандидаттық диссертация қорғалған.

З.Ахметовтің қазақ мектептерінің 8, 9, 10 сыныптарына арналған «Орыс әдебиеті» атты оқулығының он рет қайта басылуының өзі көп нәрсені аңғартады.

Зәки Ахметов ғылымға абайтанушы болып келді. Және оны өмір бойы өзіне өнердегі ең сүйікті серігі етті. Абайтанудың төрт құбыласын (аудармасын, текстологиясын, оның сындарына деген көзқарасын, Абай мектебін, канондық мәтінін қалыптастыру) тең ете тұтас қарастырған З.Ахметовтің бұл саладағы еңбегі бірнеше зерттеуге азық боларлық тақырып.

З.Ахметовтың «Абайдың ақындық әлемі» атты монографиялық зерттеуі 1995 жылы «Ана тілі» баспасынан -272 бет көлемінде жарық көрді. Ұлы ақынның шығармашылық тұлғасын, адамгершілік қасиеттерін, ұлттық сөз өнеріне қосқан құнды жаңалықтары мен түрлік құбылыстары жөніндегі жаңа ойлары жүйеленген бұл еңбекте зерттеуші ақын мұрасын сала-салаға бөліп қарастырады.

З.Ахметов мұхтартану саласында да табанды еңбек етіп, М.Әуезовтің «Абай жолын» зерттеуге екі бірдей іргелі монографиялық еңбек арнады. 1984 жылы «Поэтика эпопеи «Путь Абая» в свете истории ее создания» деген тақырыппен шыққан монографиялық еңбегінде романның туу тарихын, жазушы лабораториясын, оның шығармашылық психологиясын, романның екі басылымын салыстыру арқылы зерттесе, 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдығы және тәуелсіздік кезеңіндегі ой еркіндігіне орай эпопеяны қайта қарап, жаңаша көзқараспен саралап шықты.

Оқырман мен әдебиетші арасындағы мәңгі мұңдасу мен сырласуды өзінің әдебиетші-теоретик ретіндегі ұстанымы ете білген Зәки Ахметов өмір бойына халықтың эстетикалық мәдениетін көтеруге, оқырманның әдеби-эстетикалық талғамын тәрбиелеуге, қалыптастыруға, дамытуға дәнекер болуға табанды түрде еңбек етті. Кеңестік кезеңде көптеген ғылыми еңбектерде бой көрсеткен шығарманың мазмұнын баяндап шығу немесе құрғақ талдау сияқты сұйықтықтан өзін таза, сырт ұстаған ғалым бос сөзділікке орын бермеген. Қандай шығарманы талдаса да оның көркемдік табиғатын тануға, ішкі жан дүниесіне үңілуге, олардың қандай бейнелеу құралдары арқылы жүзеге асырылғанына нақты мысалдар арқылы теориялық талдау деңгейінде көз жүгірткеніне куә боласыз. Ең бастысы, ғалым өзі оқып, тұщынған туындылардан тазалық, сұлулық, биік парасаттылық іздеді. Теориялық даярлығы мен эстетикалық талғамы жоғары ғалым көңіліне қонған шын мағынасындағы талантты, айтар ойы бар көркемдік құндылығы бар деген шығармаларға пікір айтуға, соның жетістігі мен кемшілігі жайлы ортаға ой салуды, сөйтіп халықтың да автордың өзінің де эстетикалық мәдениетін көтеруге көп көңіл бөлді.



Әдебиеттер тізімі

  1. Ахметов З. Абай и Лермонтов. – А.: Арда, 2008. – 160 с.

  2. Ахметов З. Таңдамалы. 1-том (құраст. М.Оразбек, М.Зәкиұлы). – А.: Ана тілі, 2008. – 280 б.

  3. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. – А.: Ана тілі, 1995. – 271 б.

  4. Абай Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. І том. – А.: Жазушы, 1995. – 336 б.

: repository -> repository2014
repository2014 -> Қазақ әдебиетіндегі Кенесары хан бейнесі Л. А. Серғазы
repository2014 -> «Қазақ» газеті 1916 жылғЫ Ұлт-азаттық КӨтерілісі кезінде
repository2014 -> Гүлназым Алғалиева ТӘуелсіздік: тіл туралы саясат және қазақ тілінің болашағЫ
repository2014 -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
repository2014 -> Томанова Марал Сериковна Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ
repository2014 -> Эльмира ибраева «АЙҚАП» журналы және ұлттық идея
repository2014 -> Салыстыру конструкцияларының семантикалық ҚҰрылымы күзекова З. С. – Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы
repository2014 -> Сұлтанмахмұт шығармашылығы академик З. Ахметов зерттеуінде
repository2014 -> Сақ Қайрат Өмірбайұлы
repository2014 -> «Зар заман» әдебиеті Зәки Ахметов зерттеулерінде С. М. Дүйсенғазин




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет